Тілектер шыршасы

Бірер күннен кейін барша адамзат қауымы үшін ең қызыққа толы, сиқырлы, арман-тілектер орындалатын Жаңа 2023 жыл кіріп келмек. Бұл мерекені, әсіресе, балалар ерекше ықыласпен күтетіні анық.

Биыл жылдағы әдетінен жаңылмаған «ССКӨБ» АҚ «Тілектер шыршасы» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Басты мақсат – еңбек ұжымын игілікті іске жұмылдырып, қамқорлықты қажет ететін кішкентай балақайларға тосый сый жасау.

Бұл жолы да кеншілер Рудныйлық балалар үйі мен мектеп-интернаттың тәрбиеленушілерінің Аяз атаға жазған тілек-хаттарын оқып, онда жазылған барлық балалық армандарды орындады. Қайырымдылық акциясынан «Қашар кені» АҚ қызметкерлері де тыс қалмады. 110 хаттың 20-сын қашарлықтар алып, сыйлықтарын әзірледі.

Осылайша кеше кәсіпорын белсенділері, Аяз ата мен Қарша қыз кішкентай достарына қонаққа барып, әрбір хат иесіне сыйлықтарын табыстады. Бұл күні балаларға базарлығын әкелген үлкендер үшін де, ойдағы сыйлығына қол жеткізген бала үшін де мерекелі, берекелі күн болды.

– «Жетім көрсең, жебей жүр» дейді халық даналығы. Әрине, ата-ананың жылуы көрмеген балаға мемлекет қамқорлығын аяған емес. Бірақ олар үшін бастысы қарны тоқтық, көйлегі көктік емес, бастысы – көңіл. Сол себепті біз тек осындай сиқырлы мерекелерде ғана емес, жай күндері де тұрақты түрде келіп немесе өзімізге қонаққа шақырып, балақайлармен әңгіме-дүкен құрып тұрамыз, – дейді кеншілер.

Айзат ИБРАГИМОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *