Ұлт ұстазы – Ахмет ата

Биыл біздің мектебімізге ұлт ұстазы – Ахмет атаның есімі берілді. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш, биік мәртебе. Қазақ елінің рухани, мәдени қалыптасу тарихында өзінің орны, дара жолы, салған ізі бар Ахмет Байтұрсынұлының есімімен аталған мектепте білім алу – зор мақтаныш, әрі үлкен жауапкершілік.

Ахмет атаның өміріне, шығармашылығына деген аса бір қызығушылығым «Қазақстан» телеарнасында көрсетілген «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясын көргеннен соң пайда болды. Кеудемде мақтаныш орнап, намысым жігерленді, көзіме жас келіп, тамағымда өксік тығылды. Өмірдің ащысы мен тұщысын татқан ұлы тұлғаның бейнесі, өмірі «Шындық» сахнасында бейнеленді, астарында қазақ елінің сол кездегі жай-күйі көрсетілді. Фильмді көріп, түсінген адам менің сол кездегі тебіренісімді түсінеді, сезінеді деген сенімдемін.

Ахмет Байтұрсынұлының «Оқуға шақыру» атты туындысы маған ерекше ұнайды. Осы өлеңнің өзі қазақ балаларын жігерлеңдіріп, білім алып, ғылыммен айналысуға шақырады. Расымен де, білім-ғылым жолында дұрыс бағыт алсақ, сауатты болсақ, еліміздің ертеңі жарқын болады. Сол үшін де мен сабағымды жақсы оқып, терең білім алсам деймін…мақсатыма берікпін.

…Қазағым, елім,

Қайқайып белің,

Сынуға тұр таянып.

Талауда малың,

Қамауда жаның,

Аш көзіңді, оянып.

Қанған жоқ па әлі ұйқың,

Ұйықтайтын бар не сиқың?! «Жиған-терген» өлеңінен алынған үзінді жолдардан «сол кездің жағдайы» мен бүгінгі уақыттың ұқсастық бойынша әлі де жұлмаласып жатқанын көруге болады. Осы орайда құрдастарыма «білім алайық, дұрыс әрекет етейік, әйтпесе қалың ұйқыда жатқанымызда уақыт сырғып, аманатқа қиянат жасалар» дегім келеді.

Үш ай бұрын анамыз бізге іні сыйлады, менің қалауыммен оған «Ахмет» есімін бердік. Менің інім Ахмет дара тұлға – Ахмет Байтұрсынұлы салған ізбен жүріп, еліне, халқына адал қызмет етіп, көк туымыздың биікте желбіреуіне ат салысады деген сенімдемін.

Мырзабек Айша,

А. Байтұрсынұлы атындағы №19 ЖББ мектебінің

5-сынып оқушысы, Рудный қаласы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *