«Бәріміз де адамбыз»: ҚЗҚ-ның өткені, бүгінгі тынысы және шешілмеген түйіні
Рудныйдағы Қазақ зағиптар қоғамының (әрі қарай ҚЗҚ) оқу-өндірістік кәсіпорны талай жылдан бері тағдырдың сынына мойымаған жандарды еңбекке баулып келеді. Олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасап жатқанына биыл тура алпыс жыл! Мекемеде тігін, кір жуу және полиграфия цехтары жұмыс істеп тұр.

Оған қоса, қоғамның қалалық тобы көру қабілеті бұзылған азаматтардың күнделікті өмірге оңай бейімделуіне қолғабыс етіп, арнайы сабақтар ұйымдастыруды да жолға қойған.
Рудныйдағы көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтардың басын біріктірген ұйымның тарихы Рудный тарихымен де тамырлас. Өндірістің алты онжылдықта бастан кешкен бұралаңы аз болған жоқ. Бірақ зағип жандарды жұмыспен қамтудай абыройлы міндет өз маңызын еш жоғалтқан емес. Мекемені тізгіндеп отырған Мақсұт Фазылов Қазақ зағиптар қоғамының іргетасы әу баста 1937 жылы қаланғанын айтады.
«Ол кезде басты мақсат – зағип жандардың басын біріктіріп, олардың өз еңбегімен күн көруіне жол ашу еді. Ал Рудныйдағы бөлімшенің іргесі алғаш 1966 жылы қаланып, қазіргідей тұтас бір аумақты алып жатқан цех болмады. Цехтар қаланың әр бұрышында шашырап жатты. Кейіннен бой көтерді. Қазір болса, өз ақшамызды өзіміз тауып, зағип жандарға жұмыс беріп отырмыз. Тапсырыс алып, өнім шығарып, осы ғимараттарымызды да өз күшімізбен салдық», – деп еске алады Мақсұт Фазылов.
Кәсіпорын тапқан өз табысы есебінен жалақысын да төлейді, салығын да жабады, коммуналдық төлемдері мен жөндеу шығындарын да өзі өтейді. Осындай таршылыққа қарамастан, өндіріс тынысы тоқтаған жоқ. Қазір мұнда 30-дан астам адам маңдай терін төгіп жүр, олардың 17-сі – көру қабілеті нашар азаматтар.
Өндірістің ішкі құрылымы да өте ұтымды ұйымдастырылған. Көзі көрмейтін қызметкерлермен қатар, өндіріс тізгінін ұстап, құрал-жабдықты бақылайтын, есеп-қисапты жүргізетін көзі көретін мамандар еңбек етеді. Бұл – өндіріс ырғағының бұзылмауы үшін қажет. Өйткені әр адамның мүмкіндігі әртүрлі, ал кейбір жұмыс түрлері арнайы дағды мен қатаң техникалық бақылауды талап етеді.
Кәсіпорында қазір бірнеше өндірістік цех үздіксіз жұмыс істеп тұр. Тігін бөлігінде қолғап, көрпе, жастық, төсек-орын жабдықтары тігілсе, кір жуу цехы да өз қызметін тоқтатпаған. Ал полиграфия бөлімінде визиткалар, журналдар, буклеттер мен басқа да баспа өнімдері дайындалады. Кәсіпорынның сенімді де тұрақты серіктестерінің бірі – «ССКӨБ» АҚ. Компания бұл қоғамның өндірістік мүмкіндігін ескеріп, дайын өнімдерді келісімшарт негізінде жүйелі сатып алып келеді.
Жаңадан ашылған полиграфия цехының жұмыс істеп жатқанына үш-төрт жылдай болды. Мұнда тапсырыс берушілердің дайын макеттері мен материалдары негізінде алуан түрлі өнім дайындалады. Журналды жинақтау, беттерін реттеу, кесу, түптеу сияқты әрбір ұсақ-түйек жұмыстың артында үлкен мұқияттылық жатыр. Әр жұмысшыға дайын өнімнің әрбір кезеңі егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Қалай жинау керек, қалай кесу керек, қандай ретпен орындау қажет – мұның бәрі іс жүзінде, тәжірибемен саналады.

Тігін цехының да тыныс-тіршілігі осыған ұқсас. Бәрі пішу бөлмесіндегі дайындықтан басталады. Бас мамандар матаны өлшеп, қажетті бөлшектерін пішіп, тігіншілерге дайындап береді. Ал негізгі цехта зағип қызметкерлер осы дайын бөлшектерден қолғап, көрпе-жастық, көрпе-жапқыш және басқа да қажетті бұйымдарды тоқып шығарады.
Жұмыс қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінген: тігін машиналары арнайы қауіпсіздік шектеуіштерімен жабдықталған. Қызметкерлер жұмысқа кіріспес бұрын міндетті түрде қауіпсіздік нұсқаулығынан өтеді. Әрқайсысына өндірістік құралды дұрыс пайдалану тәртібі егжей-тегжейлі ұғындырылады. Техникалық қауіпсіздіктен өзге, мұнда адамға деген адамгершілік пен жылылық бар. Өндіріс шеберлері тапсырманы асықпай түсіндіріп, әр қызметкердің жеке мүмкіндігіне қарай бейімделуіне жағдай жасайды.
Жұмысқа деген ынта болса, мүмкіндік те табылады
Бұл кәсіпорынның басты философиясы – жұмыс істегісі келетін кез келген зағип азаматты еңбекке баулу. Бұған дейін қолына ештеңе ұстап көрмеген, белгілі бір мамандығы жоқ адам келсе де, есік тарс жабылмайды. Ең басты талап – адамның өз бойындағы ниеті мен ықыласы.
«Жаңа қызметкер алдымен цехтардың жұмысымен танысады. Бір бағыт қолайсыз болса, басқа цехқа ауыстырылады. Тігінге икемі болмаса, полиграфия немесе басқа өндірістік жұмыс ұсынылады. Шеберлер жұмысты кезең-кезеңімен көрсетіп, үйретеді. «Қолыңнан келмейді екен, қайта ғой» деп ешкімді бірден шығарып жібермейміз. Қолынан келмесе, басқа цехқа ауыстырамыз. Ең бастысы – адамның өзінде жұмыс істеуге ықылас болуы керек», – дейді ҚЗҚ басшысы.
Оның сөзінше, мұндай ортада төзімділік пен түсіністік бірінші орында тұрады. Себебі зағип азаматтардың көру деңгейі әртүрлі. Бірі жарықты ғана ажыратса, енді бірі заттарды көмескі болса да көре алады. Содан да болуы керек, әр қызметкерге ұстанылатын тәсіл де бөлек.
Кәсіпорынмен қатар Рудныйдағы Қазақ зағиптар қоғамының қалалық тобы да белсенді жұмыс істейді. Қазір оның құрамында 120-дан астам адам бар. Араларында ардагерлер мен жасы үлкен азаматтармен бірге жастар да аз емес.
«Зағип жандар төртбұрышта жалығып отырмасын, ән шырқасын, көңіл көтерсін, шахмат ойнасын деп топ неше түрлі үйірмелер, шаралар ұйымдастырады. Топтың жұмысын Наталья Геннадьевна басқарады», – деп түсіндірді Мақсұт Фазылов.
Жақында ұйым ауданы 90 шаршы метр болатын кең де жарық жаңа кеңсеге көшті. Цифрлық сауаттылық сабақтары да бар. Қатысушылар компьютер мен ұялы телефонды меңгеріп, күнделікті тұрмыста өзіне-өзі қызмет ету дағдыларын үйренуде.
Ұйым тарихындағы елеулі өзгерістердің бірі – оның атауына қатысты болды. 2025 жылдың қазан айында Қазақстан бойынша барлық қоғам мүшелері жиналып, кезекті құрылтайда ұйымның атауын өзгерту туралы тарихи шешім қабылдады. Бұрынғы «Қазақ соқырлар қоғамы» деген атау енді ресми түрде «Қазақ зағиптар қоғамы» болып өзгертілді. Қоғам мүшелерінің пайымынша, «зағип жан» ұғымы адамның қадір-қасиетіне тимей, жағдайын әдеппен, ізетпен сипаттайды. Атаудың өзгеруі – жаңа кезеңнің бастауы. Бірақ ұйымның негізгі миссиясы өзгерген жоқ. Зағип азаматтарды қоғамнан оқшауламай, олардың білім алуына, еңбек етуіне және ортаға толыққанды араласуына жағдай жасау.
Зағип азаматтардың өмір сүру сапасы тек арнайы ұйымдардың жұмысы емес. Мұнда қалалық ортаның қаншалықты қолайлы әрі инклюзивті екені шешуші рөл атқарады. Мақсұт Фазыловтың мәліметінше, Рудныйда бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Дегенмен, барлық мәселе толық шешілді деп кесіп айтуға әлі ерте.
Зағип жандар үшін дыбыстық бағдаршамдардың маңызы өте жоғары. Дәстүрлі дыбыстық сигналдар ысқырған желде немесе қолайсыз ауа райында мүлдем естілмей қалуы мүмкін. Қазір «жасыл жанды», «қызыл жанды», «өтіңіз» деп дауыстық ақпарат беретін заманауи бағдаршамдар пайда болды. Бірақ Рудныйда мұндай нысандар әлі де саусақпен санарлық. Ұйым өкілдерінің айтуынша, қалада мұндай жалғыз бағдаршам тек университет маңында ғана тұр. Бұдан бөлек, пандус, тактильді жолақтар мен жаяу жүргіншілер өткелдері сияқты инфрақұрылымның да көзі нашар көргіш азаматтардың қажеттілігіне толық бейімделуі – күн тәртібінен түспей отырған мәселе. Қоғам мүшелері қоғамдық көліктегі аялдамалардың атауын дауыстап хабарлау мәселесін де дабыл қағып көтеріп келеді. Жаңа автобустардың бірқатарында бұл жүйе іске қосылғанымен, бұл тәжірибені барлық бағытта тұрақты қолдану қажеттігі анық байқалады.
Ең бастысы, зағип адамның қоғамдағы еркіндігі мен қауіпсіздігі тек инфрақұрылымға емес, айналасындағы адамдардың жанашырлығы мен қарым-қатынасына тікелей байланысты. Қоғам басшысы рудныйлықтарға үндеу тастап, көмекке мұқтаж жанды көргенде сырттай қарап тұрмай, жанына барып, қолдау көрсетуді сұрады:
«Көзі нашар көретін адамды байқасаңыздар, қорықпай, жанына барып, «көмек керек пе?» деп сұраңыздар. Қайда бара жатқанын білмей тұрса, жол сілтеп, қол ұшын беріңіздер. Сырттай қарап тұрғаннан гөрі, жанына барып көмектескен дұрыс. Бәріміз де адамбыз!».
Уақыт өтті, нарық өзгерді, бәсеке күшейді. Бірақ еңбек етуге ниетті адамға жұмыс тауып беру міндеті өз мәнін жоғалтқан жоқ. Ал қоғамның жаңа кеңсесінде цифрлық сауаттылықты меңгеріп, күнделікті дағдыларын жетілдіріп жүрген азаматтар үшін ең маңыздысы – ортадан тыс, оқшау қалмау. Өйткені адамның мүмкіндігін оның диагнозы немесе көру қабілеті емес, қоғамның оған қандай жағдай жасай алғаны айқындайды.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО