Рудный шаһары несімен танымал?

1949 жылы Алтай геологиялық-барлау экспедициясының ұшқышы Михаил Сургутанов «Сарыбай» шатқалының үстінен ұшып бара жатып, кенеттен компас тілінің бұрылғанын байқаған. 3 айдан кейін геологтар мен геофизиктер барлау жүргізіп, мол темір кенінің бар екенін анықтады. Сөйтіп, Соколов-Сарыбай кен өндірістік бірлестігі алғашқы кенді қаза бастағанда  қаланың да іргесі қаланған еді. Бүгінде қаланың құрылуына себеп болған компас тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы.

Қазіргі таңда Рудный шаһарының шежіре тарихынан сыр шертетін құжаттар, фотосуреттер, марапаттар мен миниатюралар тарихи-өлкетану музейінің арнайы қалаға арналған бұрышында сақтаулы. Мұражай қорында 25 мыңнан аса жәдігер қойылған. Алғашқы тың игерушілермен байланысты бұйымдар, ерекше минералды тастар мен осы өңірді мекендейтін жануарлар мен құстардың тұлыптары, тіпті ежелгі тұрмыстық заттардың қалдықтары да бар.

«Біздің қаламыз, біріншіден, Қазақстанның солтүстік өңіріндегі ірі өндіріс орны — Соколов-Сарыбай кен байыту бірлестігімен танымал болса, екіншіден, қала тұрғындарымен дер едім. Үшіншіден, қаламыздағы азық-түлікпен халықты қамтамасыз етіп отырған сүт өнімдерін шығаратын «Село Лесное», оның ішінде елімізге танымал «Таң» сусыны, одан қалды сыра, тәтті сусындармен қамтамасыз етіп отырған «Арасан» ЖШС қазақстандықтар арасында беделге ие. Сонымен қатар, қала тарихы Қазақстанға белгілі композитор, әнші Қайрат Нұрғазин есімімен тікелей байланысты. Айта берсек, тізім көп», – дейді тарихи-өлкетану музейінің әдескері Мансұр Ибрагимов.

Кеншілер қаласында комбинат пен қала шежіресінде нағыз еңбек майталмандарының, білікті мамандардың қолтаңбасы қалды. Рудныйдың шежіре тарихымен қатар, оның кемел болашағы, тамаша жетістіктері көңіл қуантады.

«Рудный қаласы пайда болғаннан кейін адамдарға қызмет көрсететін, денсаулығын бақылайтын медициналық мекеме пайда болды. Ең бірінші, осы медицина қызметкерлерін еске алған кезде денсаулық сақтау ісінің үздігі Амангелді Жантеміров еріксіз ойға оралады. Бәріміз білетіндей, Комсомол көшесінің қиылысында осы Амангелді дәрігердің есімімен аталатын көше бар. Себебі, бұл кісі сол медициналық мекемеде қызмет етіп, ең алғашқы құлақ дәрігері қызметін бастап, халыққа үлкен еңбек сіңірген»-, деп бөлісті музей әдіскері.

Кеншілер қаласының келешегі кемел болатынына сеніміміз мол. Облысымыздың ғана емес, республикамыздың ірі өндірісті өңірі рудный шаһарының шежірелі тарихы кейінгі ұрпақ жадына сақталарлықтай таңбалап отыруымызды талап етеді. Осы тұста қаламыздың бай таңбалы тарихын музейден табасыздар!

Зерде Жеңіс

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *