Тұрғын үй бағдарламалары жайында
Әр отбасының шаңырақ көтеріп, өз баспанасына ие болуы – уақыт талабы. Қазақстанда тұрғын үйге қол жеткізуді жеңілдететін түрлі мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып жатыр. Олар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, құрылыс саласын дамытуға да серпін беруде. Әсіресе, жастар мен әлеуметтік әлсіз топтарға бағытталған жобалардың тиімділігі айқын байқалуда.
Қолжетімді тұрғын үй бағдарламалары – табысы төмен және орташа азаматтарға қолжетімді әрі лайықты баспана алуға көмектесу үшін жасалған бастамалар. Бұл бағдарламалар тұрғын үй бағасының қымбаттауы мен халықтың оны сатып алу немесе жалға алу мүмкіндігінің арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған.
Бағдарламаларға қатысу үшін белгілі бір талаптарға сай болу қажет: табыс деңгейі, отбасы құрамы, жеке тұрғын үйінің бар-жоғы, еңбек өтілі және т. б.
«Бізде жаңа тұрғын үйді «50/50» бағдарламасы бойынша, сондай-ақ екінші деңгейлі нарықтағы үйді алуға арналған бағдарлама бар. Рудный қаласында да, Қостанайда да, облыс орталығының басқа өңірлерінде де қарастыруға болады. Бағдарлама стандартты шарттар негізінде жұмыс істейді. Ол үшін салымшыда «Баспана» депозиті болуы тиіс. Оның жылдық мөлшерлемесі – 2%, оған қоса мемлекеттен белгілі бір сомаға 20% сыйақы беріледі. Депозит бойынша салымшы жылына кемінде 200 АЕК жинауы қажет.
Жаңа бағдарламалардың ішінде «Қостанай жастары» бар. Өткен жылы бұл бағдарлама Рудныйда іске асырылды. 140 өтінімнің ішінен 20 қатысушы осы бағдарлама арқылы баспанаға қол жеткізді. Қазір Рудный қаласы әкімдігімен жаңа келісім жасалуда. Бұл бағдарламаның ерекше талабы – Қазақстан Республикасының азаматы болу, жасы 34-тен аспау. Міндетті түрде кемінде 6 ай тұрақты жұмыста еңбек етуі және Қазақстан бойынша өз атына тұрғын үйінің болмауы қажет», – деді «Отбасы банк» АҚ бірінші санатты маманы Айса Сапарғалиев.
Қостанайда ең жоғарғы несие сомасы – 18 млн теңге, Қостанай облысының басқа өңірлерінде – 15 млн теңге. Бастапқы жарна – қарыз сомасының 10%. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 5% (ЖТСМ 5,2%-дан 5,7%-ға дейін). Несие мерзімі – 19 жылға дейін. Несие мақсаты: бастапқы және екінші нарықтағы тұрғын үйді, сондай-ақ «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігі болған жағдайда салынып жатқан нысандардағы пәтерлерді сатып алу.
Жыл соңында «Наурыз» бағдарламасы қолжетімді болады. Бұл бағдарлама бойынша пайыздық мөлшерлеме – әлеуметтік топтар үшін 7%, қалғандары үшін – 9%. Астана мен Алматыда несие сомасы 35 млн теңгеге дейін, басқа өңірлерде – 30 млн теңгеге дейін. Егер алғашқы нарықтағы таза әрлеуі бар пәтер алынса, бастапқы жарна – 10%, қарапайым әрлеуі бар болса – 20%. Несие мерзімі – 19 жылға дейін. Сонымен қатар, міндетті түрде «Баспана» депозитінде кемінде 2 млн теңге болуы шарт.
Бағдарламаға қатысудан бас тартуға себеп – бұзылған кредиттік тарих немесе табыстың болмауы. Басқа себеп қарастырылмайды. Кредиттік тарих пен соңғы 6 айдағы жалақы тексеріледі. Міндетті талап – 18 жастан асу және кемінде 6 ай тұрақты жұмыс орнында еңбек ету.
Кеңес алу және банк өнімдері туралы сұрақтар бойынша CALL-орталыққа хабарласуға болады: – 300, ұялы телефоннан тегін – 8 8000 801 880.
Бағдарламалардың негізгі мақсаты – азаматтарды қолжетімді әрі жайлы тұрғын үймен қамтамасыз ету, тұрғын үй құрылысына серпін беру, тұрғын үй нарығын дамыту және қолайсыз жағдайда тұратын халық санын азайту. Сондай-ақ, әлеуметтік тұрақтылықты қолдау мен халықтың өмір сүру сапасын арттыру маңызды міндеттердің бірі болып саналады.
Қолжетімді тұрғын үй бағдарламалары тұрғын үй мәселелерін шешуде және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарады, көбірек адамға баспана алуға немесе тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Тұрғын үй мәселесі – халық үшін ең өзекті тақырыптардың бірі. Мемлекеттік бағдарламалар осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған. Қолжетімді баспанаға қол жеткізу – тек жеке адамның арманы емес, елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен дамуының басты кепілі.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ