Шекара шебіндегі сарбаз – ел қорғаны

Әскер – әр жігіттің азаматтық биігін айқындайтын өмір мектебі

Қазақстанда 18 тамыз – мемлекеттік шекараны күзетіп, ел мүддесін қорғап жүрген азаматтардың мерекесі – Шекарашылар күні атап өтіледі. Шекара қызметі әрқашан ерліктің, антқа адалдықтың және әрбір азаматтың қауіпсіздігі үшін айрықша жауапкершіліктің символы болып қала береді.

Қазақстандық шекарашылар қойылған міндеттерді жоғары деңгейде орындап, кәсібилігін, табандылығын және Отанға адалдығын көрсетіп келеді. Мереке қарсаңында шекара қызметінде әскерде болған рудныйлық Асхат Серікбековпен сұхбаттасқан едік.

Рудный қаласының қорғаныс істері бөлімінде техникалық қызметкер болып еңбек етіп жүрген Асхат өткен жылы шекара қызметінде әскери борышын өтеп қайтқан. Бала күнінен сардар болуды армандаған жас жігіттің әскер жолына түсуі де кездейсоқ болмаған. Әскерге алғашқы барған сәтін де толқыныспен еске алады.

«Балалық шағымнан шекарашылардың қызметіне қызығушылығым ерекше еді. Отбасымызда да бұл салада қызмет еткендер болды. Шекараны қорғау – мемлекеттің тәуелсіздігі мен тыныштығын күзету деген сөз. Сондықтан өзімді дәл осы салада сынағым келді.Алғашқы күні әріптестеріміз бізді жылы қабылдады. Алдымен бір жылдық қызметтің қалай өтетіні, қандай міндеттер күтіп тұрғаны түсіндірілді. Тіпті туыстарымызбен сөйлесуге уақыт та берілді. Әрине, толқу болды, бірақ сонымен қатар ерекше мақтаныш сезімі де болды.Барлығы тәртіппен өтетін. Таңғы тұру, дене шынықтыру, таңғы ас, кейін оқу-жаттығулар. Негізгі міндетіміз – мемлекеттік шекараны күзету. Мен постта тұрдым, нарядқа шықтым. Сонымен бірге атыс жаттығулары, саптық дайындық, далалық оқу-жаттығулар жиі өткізілетін», – деп сөзін жалғастырды Асхат.

Алғашқы айлар жас сарбаз үшін бейімделу тұрғысынан оңай болмаған.

«Ең қиыны – қалыптасқан еркіндіктен бас тартып, тәртіпке толық бағыну. Бірақ әскердің мақсаты да сол ғой. Жігерді қайрау, сабырды шыңдау. Уақыт өте бәріне үйренесің», – дейді Асхат.

Қызмет барысында Асхатқа келісімшартпен қалу да ұсынылған. Жалақысы жоғары, әрі білімді жалғастыру мүмкіндігі де болған. Бірақ ол азаматтық салада еңбек етуді жөн көріп, үйіне оралады. Қазір Рудный қалалық қорғаныс істері бөлімінде техникалық қызметкер болып жұмыс істейді. «Бұл жер де әскермен байланысты, тек басқа қырынан. Жұмыс тыныш, бірақ жауапкершілігі көп», – дейді кейіпкеріміз.

Асхаттың пайымынша, нағыз шекарашы – тәртіпті, төзімді әрі ұжымға сүйене білетін жан.

«Әдетте бұл салаға нағыз ынтасы бар, өз қалауымен келгендер түседі. Денсаулығы, шыдамдылығы, тәртібі жоғары болуы шарт. Ең алдымен тәртіпті, мұқият әрі төзімді болуы керек. Сонымен қатар ұжыммен жұмыс істей білуі де маңызды. Себебі шекараны қорғау – ұжымдық жауапкершілік. Әрбір шекарашыға үлкен сенім артылған», – деп өз ойын жеткізді.

Шекарашылар күні қарсаңында Асхат Серікбеков барша шекарашыларға ақжарма тілегін жеткізді.

«Шекара шебінде тұрған азаматтарға амандық тілеймін. Қызметтеріңіз жеңіл, еңбектеріңіз жемісті болсын! Ең бастысы, әрдайым туған үйге аман-есен оралыңыздар. Жастарға айтарым, әскерден қорқудың қажеті жоқ. Ол – тәртіпке, отансүйгіштікке баулитын үлкен мектеп», – деп түйіндеді ол.

Асхаттың әңгімесінен аңғарғанымыз, әскерден өткен әр азаматтың болмысы шыңдалады. Ал шекара шебінде қызмет ету – одан да үлкен сынақ. Бұл жолды таңдаған жастардың жүрегінде отанға деген махаббат бірінші орында тұруы тиіс.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *