Рудный қаласының төтенше жағдайлар басқармасы ата-аналарға үндеу жариялады
Жаз мезгілінің басталуымен бірге тұрғын үйлердегі балалардың қауіпсіздігі мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты. Осыған байланысты, балалардың терезеден құлап кетуі секілді қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында Рудный қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы арнайы үндеу жариялап, ата-аналарға маңызды ескертулер жасады.
Рудный қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері, аға лейтенант Мұхтархан Сапарғали жаз мезгілінде балалардың терезеден құлап кету қаупі айтарлықтай артатынын атап өтті. Мұндай оқиғалар көбіне ауыр жарақаттарға немесе орны толмас қазаға әкеп соқтырады. Сондықтан әрбір ата-ана ең басты қағиданы жадында ұстауы тиіс: масаға арналған тор баланы құлап кетуден ешқандай жағдайда қорғамайды. Балалар бұл торды берік тірек ретінде қабылдап, оған сүйенетінімен, ол баланың салмағын көтере алмайды.
Қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында төмендегі қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет:
Балалардың терезе алдында ойнамауын толықтай қамтамасыз ету;
Терезесі ашық бөлмеде балаларды ешбір жағдайда қараусыз қалдырмау;
Терезелерге арнайы бұғаттағыш бекітпелер орнату және олардың ашылуын үнемі қадағалау.
«Кейде бірнеше секундтық қараусыздықтың өзі орны толмас үлкен қайғыға алып келуі мүмкін. Балалардың қауіпсіздігі – ересектердің жауапкершілігінде. Әрбір үй қауіпсіздік пен амандыққа толы болғай», – деді Мұхтархан Сапарғали.
Қазір Рудный қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы тарапынан қалада ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылармен мақсатты іс-шаралар қолға алынып, тұрақты түрде рейдтік жұмыстар ұйымдастырылуда. Көппәтерлі тұрғын үйлерде тұрғындарға балаларды қараусыз қалдырмау, терезелерге бекітпе орнату қажеттілігі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, мамандар қажет болған жағдайда тұрғындарға бұғаттағыш бекітпелерді орнатып беру көмегін де көрсетуде.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылдың басынан бері қалада мұндай жазатайым оқиғалар тіркелген жоқ. Алайда, өткен жылы қала аумағында балалардың терезеден құлауына байланысты алты оқиға тіркеліп, оның екеуі қайғылы жағдаймен аяқталған. Ал қалған төрт бала әртүрлі дәрежедегі ауыр жарақаттар алған.
Аға инженер Мұхтархан Асылбекұлының сөзінше, қазіргі уақытта арнайы қауіпсіздік бекітпелері барлық дүкендерде қолжетімді бағада сатылады. Сол себепті, әрбір отбасы бұл құрылғыларды өздігінен сатып алып, үйлеріне орната алады. Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар басқармасында көпбалалы отбасылардың арнайы тізімі бекітілген және қазіргі уақытта сол тізім бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы санаттағы отбасылардың 20 пайызы арнайы қауіпсіздік бекітпелерімен қамтамасыз етілді.
Рудный қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы қала тұрғындары мен ата-аналарға тағы да үндеу тастап, балалардың өмірі мен денсаулығына бейжай қарамауға, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО