Әр кірпіштің де заңы бар

Қабырға құлатпас бұрын құжатыңызды реттеңіз

Рудный қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ульяна Бухвалова ғимараттар мен құрылыстарды бұзу, нысандарды кәдеге жарату жұмыстарын заңды жүргізудің тәртібі жайлы баяндады. Бұл – бөлім көрсететін он мемлекеттік қызметтің бірі.

Мемлекеттік қызметті алу үшін жеке немесе заңды тұлғалар «электрондық үкімет» порталы арқылы өтініш береді. Қызмет тегін, бірақ өтініш электрондық цифрлық қолтаңбамен расталуы тиіс. Техникалық және технологиялық тұрғыдан күрделі емес нысандар үшін рұқсат жеті жұмыс күнінде, ал күрделі нысандар үшін он екі күнде беріледі. Соңында бұзу туралы шешім немесе дәлелді бас тарту ұсынылады.

«Егер нысандар «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңның 60-бабы 2-тармағының қолданысына жатса, онда мердігерлік келісімшарттың электрондық көшірмесін, сараптамалық қорытынды мен жұмыс өндірісі жобасын ұсыну талап етілмейді. Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартудың негіздері – ұсынылған құжаттардың шындыққа сәйкес келмеуі, қызмет алушының немесе берілген материалдар мен нысандардың талаптарға сай болмауы», – деп атап өтті спикер.

Қызметті электронды форматта да алуға болады. Электрондық қолтаңба болса, портал арқылы өтініш беріп, оның мәртебесін жеке кабинеттен бақылауға болады. Сондай-ақ, бірыңғай байланыс орталығы немесе ХҚКО мамандары көмектеседі.

«Егер үйіңізде қабырғаны бұзып, қайта жоспарлау жасауды ойласаңыз, ең алдымен бастапқы материалдарды алу керек. Ал егер өзгерістер тірек конструкцияларына, инженерлік желілерге тимесе, жергілікті атқарушы органнан рұқсат та, жобаның сараптамасы да қажет емес. Бұл жағдайда лицензиясы бар ұйым дайындаған техникалық жоба жеткілікті. Жұмыстар біткен соң, ХҚКО арқылы нысанды пайдалануға беру актісі рәсімделеді. Ал қосымша сұрақтарыңыз болса, 4-63-73 нөміріне хабарласуға болады», – дейді Ульяна Бухвалова.

Зауыттай зәулім ғимарат болсын, үйіңіздің бір ғана қабырғасы болсын, бәрінің өз тәртібі бар. Сол тәртіпті сақтасаңыз, әр кірпішіңіз заңмен қорғалатын болады.

 

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *