Құрыш білекті азамат

Металлург – кенді байытумен немесе одан металдарды алып шығарумен айналысатын адам. Металлург мамандығының түрлері сан алуан: балқытушы, болат қорытушы, шикіқұрам дайындаушы, конвертерші, электролизші, металл кесуші, қақтаушы, сымдаушы, әртүрлі агрегаттардың операторлары және т.б. Солардың бірі – агломератчик. Бұл мамандықтың тізгінін ұстағанына небәрі 2 жылдай уақыт болса да ССКӨБ қызметкері Дінмұхаммед Орынбасаров өндіріс кешеніндегі құрмет тақтасына ілініп, үлгілі қызметкерлер қатарын толықтырды.

Дінмұхаммед Орынбасаров қазіргі таңда ССКӨБ-тің өндіріс кешеніндегі шекемтас өндіру цехына тиесілі күйдіру учаскесінде жұмыс істейді. Ұжымда сыйлы азамат. Өз ісінің шебері. Бірнеше рет авариялық жағдайларда ептілік танытып, ұтымды тәжірибесінің арқасында өндіріс қарқынына елеулі үлес қосқан.

– Негізінен агломератчик – бұл металлургтың бірі. Біз күйдіру машиналарының дұрыс жұмыс істеуін қадағалаймыз. Сонымен қатар ленталардың үзілмеуіне, сорғының өшіп қалмауына және күйіп кетпеуіне жауаптымыз. 1 ауысымда бригадада 40-қа жуық адам жұмыс істейді. Олар: агломератчиктер, слесарь-жөндеушілер, электриктер мен дәнекерлеушілер. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осы мамандық өкілдері бірігіп жұмыс алып барады, – дейді Дінмұхаммед Нұрмаханбетұлы.

Ол бұған дейін Өзбекстан Республикасы, Науаи облысына қарасты Үшқұдық аумағындағы металлургиялық зауытта осы мамандық бойынша жұмыс істеп, 3 жылдық тәжірибені игерген. Ата жұртқа қоныс аударған соң, өз ісін жалғастырыпты. Енді мамандығының қыр-сырын одан да терең үйренуге ниетті.

– Ұжымда көп жылдық тәжірибеге ие азаматтар бар. Олар күн сайын білгенін үйретуден жалықпайды. Ол үшін әріптестеріме үлкен алғыс білдіремін. Енді тәжірибемен қатар білімімді де жоғарылатсам деймін. Қаламыздағы Рудный индустриалдық институтында оқып білім алуды алға мақсат еттім. Қазір кәсіпорында жаратылған мүмкіндіктер өте көп, солардың бірі ЖОО оқимын дегендерге оқуға жұмсалатын қаражаттың жартысын төлеп беруі көңілге қонымды болып тұр, – дейді жас маман.

Дінмұхаммед Орынбасаров өзінің қажырлы еңбегінің арқасында үлгілі қызметкерлер қатарынан көрінді. Ол мұны «атақ» деп емес, «жауапкершіліктің артқаны» деп түсінеді екен.

– Әрине, біреу үшін бұл мақтаныш. Менің жұмыстағы беделімді естігенде отбасым қатты қуанды. Ал, менде өзіме деген сенімділік артты. Басшылық үлгілі деп танығанда, жауапкершіліктің ұлғайғанын ұқтым. Қала құрушы кәсіпорынның қарқынын дамытуға, өңірімізді өркендетуге барынша үлес қоссам деймін, – дейді Димаш.

Жарасқан БЕКНАЗАРҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *