«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы»

Би аға гимназиясында қазақ тіліне заманауи көзқарас қалыптастырып жүрген жас педагог

Қазіргі ұстаз – заманауи технологияны меңгерген, оқушыны ізденіске жетелейтін жаңашыл тұлға. Осындай талапқа сай жас маманның бірі – №7 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, «Жас медиа» клубының жетекшісі Нұрсила Мейірімханова.

Нұрсила Мақсатқызы – осы білім ордасының түлегі. Ол 2018–2020 жылдары Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетін филология мамандығы бойынша үздік тәмамдаған. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін туған мектебіне қайта оралып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бере бастайды.

– Ат айналып қазығын табар деген бар ғой. Сол сияқты айналып келіп, ұстаздық жолмен қатар журналистика саласында да қызмет атқардым. Мектепте жұмыс істей жүріп, қаламыздағы жергілікті телеарна – “ТВС” (Қазір “Рудный дауысы”) диктор ретінде шақырылып, жаңалықтар бағдарламасын жүргіздім. Бұл тәжірибе кәсіби көкжиегімді кеңейтіп қана қоймай, кейіннен оқушылармен жұмыс барысында медиа бағытты тиімді қолдануыма үлкен мүмкіндік берді.

Мен өзімді шығармашыл адаммын деп есептеймін. Бір орында отырып қалу мен үшін қиын. Журналистика – шабыттың, еркін ойдың, үздіксіз қозғалыстың ортасы. Егер шығармашылық тұрғыдан қарайтын болсақ, бұл сала маған өте жақын. Дегенмен балаларға, шәкірттерге деген махаббатым одан кем емес, – дейді Нұрсила Мақсатқызы.

2023–2024 оқу жылы Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясы үшін ерекше табысты кезең болды. Қазақстан халқына арналған қордың бағдарламасы аясында мектеп 250 миллион теңге көлемінде қаржыландырылып, толықтай заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталды. Парта мен орындықтардан бастап, интерактивті тақталар, робототехника кабинеті, жаратылыстану бағытындағы пәндерге арналған заманауи зертханалар, «Абайтану» кабинеті, арт-студия және телестудия ашылды.

– Осы мүмкіндіктердің нәтижесінде мектеп қабырғасында 2023-2024 оқу жылында «Жас медиа» клубы құрылды. Журналистика саласынан тәжірибесі бар маман ретінде мені аталмыш клубтың жетекшісі әрі телестудия басшысы болып тағайындады. Кабинет кәсіби камералармен, жарық құралдарымен, түсіруге арналған техникалармен жабдықталып, толыққанды телестудияға айналды.

Қазіргі таңда телестудия жұмысына 7–11 сынып аралығындағы оқушылар белсенді қатысады. Олар оператор, монтажер, жүргізуші, корреспондент бағыттары бойынша тәжірибе жинақтайды. Сонымен қатар мектеп қабырғасында «Мектеп тынысы» атты газет жарық көреді. Басылымның өз редакторлары, тілшілері бар. Оқушылар мектепте өтіп жатқан түрлі іс-шаралардан репортаж жасап, сұхбат алып, ақпараттық материалдар әзірлейді.

Бізде үйірме жұмысы сабақтан өзгеше форматта өтеді. Мұнда 10 пайыз теория болса, 90 пайызы – тәжірибе. Балалар дәл осыны жақсы көреді. Бірсарынды отырыс жоқ, үнемі қозғалыс, шығармашылық ізденіс бар, – дейді үйірме жетекшісі.

Клуб жұмысы басталғалы бері мектепке келген әрбір қонақпен сұхбат жүргізу дәстүрге айналған. Ардагер ұстаздармен, түрлі сала мамандарымен кездесулер ұйымдастырылып, олардың ой-пікірлері, өмірлік тәжірибесі бейнематериал ретінде архивке сақталады. Бұл материалдар мектептің YouTube арнасы мен Instagram желісіндегі парақшаларына тұрақты түрде жүктеліп отырады.

Үйірме жұмысының ерекше бағыттарының бірі – bookрtrailer түсіру. Оқушылар көркем шығармаларға бейнетрейлер дайындап, әдеби туындыларды жаңа форматта таныстырады. Аталған жұмыстар республикалық деңгейде жоғары бағаланып келеді. ЮНЕСКО аясында ұйымдастырылған bookрtrailer байқауы бойынша оқушысы Дильназ Абдрахманова Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» шығармасына арнаған жұмысы үшін І орынды иеленді. Сондай-ақ қалалық және облыстық сайыстарда да жүлделі орындарға қол жеткізді.

Жас маманның өзі де кәсіби байқауларда табысты өнер көрсетіп жүр. Ол «Үздік жас маман» байқауында бірінші орынды, қазақ тілі пәні бойынша ашық сабақ сайысында қалалық деңгейде екінші орынды иеленген.

– Қазіргі таңда оқушылардың қазақ тіліне деген қызығушылығы айтарлықтай артты. Бұрын сән деп өзге тілде сөйлеуді таңдаса, бүгінде таза, көркем, әдеби қазақ тілінде сөйлеу мәртебеге айналып келеді. Біз, ең алдымен, өзіміз үлгі болуымыз керек, – деп түсіндірді филолог.

Нұрсила Мақсатқызы Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген қағидасын ұстанады. Ол шәкірт бойына адамгершілік пен адалдықты сіңіруді басты мақсат деп біледі.

– Мұғалім – барлық мамандықтың бастауы. Журналист те, дәрігер де, инженер де алдымен ұстаздан білім алады. Әр істі жүрекпен және жауапкершілікпен атқарсаң, мамандығың әрқашан қадірлі болады, – деді педагог.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *