Қаңтарда қанша қылмыс жасалды?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты биылғы Жолдауында қасіретті қаңтар оқиғасына ерекше тоқталып, Бас прокуратураға бірқатар тапсырмалар берген болатын.

– Қазақта «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деген сөз бар. Біздің парызымыз – қанды қылмыс жасалғанын ұмытпай, барлық содырлар мен лаңкестерді жазаға тарту. Халқымыз осы оқиғадан сабақ ала білуі керек. Елдің тыныштығын бұзып, қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекетке ешқашан жол бермеуге тиіспіз, – деді Мемлекет басшысы.

Жуырда Бас Прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен өткен алқа отырысында осы және басқа да мәселелер таразы талқысына түсті.

Жыл басынан бері Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін прокурорлар күшін «қаңтар трагедиясының» себептері мен егжей-тегжейін анықтауға, террорлық шабуылдар мен жаппай тәртіпсіздіктердің ұйымдастырушылары мен белсенді қатысушыларын анықтауға бағыттады.

Бүгінгі күні осы оқиғаларды тергеу нәтижелері бойынша сотқа 474 қылмыстық іс жолданып, жаппай тәртіпсіздік жасау, ұрлық, тонау, қаруды сақтау және алып жүргені үшін 717 адам сотталған.

Отырыста жыл басынан бастап прокурорлар ерекше тәртіп негізінде аса ауыр қылмыстар бойынша 570 айыптау актісін толтырғаны мәлім болды.

Бас прокурордың сөзіне сенсек, жыл басынан бері 1077 тұлғаға қатысты негізсіз қылмыстық қудалау тоқтатылды. Қызметтік үй-жайлардан және уақытша ұстау изоляторларынан 512 адам босатылды.

– Прокурорлардың бастамасы бойынша 634 адамға қатысты сот үкімдері заңға сәйкестендірілді, 130 сотталушының жағдайы жақсарды, 15-і ақталды.

Әлеуметтік-экономикалық салада прокурорлардың актілері бойынша 8 мыңнан астам заң бұзушылық жойылды.

Бюджетке 15 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды. Әр түрлі жауапкершілікке 14,5 мың адам тартылды, – деп атап өтті Берік Асылов.

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы айшықталған отырыста кедендік реттеу және сұйытылған мұнай газы нарығы саласында тәртіп орнатылғаны де белгілі болды. Мүгедектердің құқығы, еңбек құқығы, кәсіпкерлік саласындағы бұзушылықтар биыл да прокурорлардың назарынан тыс қалмады.

Отырыс соңында қадағалаушы орган алдында тұрған міндеттердің ауқымдылығы мен маңыздылығына назар аудара отырып, Берік Асылов прокурорлардан азаматтардың конституциялық құқықтарын, бизнес пен мемлекет мүддесін кешенді қорғауға, сондай-ақ қылмыстылықпен күресте үйлестіруші ролін күшейту керектігін талап етті.

Айзат ИБРАГИМ

газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *