Рухани жаңғыруға бастайтын жоба

«Кітапта бүкіл рухани байлық бар» – Рудныйлық кітапсүйер әулет үлгісі

«Кітап оқитын ұлт» жобасы – Қазақстан Республикасы халқы арасында тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыруға, сыни және талдамалық ойлауды дамытуға, сондай-ақ кітапты барлық жас және әлеуметтік топтар үшін басты білім көзі ретінде дәріптеуге бағытталған ауқымды зияткерлік-ағартушылық бастама.

Жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұсынған «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып келеді. Оның негізгі миссиясы – Қазақстанды әлемдегі ең көп кітап оқитын он елдің қатарына енгізу, бала кезден бастап тұрақты кітап оқу әдетін қалыптастыру.

Қазіргі таңда жоба пилоттық негізде үш өңірде жүзеге асырылуда: Қарағанды облысы, Қостанай облысы және Шымкент. Жоба бірнеше бағыттан тұрады: «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын оқушы». Әр санатқа жеке-жеке 15 кітаптан ұсынылған.

«КІТАП ОҚИТЫН ӘУЛЕТ» САНАТЫ БОЙЫНША ҚАТЫСУШЫЛАРҒА ТӨМЕНДЕГІ 15 КІТАП ҰСЫНЫЛҒАН:

  1. Абайдың қара сөздері
  2. Менің атым ҚожаБердібек Соқпақбаев
  3. Бір атаның балаларыМұхтар Мағауин
  4. ГауһартасДулат Исабеков
  5. Азаматтық адалдық – Сағат Әшімбаев
  6. Парасат майданы – Төлен Әбдік
  1. Талтүс – Таласбек Әсемқұлов
  2. Шуақты күндер – Зейнеп Ахметова
  3. Әке туралы ой-толғау – Қасым-Жомарт Тоқаев
  1. «Таң шапағаты» (халықаралық бестселлер)
  1. Өзіңмен күрес – жетістікке жет
  1. Хатико – Лесли Ньюман
  2. Жас жігітке өмір туралы ашық хат – Андре Моруа
  3. Тиыннан теңге құраған бала – Рон Либер
  1. Он бес жасар капитан – Жюль Верн

Қатысушы отбасы осы 15 кітапты толық оқып, әрқайсысы бойынша жеке пікір жазуы тиіс. Сонымен қатар жоба соңында арнайы тест тапсырып, қазылар алқасының бағалауынан өтеді. Қорытынды марапаттау рәсімі сәуір айында жоспарланған. Жүлде қоры да қомақты: бірінші орынға – 1 миллион теңге, екінші орынға – 600 мың теңге, үшінші орынға – 400 мың теңге.

Жобаға Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназия оқушы-ата-аналары да белсене қатысуда. Солардың бірі – Лунара Мұханова.

Лунара Есенбаевна жеті адамнан тұратын үлкен отбасының анасы: жолдасы, төрт баласы және енесі бар. Қазіргі уақытта енесі науқастанып, ауруханада жатыр. Жолдасы қызметте, балалар сабақта. Осындай қарбалас тіршіліктің ортасында жүрсе де, ол жобаға бел буып қатысқан.

Ол жоба туралы мектептегі ата-аналар тобы арқылы білген.

– Алғашында «15 кітапты алты айда оқу қиын емес пе?» деген күмән болды. Дегенмен үйдегі бар кітаптардан бастап, біртіндеп барлығын оқуға кірістім. Қолымда тек «Шуақты күндер» мен «Абайдың қара сөздері» болды. Қалған кітаптарды мектеп кітапханашылары, таныстарым, ұстаздар көмегімен тауып алдым. Соңғы кітапты тіпті арнайы тапсырыспен алдырдым, – дейді ол.

Отбасы 15 кітапты түгелдей бір адам емес, бірге оқиды. Мысалы «Менің атым Қожа», «Хатико», «Он бес жасар капитан» – балаларға арналған шығармаларды ұлымен бірге оқып, талқылаған. Ұлы алтыншы сыныпта оқиды, жоба аясында бірнеше кітапты өзі оқып шыққан. «Абайдың қара сөздері» де баласының оқу тізімінде бар.

Лунара Есенбаевна балаларды кітапқа қызықтыру үшін кейде шағын ынталандыру тәсілдерін қолданатынын жасырмайды. «Бастапқыда тәттімен қызықтырсам да, кейін өздері кітаптың құндылығын түсінеді» дейді ол.

– Ерекше әсер қалдырған кітаптардың бірі – Әке туралы ой-толғау. Бұл еңбектен ата-ана тәрбиесінің маңызын, білімге деген талаптың биіктігін терең түсіндім. Қасым-Жомарт Тоқаевтың анасының көрегендігі, баласының білім алуына жасаған жағдайы маған үлкен ой салды.

Сондай-ақ «Талтүс» кітабы арқылы күй өнерінің тарихы мен құдіреті жайлы тың мәліметтер алдым. Өзім де домбыра тартамын, сондықтан болар «Талтүс» ерекше рухани олжа болды, – деп әсерімен бөлісті кейіпкеріміз.

Жоба оңайға соқпаған. Үй шаруасы, жұмыс, бала тәрбиесі – барлығы уақытты талап етеді. Кей күндері түнде оқуға тура келген. Бір сәт тіпті кітапты тек сыйақы үшін оқып жүргендей сезініп, өз-өзіне ренжіген кезі де болған. Бірақ кейін рухани байлықтың материалдық дүниеден әлдеқайда жоғары екенін түсініп, қайта жалғастырған.

Жобаға қатысушылар арнайы сайт арқылы тіркелген. Бастапқы кезеңде техникалық қиындықтар да болған. Кейбір жазылған пікірлер жүйеде сақталмай қалған. Соған қарамастан, қатысушылар табандылық танытқан.

Қазылар алқасы жазбалардың мазмұнына, тереңдігіне, жеке ой қорыту деңгейіне мән береді. Жасанды интеллект көмегіне жүгіну фактілері де анықталғандықтан, шынайылық басты талап ретінде белгіленген.

– Дамыған елдерде бір адам жылына орта есеппен 15 кітап оқиды екен. Сондықтан жобаға дәл осы сан негіз етіп алынған. Байқау  кезінде қатысушыларға арнап жиналыс өткізген болатын. Сонда көбісі “Неге 15 кітап? Көп емес пе” деп сұрақ қойды. Меніңше, аз емес. Кітапта бүкіл рухани байлық бар. Бұл байлықтың барлығы өмір бойына сақталады және оны ешкім ала алмайды. Рудныйлықтарға, жалпы қазақстандықтарға айтарым – кітап оқып, балаларымызға үлгі болайық, дамыған елдер қатарына қосылайық, – деп түйіндеді сөзін Лунара Мұханова.

Бүгінде Қостанай облысында бұл бастама қоғамда кең қолдау тауып келеді. Жетінші мектептен екі отбасы қатысып отыр.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы – сана жаңғыруы. Бір әулеттің мысалында кітап оқу отбасылық дәстүрге айналып, ұрпақ тәрбиесінің өзегіне айналып отырғанын көреміз.

Рухани байлық – ең асыл қазына. Кітап оқыған ұлт қана кемел келешекке нық қадам басады.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТОВА,

суретті түсірген Даниил САЕНКО