Облыстық спартакиадада рудныйлық спортшылар үшінші орынды иеленді
Денисовка төрінде өткен жарысқа 20 команда қатысып, 2000-нан астам спортшы бақ сынады. Рудный қаласының атынан 130 спортшы өнер көрсетті. Қаламыздың спортшылары бірнеше спорт түрінен жүлделі орындарға ие болып, командалық есепте қола медальді еншіледі. Жеңімпаздар қатарында Қостанай мен Қостанай ауданының құрамалары бар. Келесі жылы дода Арқалықта өтеді.
Қостанай облысының дәстүрлі 38-спартакиадасы 31 шілде мен 3 тамыз аралығында Денисов ауданының орталығы Денисовка ауылында ұйымдастырылды. Байрақты бәсекеде 4 қала мен 16 ауданның командалары сынға түсті. Жалпы саны 2000-нан астам спортшы 17 спорт түрінен өзара мықтыны анықтады. Рудный қаласының намысын қорғауға 130 спортшы шықты.
Нәтижесінде, Рудный құрамасы 339 ұпай жинап, жалпы есепте үшінші орынға тұрақтады. Бірінші орынды қатарынан 13-рет Қостанай қаласының командасы (352 ұпай) жеңіп алды. Екінші орын Қостанай ауданына (344 ұпай) бұйырды.
Рудныйлықтар төмендегідей нәтиже көрсетті:
- 1 орын – еркін күрес, асық ату, пневматикалық қарудан ату
- 1 орын (ерлер) / 4 орын (әйелдер) – жеңіл атлетика
- 2 орын – ерлер және әйелдер арасында баскетбол, дзюдо (микс)
- 3 орын – велоспорт, шахмат, тоғызқұмалақ (ерлер)
- 4 орын – волейбол (ерлер), грек-рим күресі
- 3 орын – волейбол (әйелдер)
- 5–7 орын – бәйге
- 6 орын – аударыспақ
- 6–7 орын – көкпар
- 7 орын – қазақ күресі
- 8 орын – әйелдер күресі
Спартакиада төзімділік пен бірліктің сыналар алаңы. Рудный спортшыларының жеңісі жүйелі дайындықтың, табандылық пен командалық рухтың жемісі. Алда Арқалық қаласында өтетін келесі дода тұр. Бастысы межені жоғары қойып, жеңіске деген сенімді жоғалтпау.
Арай АХМЕТ,
сурет қалалық әкімнің баспасөз қызметінен ұсынылды