Рудный мектебінің тың тәжірибесі.

Жасанды интеллект ұлттық тәрбиеге қалай қызмет етеді?

Қымбат Бірманова: «Мақсатымыз – ұлттық құндылықты сандық дәуірде жаңғыртып, санаға сіңіру»

Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесінің қарсаңында Рудный қаласы білім бөлімінің №8 мектеп базасында ерекше мазмұнды қалалық практикалық семинар өтті. «Сандық дәуірдегі салт-дәстүр: Жасанды интеллект ұлттық тәрбиеге қалай қызмет етеді?» деп аталған бұл алқалы жиын қала мектептерінің тәрбие ісі жөніндегі 22 орынбасары мен педагогтарына арналды. Технологияның қарыштаған қадамы мен ата-баба аманатын бір арнаға тоғыстырған бұл жоба қатысушылар тарапынан жоғары бағаға ие болды.

Мектеп ұжымы заманауи трендтерді ұлттық тәрбиенің пәрменді тетігіне айналдыра білген.

– Семинардың басты мақсаты – жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өскелең ұрпақтың бойында ұлттық кодты сақтау және құндылықтарды цифрлық тілде сөйлету. Бұл жиын мұғалімдерге технологияны тек меңгеріп қана қоймай, оны ұлттық болмысты бекемдеуге қолданудың нақты жолдарын көрсетті, – деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гульфира Жалдыбаева.

Семинар аясында қала мектептерінен келген мамандар үшін үш негізгі практикалық станция жұмыс істеді. Алғашқысы – ұлттық спорт станциясы. Мұнда қазақтың төл ойындарын жаңаша форматта дәріптеудің жолдары, дене шынықтыру мен рухты шыңдаудың заманауи әдістері таныстырылды. Ұлттық бұйымдар станциясында қолөнер туындыларының терең мағынасы түсіндіріліп, оларды цифрлық дизайнмен (графикалық бағдарламалар мен ЖИ) ұштастырудың тың идеялары ортаға салынды. Ал «Smart ұрпақ» станциясында жасанды интеллектіні қолдана отырып, ұлттық контент жасау (бейнероликтер, анимациялар) және оқушылардың креативті ойлау қабілетін арттыру мәселелері талқыланды.

Мектеп директоры Қымбат Бірманова шараның маңыздылығына тоқталып, Наурызнама онкүндігі аясындағы бұл бастама мектеп, оқушы және ата-ана үштігінің шынайы бірлігін көрсеткенін атап өтті.

– Басты мақсатымыз – көмескі тарта бастаған салт-дәстүрлерді қайта жаңғыртып, оның ізгі мәнін жас ұрпақтың санасына сіңіру. Осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, дайындық кезеңі қазаққа тән ұлттық болмыс пен табиғи құндылықтарға сүйене отырып, үлкен ықыласпен атқарылды. Іс-шараның жалғасы ретінде мектептің спорт залында бірнеше киіз үй тігіліп, ұлттық рухты сезіндіретін ерекше орта қалыптасты. Әр киіз үйде нәресте дүниеге келген сәттен бастап жасалатын салт-дәстүрлер кезең-кезеңімен көрсетіліп, олардың тәрбиелік әрі рухани маңызы қарапайым тілмен түсіндірілді. Бұл көріністер тек оқушыларға ғана емес, ұстаздар мен ата-аналарға да ұлттық құндылықтарды жаңаша қырынан тануға жол ашты. Ал шараның шырайын кіргізіп, көркін келтірген – ұлттық ойындар болды. Таяқ тартыс, арқан тартыс, асық ату, садақ ату, тоғызқұмалақ сынды ойындар арқылы қатысушылар қазақтың бай мұрасын сезініп, ерекше әсер алды, – деп түсіндірді мектеп директоры.

Мерекелік шараның тағы бір маңызды бөлігі – оқушылар мен ата-аналардың қатысуымен өткен жәрмеңке. Бұл жай ғана сауда емес, балалардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған практикалық сабақ болды. Оқушылар үнемдеуді, бюджетті есептеуді үйренсе, жәрмеңкеден жиналған қаражат мұқтаж жандарға көмек ретінде бағытталып, қайырымдылықтың өнегелі үлгісін көрсетті.

Семинардың екінші кезеңі тікелей қала мектептерінен келген педагогтарға арналды. Ер азаматтар мен тәрбие ісі орынбасарларына жасанды интеллект көмегімен дайындалған нұсқаулықтар арқылы жылқы мен қойды мүшелеу, табақ тарту сынды күрделі ұлттық дәстүрлерді меңгерту әдістері көрсетілді. Сонымен қатар, қоғамдағы өзекті мәселелер мен мектеп-ата-ана байланысын нығайту төңірегінде салмақты ойлар қозғалды.

«Келешек» мектебі мұнымен тоқтап қалмақ емес. Мектептің оқу-тәрбие жоспарына сәйкес «Сан және сөз», «Дарабоз», «Зерек бола біл» сияқты жобалар мен жасанды интеллект бағытындағы жаңа бастамалар өз жалғасын таба береді.

Биылғы Наурыз мерекесінің қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келуі шараның рухани салмағын арттыра түсті. Қымбат Исламбекқызы барша рудныйлықтарды мерекемен құттықтап, ел амандығын тіледі. Ұлттық құндылықты цифрлық дәуірдің тілінде сөйлеткен бұл шара – білім ордасының алдағы биік белестерінің жарқын бастауы болмақ.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТОВА