Ұстаздық – ұлы мұрат, отбасы – Отан тірегі

Рашила Кәленова: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы»

Қазақ қоғамында ұстаз есімі қашанда қастерлі. Ал сол ұстаздық жолды аяулы ана, абзал жар болумен шебер ұштастыра білген жандардың өмір жолы кейінгі ұрпақ үшін нағыз тағылым мектебі.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз 40 жыл бойы шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, бес баланы мәпелеп өсірген ұлағатты ұстаз, жоғары санатты зейнеткер мұғалім, Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері Рашила Кәленова.

Рашила Кәленқызы 1952 жылдың 12-маусымында Қостанай облысы, Федоров ауданының Пешков елді мекенінде дүние есігін ашты. Оның балалық шағы мен есею жылдары қазақ даласының рухани орталығы – Торғай өңірімен тығыз байланысты. Алғашқы білім ордасының өзі қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің тікелей қатысуымен іргесі қаланған мектеп болуы Рашила Кәленқызының болашақ тағдырын айқындап бергендей еді.

1969 жылы осы қара шаңырақты бітірген соң, ол Петропавл қаласындағы К.Д. Ушинский атындағы педагогикалық институттың география-биология факультетіне оқуға түседі. Студенттік кезең тек білім алумен ғана емес, өмірлік үлкен шешімдермен де есте қалды.

«Бірінші курсты сәтті аяқтап, екінші курсқа өткеннен кейін жолдасымның қызметіне байланысты тұрмыс құрып, декреттік демалысқа шықтым. Соған қарамастан, оқуымды тоқтатпай, институтты ойдағыдай тәмамдадым. Бұған ең алдымен отбасымның қолдауы себеп болды. Олардың сенімі мен қолдауы маған үлкен күш берді. Солай 1974 жылы педагогикалық институтты аяқтап, дипломымды қолыма алдым».

Диплом алған жас маман еңбек жолын 1974 жылы туған жері Торғайдағы Жангелдин ауданында, өзі бітірген Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте бастайды. Бұл оның өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі еді. Алғашқы жылдары аға буын әріптестерінің ақыл-кеңесіне құлақ түріп, білімі мен білігін күн санап жетілдіре түскен Рашила Кәленқызы осы білім ордасында табан аудармай 30 жыл қызмет етеді.

Жылдар өте келе оның ұйымдастырушылық қабілеті жоғары бағаланып, мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, кейіннен 1999-2004 жылдар аралығында мектеп директоры лауазымын абыроймен атқарады. Оның басшылығы тұсында мектеп аудандық қана емес, облыстық деңгейдегі озық білім ошақтарының қатарына қосылды. 2005 жылы зейнетке шыққанына қарамастан, ол ұстаздықтан қол үзбей, Бейімбет Майлин ауданына (бұрынғы Таран ауданы) қоныс аударып, мұнда да 10 жыл бойы қазақ мектебінде шәкірт тәрбиелеуге атсалысты. Жалпы ұстаздық өтілі – 40 жыл.

Рашила Кәленқызының білім беру саласына қосқан ерен еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Оның марапаттар қоржынында 1992 жылы берілген «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісі мен 1993 жылғы «Ы. Алтынсарин» атындағы төсбелгісі – ұстаз үшін ең биік шыңдар. Сондай-ақ, «ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» медалі мен 2007 жылы Білім және ғылым министрінің жеке «Алғыс хаты», Қостанай облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасы» – оның еңбек жолының айқын белестері.

Бірақ ұстаз үшін ең айшықты сәттердің бірі – 1998 жылы Тәуелсіз Қазақстанның білім саласы қызметкерлерінің І-құрылтайына делегат болып қатысуы еді.

Рашила Кәленқызы тек қана білікті маман емес, сонымен бірге аяулы ана. Ол бес баланы тәрбиелеп өсіріп, бүгінде олардың әрқайсысының қоғамнан өз орнын тапқанына куә болып отырған бақытты жан. Үш қыз, екі ұлы бүгінде ел игілігі үшін еңбек етуде. Ерекше айта кетерлігі, отбасындағы ұстаздық сабақтастық үзілмеген: бес баланың үшеуі (екі қызы мен бір ұлы) ана жолын қуып, педагог мамандығын таңдады.

Бүгінде бір қызы Майлин ауданындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы болса, екінші қызы Ақмола облысы Жақсы ауданында Тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы болып қызмет етеді. Ұлы мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беріп, жас ұрпақты салауаттылыққа баулуда. Немерелері де ата-ана мен әженің үмітін ақтап, Алматыдағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери оқу орнында білім алуда. Бұл – дұрыс тәрбие мен салиқалы ұрпақ сабақтастығының жемісі.

Тәрбие – басты қағида

Ардагер ұстаздың пайымдауынша, отбасы – Отанның бастауы:

«Басты құндылықтар – татулық, сыйластық пен жауапкершілік. Әл-Фараби бабамыз айтқандай: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Тәрбие бірінші орында».

Қазіргі таңда зейнеткерлік демалыста болса да, ол қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес. Қаладағы «Әжелер тобымен» бірге мектептерге барып, жасөспірім қыздарға тәрбиелік кездесулер өткізіп, ұлттық құндылықтарды насихаттап келеді.

Мектепті екінші үйіне айналдырған, ұстаздық мамандықты мақтаныш тұтқан Рашила Кәленқызы – бүгінде немере-жиендерінің қызығын көріп отырған абзал ана, ардақты әже және қоғамның тірегі болып табылатын тұлға.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО