Туған күніңмен, сүйікті қалам!

Рудный 68 жылдық мерейтойын қалай атап өтті?

Тамыздың шуақты күнінде Рудный қаласы өзінің 68 жылдық мерейтойын ерекше сән-салтанатпен қарсы алды. Таңғы сағат 11:00-де басталған мереке спорт пен салауатты өмір салтын дәріптеуден өрбіді. Осы күні көптен күткен жаңа дене шынықтыру сауықтыру кешендері – «Sokol» мен «Sarybai»-дың ресми ашылуы өтті.

Одан кейін халық жаңа спорттық кешендерді тамашалауға ағылды. Қала тұрғындарының айтуынша, бұл – балалардың спортпен айналысуына зор мүмкіндік сыйлаған, келешекке салынған игі қадам.

«Бұрын бұл жер бос, қаңырап жататын. Енді міне, екі бірдей еңселі кешен бой көтерді. Іші кең, спортшыларға барлық жағдай жасалған, арнайы медициналық кабинеті де бар. Біз осы қалада туып-өстік, сондықтан Рудныйымыздың гүлденіп, дамып жатқанына қуаныштымыз. Әрине, мұнымен шектеліп қалмай, бәріміз бірігіп еңбек етсек, қаламыз одан әрі көркейеді», – дейді отбасылы Дүйменбаевтар.

ҰЛТТЫҚ РУХ ПЕН СПОРТ МЕРЕКЕСІ

Мерекелік күн аясында ашық қалалық турнирлер ұйымдастырылды. Ерлер мен әйелдер арасында өткен волейбол бәсекесі, дзюдо мен баскетбол жарыстары, сондай-ақ қазақша күрес сайыстары спорт сүйер қауымның назарын аударды. Әсіресе «Sarybai» кешеніндегі қазақша күрес ұлттық рухты асқақтата түсті.

Тек спорт емес, өнер де қала күнінің көркін қыздырды. Сағат 12:00-де Достық паркінде ата-аналар мен балаларға арналған ойындар, үйірмелер көрмесі және концерттік бағдарламалар басталды.

15:00-ге дейін жалғасқан сахналық қойылымдарда жас өнерпаздар ерекше шабытпен өнер көрсетті. «Көңілді күн» әнін шырқаған бүлдіршіндер көрерменге шаттық сыйласа, «Палитра» би ұжымы нәзік қимылымен көпшілікті тәнті етті. Ал «Алтын домбыра»студиясының тәрбиеленушілері халық күйін әуезді жеткізді.

«Бүгін сахнаға 14 бала шықты. Олардың ішінде 7 ұл және 5 қыз бар. Қатысушылардың бәрі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №19 және Міржақып Дулатұлы атындағы №15 мектептің оқушылары. Жас өнерпаздар қазіргі таңда көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген «Ер-Тұран» күйін орындады. Айта кетерлігі, бүгінгі өнер көрсеткендер ең кіші топқа жатады. Олардың жасы 9 бен 11 аралығында», – дейді студия мұғалімі Дарина Нұрланқызы.

ОТБАСЫЛАРДЫҢ БІРЛІГІН НЫҒАЙТҚАН САЙЫС

Сағат бірге таяғанда саябақта балалар тәрбиелік-сауықтыру кешенінің ұжымы дайындаған «Біз – команда» атты отбасылық спорттық-сауық бағдарламасы өтті.

Сайыс үш бөлімнен тұрды. Бірінші бөлім – өзара қарым-қатынас пен командалық жұмысқа арналды. Екінші бөлім – ұлттық сипаттағы ойындарды қамтыды. Ал үшінші бөлімде көңілді сәттерге толы «клоундық футбол» ұйымдастырылып, дәл осы ойында жеңімпаз команда анықталды.

«Бұл іс-шараны ұйымдастыру туралы өтініш мәдениет бөлімінен түсті. Бағдарламаны Балалар тәрбиелік-сауықтыру кешенінің ұжымы дайындады. Шараға үш команда қатысты, әр команда екі отбасынан құралды. Олар қызыл, көк және қара-ақ команда болып бөлінді. «Қара-ақ» атауы да кездейсоқ қойылған жоқ: бір отбасы қара түсті, екіншісі ақ түсті киім киіп келгендіктен осылай аталып кетті. Жалпы алғанда барлығы алты отбасы, сәйкесінше алты бала қатысты. Шараның басты мақсаты – отбасылардың бірлесе уақыт өткізуіне жағдай жасау. Қазіргі заманда әркім жұмыспен немесе өз шаруасымен әлек болып, бірге жиналуға сирек мүмкіндік табады. Осындай мерекелер болса да, бір сәтке барлығын жақындастырып, туыстық қарым-қатынасты нығайтады. Бүгінгі бағдарламаға қатысқан отбасылар бір сағат уақытын болса да бірге өткізіп, қуанышпен бөлісіп, құшақтасып, шаттыққа бөленді. Бұл – шынымен де қымбат әрі бағалы сәт деп айтуға болады», – дейді бөлім меңгерушісі Нұргүл Ибрашева.

Кендебаевтар, Таубалдиевтер, Әбілжаровтар, Чех, Жұманбаевтар және Берегендер отбасылары қатысқан сайыс шынайы достық рухында өтті. Арқан тартысып, садақ атып, би билеген әр отбасы арнайы сыйлыққа ие болды.

«ARTQALA» – ӨНЕР МЕН ШАБЫТ АЛАҢЫ

Қала мерекесін сәндеген тағы бір шара – «ArtQala» көрмесі. Космонавтов даңғылы бойында балалардың салған суреттері қойылып, қазақы нақыштағы туындылар көпшіліктің көңілін баурады. Жәрмеңке аясында ұлттық киімдер, қолөнер бұйымдары да ұсынылды.

«Дарын» студиясының шәкірттері халық алдында сурет салып, өнерін паш етті.

«Бұл іс-шараға төрт бала қатысты, бірақ қатысқысы келгендер өте көп болды. Балалар офлайн түрде сурет салып отыр. Бұл жолдан өтіп бара жатқан адамдарды қызықтыру үшін, балаларды шабыттандыру үшін жасалып отыр. Әрі жаз мезгілі болғандықтан, көңілді тақырыптарды таңдадық. Мәселен, тотықұс, күнбағыс. Әрине, қаламыздың бір көрнекті нысаны – ескерткіш те бейнеленді. Балалар түрлі техникаларды қолданды: кенепке акрил бояуларымен, борлармен, майлы пастельмен және қарындаштармен сурет салды», – дейді үйірме жетекшісі Татьяна Фадтыхова.

«Осы іс-шара туралы бізге мұғаліміміз айтты. Дарын үйірмесіне қатысамын. Әр түрлі үйірмелер бар: сурет салу, домбыра, неше түрлі. Осы іс-шараға кеше дайындалдық, техникасын көрсетті. Өте қызық. Ұнайды өзіме», – деп жас суретші Гүлнұр Келнезарова әсерімен бөлісті.

КЕШКІ МЕРЕКЕ

Қала әкімі Виктор Ионенко халық алдына шығып, ресми құттықтауын жеткізді. Ол қаланың даму барысын атап өтіп, жаңа мектептердің ашылатынын, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың бой көтеріп жатқанын ерекше атап өтті.

«Біздің қаламыз өз тарихымен, еңбек дәстүрлерімен және қуатты өндірістік әлеуетімен мақтана алады. Бүгінгі таңда Рудный сенімді дамып келеді: жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда, заманауи кәсіпорындар салынып жатыр, жаңа жұмыс орындары құрылуда. Алда бізді одан да ауқымды жобалар күтіп тұр. Соңғы екі жылда 70-тен астам пәтер салынып, пайдалануға берілді. Жаңа тұрғын үйлердің құрылысы жалғасуда, иесіз қалған ғимараттар қайта жөнделуде. Көпқабатты үйлердің қасбеттері, шатырлары жаңартылуда. Биыл жаңа жағажай ашылды. Тағы бір маңызды оқиға – екі бірдей дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы. Олар қала тұрғындарының белсенді әрі салауатты өмір салтының орталығына айналмақ. Сонымен қатар, субұрқақтар іске қосылып, көшелерді жөндеу және абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Қаламыз барған сайын жайлы әрі заманауи бола түсуде. Мұның бәрі – туған қаламыздың болашағына сенетін, бірлігі жарасқан тұрғындардың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Ерекше көңіл жас ұрпаққа бөлінуде. 2025 жылы 900 және 1200 орындық екі жаңа мектеп ашылады. Бұл – балаларымыздың сапалы білім алуы мен тәрбиесі үшін жаңа мүмкіндіктер.Сөзсіз, Рудныйдың басты байлығы – оның адамдары.Осы мерекелік күні біз қаланың іргетасын қалаған ардагер-құрылысшыларға шын жүректен алғыс айтамыз. Олардың төзімділігі мен адалдығы барлық ұрпаққа үлгі болды. Рудныйдың мақтанышы – «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» акционерлік қоғамы. Өткен жылы ол өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтті, ал биыл «Темір» дивизионының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Бұл – біздің тұрақтылықтың символы әрі еңбек жетістіктерінің үлгісі. Қаланың тарихындағы тағы бір маңызды бет – 70 жылдық мерейтойын атап өткен үшінші кеніш құрылысы. Бұл оқиға қала дамуына қосқан зор үлестің, құрылысшылардың адалдығының айқын мысалы. Бұл мерейтойлар Еңбек жылы аясында ерекше мәнге ие. Біз еңбек адамдарының еңбегін қайта дәріптеп, еңбек әулеттерімен мақтанамыз, жастарға жұмысшы мамандықтарына құрметпен қарауды үйретеміз. Әрқайсыңыз өз еңбегіңізбен қаламызды өмірге толтырып, алға жылжыттыңыздар. Қымбатты рудныйлықтар! Қаламыз дамып, гүлдене берсін! Қала өмірінде жаңа мүмкіндіктер мен қуанышты сәттер көп болсын! Баршаңызға мықты денсаулық, бақыт, бейбітшілік пен отбасылық амандық тілеймін», – деп тілегін білдірдә қала әкімі.

Әкімнің құттықтауынан кейін қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар еңбектері үшін марапатталды. Олардың қатарында:  «Рахат-2018» ЖШС жұмысшысы Сания Барлыбаева, «Рудный водоканалы» ЖШС-нің бульдозер машинисті Виктор Брейтенбехер, «Қалалық мәдениет және демалыс паркі» МКК жабдықтарды пайдалану және жөндеу жөніндегі техник Тимур Нұрмұратов, «Рудный жылу желілері» ЖШС қондырғыларды жөндеу және жылу жүйелерін қызмет көрсету жөніндегі слесарь Ринат Михайлов, «L-Trading» ЖШС-нің КТК қайта өңдеу жөніндегі операторы Мақсұт Нұрышев.

Әкімнің құттықтауынан кейін сахна төріне «ССКӨБ» АҚ-ның бас директоры Сергей Кузьменко көтеріліп, салтанатты марапаттау рәсімін жалғастырды. Қала өміріндегі әлеуметтік бастамаларды қолдау мақсатында бірқатар маңызды сертификаттар табысталды. Алдымен бой көтеріп жатқан «Сокол» және «Сарыбай» спорттық-сауықтыру кешендеріне қажетті жабдықтарды сатып алуға арналған сертификат  қалалық дене шынықтыру және спорт бөліміне берілді. Келесі кезекте инклюзивті білім беруді дамытуға арналған қолдау кабинетін жабдықтау сертификаты №1 орта мектепке және №2 балабақша басшылығына табысталды.

ЖҰЛДЫЗДЫ КОНЦЕРТ ПЕН ОТШАШУ

Кештің шарықтау шегі – Raim мен Marhaba Sabi қатысқан үлкен концерт болды. Қала тұрғындары сүйікті әншілерін ыстық ықыласпен қарсы алды. Ұзынкөлдік қонақ Әмина Әкімжанова мерекеден әсерін жеткізді.

«Мен алғаш рет Рудный қаласының туған күніне арналған мерекеге қатыстым және ең алдымен ұйымдастырылуына қатты таңғалдым. Сахна әдемі, ыңғайлы биіктікте орнатылып, үлкен экрандар көрермендерге толық мүмкіндік берді. Халық көп болғанына қарамастан, қала тұрғындары мен қонақтарына деген қамқорлық әр сәттен байқалды. Жүргізушілер харизмасымен көрерменді баурап, мерекенің көңілін көтерді. Әртістер де ерекше әсер сыйлады: Marhaba Sabi алғаш рет Рудный сахнасында жарқыра, Raim өз хиттерімен бүкіл қаланы билетті. Концерттен кейін лазерлік шоу басталып, әуен мен жарық жұртты сүйікті әндерге билеуге шақырды. Мерекенің дәстүрлі нүктесін әсем отшашу қойды. Аспан жарқыраған түстерге бөленіп, ғажайып көрініске айналды. Бір сөзбен айтқанда, мереке тамаша өтіп, біз шат көңілмен үйге қайттық», – деді.

Осы күні әрбір тұрғын Рудныйдың тек өндірісімен ғана емес, өнерімен, мәдениетімен, спортпен де өркендеп келе жатқанын айқын сезінді. Қала күні – өткенге тағзым, бүгінге қуаныш, ертеңге үміт сыйлаған мереке болды.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

cуреттерді түсірген

Милена ПОТОРОЧИНА,

Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *