ЮНЕСКО-ға мүше болды

Рудный қаласындағы Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясы Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтарының Федерациясына қабылданып, «Қазақстандық ЮНЕСКО клубының мүшесі» мәртебесіне ие болды.

2009 жылдан бері елімізде жұмыс жасайтын Қазақстандық ЮНЕСКО Клубтары Федерациясына бүгінде 155 республикалық мектеп пен қосымша білім беру ұйымдары мүше. Негізгі мақсат – дарынды балалар мен жастарды қолдау, мәдениетаралық диалог пен өзара түсіністікті дамыту, сонымен қатар әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға көмек беру, халықаралық елдер арасындағы өскелең ұрпақтың достығын нығайту. Федерацияның бас кеңсесі Алматы қаласында орналасқан.

– ЮНЕСКО-ға мүше бола отырып оқушыларымыздың республикалық деңгейдегі мәдени-көпшілік шараларға, байқауларға тегін қатысуына мүмкіндік аламыз. Осылайша өрендердің жарқын істері жалғасын тауып, соңы серпінге ұласады деген үміттемін. Алдағы уақытта осы бағытта нақты жұмыс жоспарын бекітіп, жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізбекпіз. Ең бастысы, мектептің дарынды, өнерлі оқушылары өз өнерлерін, таланттарын республикалық деңгейде көрсете алады. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. «Халық пен халықты – адам мен адамды теңестіретін нәрсе білім» деп жазушы Мұхтар Әуезов бекер айтпаса керек-ті, – дейді мектеп директоры Қымбат Бірманова.

Айта кетейік, 2010 жылы бой көтерген білім ордасы гимназия статусын 2016 жылы алған. Бұл – Қостанай облысындағы Қазақстандық ЮНЕСКО клубының мүше жалғыз мемлекеттік тілде білім беретін мектеп.

Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *