Қыстың қамын жазда ойлайтын маман иесі

Рудныйлық жылу желілерінің дәнекерлеушісі: Аманжол Байбусиновтың еңбек жолы мен күнделікті қызметі

Үйіміздің жылы, шәйіміздің ыстық болуы – біз үшін үйреншікті жайлылық. Алайда, осы жайлылықтың артында қарапайым еңбек адамдарының қажырлы қайраты тұрғанын көп жағдайда ескере бермейміз.

Бүгінгі әңгімеміз – қалалық жылу желілерінің қалыпты жұмысын қамтамасыз етіп, құбырларға «жан бітіріп» жүрген жоғары санатты маман, «Рудный жылу желілері» ЖШС 5-разрядты электр дәнекерлеуші Аманжол Байбусинов туралы.

Аманжол Байбусинов Қазақстанға 2019 жылы көршілес Өзбекстан Республикасынан Қазақстанға біржола қоныс аударған.

 – Tлімізге, атажұртымызға балаларымыздың ертеңі үшін оралдық. Қазақ ретінде Отанымыздың өркендеуіне өз үлесімізді қосып, жерімізде еңбек еткіміз келді, – дейді ол өткен күндерді еске алып.

Өзбекстанда жүрген кезінде ол комбинатта 14 жыл еңбек еткен тәжірибелі жұмысшы болған.

 – Қазақстанға келген соң да еңбек жолын тоқтатпай, түрлі мекемелерде жұмыс істедім. Алдымен жергілікті компанияда қызмет атқарып, мекеме жабылып қалғаннан кейін жаңа жұмыс іздеуге тура келді. Кейін таныс слесарь достарымның кеңесімен Рудный жылу желілеріне жұмысқа орналастым.

Дәнекерлеуші керек, жалақысы да, жұмысы да жақсы деген соң келдім. Өзіме ұнады. Осы мекемеде жұмыс істеп жүргеніме бір жыл болды, – дейді ол.

Аманжолдың негізгі қызметі – жылу және ыстық су жүйелеріндегі құбырларды дәнекерлеу.

 – Қала тұрғындарының үйлеріне жылу мен ыстық судың үздіксіз жетуіне тікелей үлес қосамыз. Дәнекерлеуші ретінде біздің басты мақсатымыз – халықты жылумен және ыстық сумен үздіксіз қамтамасыз ету. Қыстың қақаған 20–30 градус аязында да біз далада жұмыс істейміз. Тұрғындар кейде біздің еңбегімізді байқай бермеуі мүмкін, бірақ әрбір үйге жылу барғанда біз өз міндетіміздің орындалғанын сезінеміз, – дейді маман.

– Дәнекерлеушінің бір күні қалай өтеді? Таңертеңгі наряд алудан бастап, дәнекерлеу жұмыстарына дейінгі аралықты баяндап бере аласыз ба?

 – Бір күндік жұмыс кестеміз темірдей тәртіпке негізделген.

Жұмыс күні таңғы 7:30-да басталады. Ең алдымен медпунктқа кіріп, тексерілеміз. Жұмысқа жарамды дегеннен кейін ғана жұмысқа кірісеміз. Одан кейін шеберден наряд алады. Яғни, сол күнгі жұмыс тапсырмасы беріледі. Содан кейін бригада мүшелері өз учаскесінде тексеру жұмыстарын жүргізеді. Қай жерде ақау бар, не істелуі керек – соны қараймыз. Одан кейін дайындық жұмыстары басталады. Қажетті құралдар мен материалдар әзірленеді. Бандаж, керек құралдарды дайындап қоямыз.

Жылу желісіндегі жұмыс – ұжымдық еңбек. Бір адам емес, тұтас бригада жұмыс істейді. Аманжол жұмыс істейтін бригадада 2 дәнекерлеуші, 4 слесарь, 1 шебер және 1 бригадир бар.

 – Бір бригада құрамында шамамен 7–8 адам еңбек етеді. Жалпы алғанда мекемеде 6 учаске бар, әрқайсысы өзіне бекітілген аумақта жұмыс жүргізеді. Бригададағы әр маманның міндеті нақты бөлінген. Мәселен, слесарьлар алдымен жұмыс орнын дайындап, құбырларды орналастырумен айналысады. Ал дәнекерлеушілер сол құбырларды біріктіріп, дәнекерлеу жұмыстарын атқарады.

Құбырды орнату мен дайындау жұмыстарын слесарьлар шебердің тапсырмасымен жүзеге асырады. Ал дәнекерлеушілер өз кезегінде құбырларды сапалы түрде жалғап береді. Одан кейін слесарьлар жұмыстың келесі кезеңіне көшіп, өз міндеттерін жалғастырады, – дейді маман.

Жылу жүйесінде жұмыс маусымға байланысты өзгеріп отырады. Қыста көбіне апаттық жағдайларды жою жұмыстары болады.

 – Қыс мезгілінде кейде құбырларда жарылу немесе ақау орын алады. Мұндай жағдайда қызметкерлер шақырылып, бригада жедел түрде оқиға орнына барып, ақауды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл – тұрғын үйлердің жылусыз қалмауы үшін атқарылатын маңызды жұмыс, – дейді ол.

Бұл үшін арнайы кезекшілік жүйесі де бар.

– Кім кезекшілікте болса, сол маман қажет болған жағдайда жұмыс уақытынан тыс кезде де шақырту бойынша оқиға орнына барады. Бұл әсіресе қыс мезгілінде маңызды, себебі кез келген ақауды дер кезінде жөндеу тұрғын үйлердің жылусыз қалмауына мүмкіндік береді.

Ал жаз мезгілі – жылу жүйесі мамандары үшін ең қызу кезеңнің бірі. Дәл осы уақытта жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ескі құбырлар жаңасына ауыстырылады. «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, жылу маусымы басталғанға дейін барлық жүйені тексеріп, жаңартып, келесі қысқа тыңғылықты дайындық жасалады, – дейді ол.

Аманжолдың отбасы үлкен. Ол – бес баланың әкесі.

 – Отбасымда жұбайым екеуміз бес бала тәрбиелеп отырмыз. Балаларымның екеуі колледжде білім алады, біреуі мектепте оқиды, ал екі кішкентайым №15 балабақшаға барып жүр. Қазіргі жұмысымның арқасында отбасымды асырап, балаларымды оқытып отырмын, – дейді ол.

– Әңгімеңізден байқағанымыздай, еңбек тәжірибеңіз де аз емес. Осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарыңызды салыстырып қарасаңыз, қазіргі қызметіңіз қандай? Өзіңізге қаншалықты ұнайды?

 – Жоғарыда айтып өткенімдей, осы жұмысымның арқасында отбасымды асырап, балаларымды оқытып отырмын. Сол себепті еңбегіме ризамын. Жалпы өз жұмысымды жақсы көремін, маған ұнайды. Әрине, бұл мамандықтың денсаулыққа ауыр тұстары бар екенін де жасырмаймын. Дегенмен бұл – өзім таңдаған кәсіп.

Сонымен қатар басшылық тарапынан да қолдау бар. Денсаулығымызды ескеріп, жұмысшыларға күн сайын сүт, айран беріп тұрады, соны ішіп отырамыз, – дейді ол күлімсіреп.

Аманжол Байбусинов қазіргі уақытта «Рудный жылу желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек етіп, тұрғындарға жылу мен ыстық судың үздіксіз жетуін қамтамасыз етіп келеді. Алдағы уақытта да ол өз жұмысын жалғастырып, отбасын асырап, қоғамға пайдасын тигізуді басты мақсат етіп отыр.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО