Қолөнер – тәрбие құралы

Рудныйлық балабақшада ұлттық құндылықтар инновациялық алаңның негізіне айналды

Бүгінгі таңда мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесінде баланың интеллектуалды дамуымен қатар, оның ұлттық бірегейлігін қалыптастыру басты орынға шықты. Осы орайда, Рудный қаласы білім бөлімінің №15 балабақшасында 2024 жылдан бастап іске қосылған Ұлттық калейдоскоп облыстық инновациялық алаңы ерекше маңызға ие болып отыр. Бұл жоба – бабалар аманатын бүлдіршіндердің санасына сіңірудің озық үлгісі.

Инновациялық алаңның басты мақсаты – қазақтың ұлттық қолөнерін балалардың бойына кішкентайынан дарыту арқылы патриоттық тәрбие беру. Ал негізгі міндеті – балаларды өз бетінше шығармашылық жұмысқа баулу, еңбекқорлыққа тәрбиелеу және эстетикалық талғамын арттыру.

Балабақшадағы тәрбие процесі толығымен мемлекеттік тілде жүргізіледі. Қазіргі таңда мекемедегі 100 тәрбиеленушінің барлығы осы инновациялық жобаға тартылған. Олар төрт бағыт бойынша кешенді білім алуда.

– Инновациялық алаңдағы жұмыс тек теориямен шектелмейді. Мұнда балалар нақты қолөнер түрлерін меңгеруде. Тоқыма өнері: Балабақшада арнайы кіші және үлкен тоқу станоктары орнатылған. Балалар ата-бабамыздан қалған алаша тоқу өнерін меңгеріп, кілемшелер жасауға машықтануда. Жүнмен жұмыс: Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап жүн өңдеу технологиясы енгізілді. Балалар жүннің қалай алынатынын, қалай боялатынын көріп, фетрден түрлі бұйымдар жасауды үйренді. Зергерлік шеберхана: Мұнда бүлдіршіндер қағазға эскиз сызудан бастап, дайын материалдардан сырға, білезік секілді әшекейлер құрастырады. Бұл баланың ұсақ моторикасын дамытып, төзімділікке баулиды. Ою-өрнек әліппесі: Тәрбиешілер әр оюдың мағынасын (мысалы, «тұмарша» оюының мәні) түсіндіріп, олардың қолданылу аясын үйретеді. Қай оюды бас киімге, қайсысын көрпешеге салу керектігін балалар жастайынан ажырата біледі.

Жобаның ерекшелігі – мекеме жанынан құрылған «Әжелер мектебі», «Аналар мектебі» және «Әкелер мектебінің» белсенділігінде. Тәрбиешілер мен ата-аналардың бірлескен жұмысының арқасында балалар жеке дара назардан тыс қалмайды. Әсіресе, күрделі қолөнер жұмыстарында аналар мен әжелердің көмегі ұрпақтар сабақтастығын нығайта түсуде, – деп түсінік берді балабақша әдіскері Дәмдігүл Сұлтан.

Балабақшаның 13 жылдық тәжірибесі бар әдіскерлері мен білікті педагогтары жобаның ғылыми-әдістемелік негізін қалаған. Әрбір сабақ алдында мұғалімдер өздері зерттеу жүргізіп, технологияны жетік меңгергеннен кейін барып балаларға үйретеді.

Инновациялық алаң аясындағы сабақтар айына бірнеше рет үлкен жиын ретінде және күнделікті топтық жұмыстар ретінде ұйымдастырылады. Балалар өз қолдарымен жасаған ойыншықтарымен балабақша ішінде ойнап, еңбектің нәтижесін сезінеді.

Мұндай жобалар баланың тек шығармашылығын ғана емес, оның ұлттық рухын шыңдайтын нағыз тәрбие мектебіне айналып отыр.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО