Сын сағаты

Рудныйдағы жаңа білім шаңырағы халық қалаулыларының қатаң бақылауында

Оқу жылының соңғы қоңырауы соғылған айтулы күні Рудный қаласына Қостанай облыстық мәслихатының депутаттары арнайы жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулылары Махаббат Жұтаев, Ерлан Әлкенов, Руслан Мамедов, Александра Сергазинова және Рудный қалалық мәслихатының төрағасы Азамат Ысқақов қаланың әлеуметтік тыныс-тіршілігімен танысып, маңызды нысандарды аралады.

Депутаттардың басты назары – пайдалануға берілгеніне көп бола қоймаған, сыйымдылығы 900 оқушыға арналған жаңа №8 жалпы білім беретін мектепке ауды. Бұл білім ошағының кеншілер шаһары үшін орны бөлек, стратегиялық маңызы өте жоғары. Себебі, мұндағы бала тәрбиесі мен оқу үдерісі толығымен мемлекеттік тілде жүргізіледі.

Аталған мектептің бой көтеруіне мемлекет қазынасынан 6,9 миллиард теңге көлемінде қыруар қаржы жұмсалған. Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен сарапшылардың пайымдауынша, бұл жоба дәл осындай үлгідегі өзге типтік мектептермен салыстырғанда шамамен 40 пайызға қымбатқа түскен.

Құрылысты мойнына алған бас мердігер – «Антариум групп» компаниясымен арадағы түсініспеушілік пен келеңсіздіктер ғимараттың іргетасын қалап, қадасын қаққан алғашқы күннен-ақ басталған. Осының салдарынан нысанды пайдалануға беру мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Серіктестік басшылығы мектепті алдымен өткен жылдың 1 қыркүйегінде, сосын желтоқсанда, кейін қаңтар айында ашуға уәде беріп, сөзінде тұра алмады.

«Жобаның тым ұзаққа созылып кетуі тұрғындар арасында орынды наразылық пен алаңдаушылық тудырғаны жасырын емес. Халық бұл қара шаңырақтың ашылуын тағатсыздана күтті. Тіпті, оқу жылының ортасында балаларды әуре қылмай, келесі жылдың 1 қыркүйегін күту туралы да ұсыныстар болды. Бірақ таза ана тілімізде тәлім беретін мектепке деген сұраныстың жоғары болғаны сондай, бұл істі бұдан әрі созуға дәтіміз бармады. Тәуекелге бел байлап, мектепті ақпан айында іске қостық. Нәтижесінде 415 өрен оқу жылының аяғына дейінгі төрт ай бойы осы жерде еш іркіліссіз, сәтті білім алды», – деп атап өтті Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко.

Сапар барысында облыстық мәслихат депутаттары мердігердің артында қалған «тосын сыйларын» өз көздерімен көрді. Шатырдың жобасы қысы-жазы қатты қатал солтүстікке емес, көбіне оңтүстік өңірлерге арналып есептелгендей. Еріген қар мен жаңбыр суы сыртқы суағарлар арқылы емес, ғимараттың ішінен өтетін төрт ішкі құбыр мен шұңғыма арқылы ағады. Көктемде күн жылынып, қар ери бастағанда, жылы бөлмелердің ішіндегі осы құбырларда қалың конденсат түзіліп, қабырғалардан сыз тартқан. Плитка төсеу сапасына, жоспарлау шешімдеріне және ішкі әрлеу жұмыстарына қатысты да сұрақтар шаш етектен.

Осындай күрделі жағдайда толыққанды оқу үдерісін қалай ұйымдастыру мүмкін болғанын мектеп директоры Қымбат Бірманова баяндап берді:

«Қиындықтар аз болған жоқ, бірақ біз тығырықтан жедел жол табуға тырыстық. Бұл жағдай балалардың білім сапасына көлеңке түсірген жоқ. Мысалы, интернетке қатысты мәселелер туындағандықтан, әкімшілікке модемдерді өз қаражатына сатып алуға тура келді. Сантехника, суық су және шатырға қатысты ұсақ техникалық кемшіліктердің барлығы сабақ аяқталғаннан кейін, қатаң түрде түстен кейін жойылып отырды. Біз әрбір ақауды мұқият фотосуретке түсіріп, актілер толтырып, тапсырыс берушіге жолдап отырмыз».

Қала әкімі Виктор Ионенко бұл мәселеде қатаң әрі ымырасыз ұстаным танытты. Ол мектеп басшылығы мен Темірхан Жайлыбаев бастаған қалалық білім бөліміне мердігер барлық олқылықтарды 100 пайыз жоймайынша, ғимаратты қала теңгеріміне қабылдау туралы ешқандай құжатқа қол қоймауды нақты тапсырды.

Виктор Ионенко, Рудный қаласының әкімі:

«Интернетті ретке келтірсін, плиткаларды қайта жасап, сызды жойсын. Қала бұл құрылыстың тапсырыс берушісі емес. Тапсырыс беруші – облыстық құрылыс басқармасы. Олар процесті бақылады, енді заң жүзінде мердігерді сот арқылы кемшіліктерді түзетуге мәжбүрлесін».

Құрылыс саласындағы келеңсіздіктерге қарамастан, №8 мектеп өзінің қажеттілігі мен өміршеңдігін дәлелдеп үлгерді. Сонымен қатар, депутаттар осы мектептің мысалында маңызды әлеуметтік үрдісті атап өтті: бүгінде Рудный қаласы мемлекеттік тілде білім алуға деген қызығушылықтың артуы бойынша облыс көлемінде бірегей өсім қарқынын көрсетіп отыр.

Мамандардың мәлімдеуінше, қалада тұрақты әрі қуанарлық үрдіс қалыптасқан: өзге ұлт өкілдері мен орыстілді отбасылар да өсіп келе жатқан ұрпақ үшін мемлекеттік тілді сапалы меңгерудің маңыздылығын жете түсініп, балаларын балабақшаның қазақ топтарына және бірінші сыныптарға саналы түрде беріп жатыр. Қара шаңырақтың келешегі кемел, ал құрылыстағы олқылықтардың орны заң аясында толықтай толтырылатын болады.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО