Мектеп оқушылары Ахмет Байтұрсынұлы мұрасын ойын арқылы таныды
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні қарсаңында «Достық» паркінде қала мектептерінің оқушыларына арналған танымдық квест өтті. Шараның басты ерекшелігі – Ахмет атамыздың мол мұрасын балалар ойын арқылы танып, тапсырмалар арқылы зерделеді.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп ұжымы бұл күнге тыңғылықты дайындалып, «Байтұрсынұлы әлемі» жобасы аясында кезекті бесінші іс-шараны өткізді. Бұл жолы мерекеге сегіз мектептен 5-сынып пен 8-сынып оқушылары қатысып, жеті аялдамадан тұратын танымдық саяхатқа аттанды.
Әр аялдамада оқушыларға Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына, ұлт руханиятындағы орнына қатысты тапсырмалар берілді. Мәселен, бір аялдамада балалар оның «Әліппе» еңбегін сахналық қойылым арқылы таныстырса, екіншісінде «Тіл құралы» кітабындағы грамматикалық ережелерді ойын түрінде орындады. Үшінші аялдамада жасөспірімдер Ахаңның ағартушылық жолын бейнелейтін сұрақтарға жауап беріп, оның шәкірттерге қалдырған өсиеттерін талқылады.
Іс-шара барысында оқушылар тек білімдерін шыңдап қана қоймай, топпен жұмыс істеу, пікір алмасу және шығармашылық қабілеттерін де дамытты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы танымдық саяхат балалардың туған жердің тарихи тұлғаларына деген қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды жаңаша қырынан тануға жол ашады.
«Біздің мақсатымыз – балаларды жалықтырмай, ойынды да, білімді де ұштастыру. Өйткені таным мен қызығушылық қатар жүрген жерде ғана оқушының есінде ұмытылмас әсер қалады. Ахмет Байтұрсынұлы тек әліпби жасаған ғалым емес. Ол – ұлттық әдебиеттің дамуына үлес қосқан ақын, көсемсөз өнерінде өрнек қалдырған публицист, әлемдік әдебиетті қазақша сөйлеткен аудармашы. Біз осы қырларын жеті аялдамаға бөліп, әр аялдамада ойын түріндегі тапсырмалар дайындадық. Ойын мен білімді ұштастырған мұндай формат балалардың тарихи санасын серпілтіп, ұлттық руханиятқа деген қызығушылығын оятуға бағытталды», – дейді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №19 мектеп директоры Гүлжазира Смағұлова.
Оқушылар үшін квест нағыз шытырманға айналды. Олар пазл жинап, мысалдарды талдап, суреттерді сөйлетті. Әр топ өз аялдамасынан жаңа біліммен, ерекше эмоциямен шықты.
««Аудармашы» аялдамасында пазл жинап, «Түлкі мен қарға» мысалын талдадық. Бұрын білмеген көп дүниені үйрендім. Ахмет Байтұрсынұлының алғашқы кітабы мысалдарға арналғанын енді білдім», – дейді қуанып 8-сынып оқушысы Аякөз Тәжібаева.
«Осындай іс-шараға бірінші рет қатысып тұрмын. Ақпарат аялдамасында тапсырмалар орындадық. Көп нәрсе үйрендік. Мереке өте ерекше өтті», – деп әсерімен бөлісті тағы бір оқушы Фариза Нұрғалиева.
Ұйымдастырушылар оқушылардың белсенділігіне ерекше ризашылықтарын білдіріп, квесттің білім мен ойын элементтерін ұштастыруы олардың тарих пен әдебиетке деген ынтасын күшейтетінін атап өтті. Мұндай шаралар жас буынға Ахаңның тұлғасын жақындатып қана қоймай, өз халқының рухани қазынасын қадірлеуге тәрбиелейді.
Ал ең үлкен сыйлық – Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл білімінің мәселелері» атты құнды еңбегі болды. Бұл кітап оқушылар үшін жай ғана марапат емес, қазақ тіл ғылымының тереңіне жетелейтін, ой-сананы байытатын нағыз қазына іспетті. Балалардың қолына тиген бұл сый олардың бойында ұлт ұстазының мұрасына деген құрмет пен қызығушылықты одан әрі арттыра түсті.
Бұл шараның тағы бір айрықша қыры – оған өзге ұлт өкілдерінің де белсене қатысуы болды. Қазақ тілін үйреніп жүрген балалар өз білімдерін сынап қана қоймай, қызығушылықпен ойынға араласты. Бұл жайт тіл мерекесінің шын мәнінде баршаға ортақ екендігін айқын көрсетті.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген
Сұлтан СЕРТАЕВ