Тәртіп тұрақты

Рудныйда «Учаске» жедел профилактикалық іс-шарасы жалғасуда

1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін елімізде «Учаске» республикалық жедел-профилактикалық іс-шара өтуде. Оның басты мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті нығайту және құқықбұзушылықтың алдын алу. Рудный қаласында іс-шараның барысы туралы жергілікті полиция қызметінің бастығы Ерлан Абдульманов хабарлады.

– Бұл шара елімізде дәстүрлі түрде өткізілетін науқан. Биыл ол 1 қарашаға дейін жалғасып, барлық жеке құрамы шараға жұмылдырылған. Апта ішінде учаскелік инспекторлармен қатар күн сайын қосымша 18 қызметкер қатысады. Ал сенбі күндері қалалық полицияның барлық қызметкері тұрғын үйлерді барынша қамту мақсатында жұмысқа шығарылады.

Тексеру барысында заң бұзушылық анықталған жағдайда, кінәлі азаматтарға тиісті шара қолданылады. Сонымен қатар көші-қон заңнамасын бұзғандар, тіркеусіз тұрып жатқан азаматтар және тұрақты мекенжайы жоқ адамдарға ерекше назар аударылады.

Инспекторлар тұрғындардың жеке шағымдарына да жедел жауап беріп, түскен ақпаратты дереу тексереді. Мысалы, өткен аптадағы рейд кезінде отбасылық жанжал анықталып, учаскелік инспектор шақырылды. Оқиға орнына келген қызметкер бұзақыны жауапқа тартып, алкогольдің әсерінде болған ер адамды айықтырғышқа жеткізді.

– Іс-шара барысында жиі анықталатын құқықбұзушылықтар қандай?

– Ең жиі кездесетіні – тіркеусіз тұру. Әсіресе жалдамалы пәтерлерде тұратын азаматтар көбіне тіркеусіз өмір сүреді. Мұндай жағдайларда тіркеусіз тұру мерзіміне сәйкес ескерту жасалады немесе айыппұл салынады.

Рудный қаласында барлығы 51 әкімшілік аумақ бар. Бұл учаскелерде 50 032 көпқабатты пәтер және 4 508 жеке үй орналасқан, яғни жалпы 54 540 тұрғын үй тіркелген. Қазіргі уақытта 17 мыңнан астам баспана тексеріліп, оның ішінде 16 113 пәтер және 1 220 жеке үй қамтылған, бұл жалпы көлемнің 31,7 пайызын құрайды.

– Тұрақты мекенжайы жоқ азаматтармен жұмыс қалай жүргізіледі?

– Бұл бағыттағы жұмыс саяжай массивтері мен бау-бақша серіктестіктерінде де жүргізілді. Сол аумақтардың бірінде бұрынғы кеңестік төлқұжаты бар, Қазақстан азаматы ретінде тіркелмеген әйел анықталды. Оның жағдайы зерттеліп, қажетті кеңес беріліп, полиция басқармасына жеткізілді. Қазіргі уақытта қажетті құжаттар жинақталып, тиісті мекемелерге сұраныс жолданған.

Кейбір азаматтар құжат рәсімдемей, тіпті 30 жыл бойы сол күйінде өмір сүре береді. Мұндай жағдайда біз олардың себебін анықтап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қолдау көрсетеміз.

Құжаты жоқ адамдармен жұмыс бұрыннан жүргізіліп келеді, себебі бұл – ерекше топқа жататын азаматтар. Көпшілігі бұған дейін құжаттанған. Заңға сәйкес, егер адамның бұрын жеке құжаты болған болса, оны қабылдау-тарату орталығына мәжбүрлі түрде жіберу мүмкін емес. Ал егер мүлде құжаты жоқ болса, сот шешімімен 30 тәулікке дейін бостандықты шектеу шарасы қолданылып, ол тұлға қабылдау-тарату орталығына жеткізіледі. Қызметкерлер адамның жеке басын анықтап, құжат жинайды. Кейін оған жеке басын растайтын анықтама беріледі және ол көші-қон бөліміне барып, жаңа құжат рәсімдеуі тиіс. Егер адам шынымен де құжат алуға ниетті болса, біз бұл процесті аяқтауға көмектесеміз.

Дегенмен тәжірибе көрсеткендей, мұндай адамдардың көбісі құжат алған соң бұрынғы өмір салтына қайта оралады. Олар қайта тексеріліп, нәтижесінде қайтадан көшеде өмір сүруді таңдайды. Бұл олардың өз еркі. Мемлекет оларға бейімделу мүмкіндігін ұсынады. Мысалы, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға арналған Бейәлеуметтендіру орталығы бар, онда негізгі талаптар – ішімдік ішпеу және тәртіпті сақтау.

Қыстың суығында мұндай орталыққа уақытша келіп, бірнеше күн не апта тұрып шығатындар көп. Алайда, өкінішке қарай, олардың көбісі қайтадан ішімдікке салынып, орталықтан шығарылып, көшеде қалады. Мәжбүрлі емдеу олардың денсаулық жағдайына байланысты мүмкін бола бермейді.

 

Гүлім МҰРАТ,

суретті ұсынған Рудный қалалық ПБ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *