№8 мектептегі ерекше жазғы демалыс

Рудныйлық жүзге жуық оқушы екі апталық «Балдаурен» лагерінде қазақылықтың қайнарына қалай бойлады?

Экранға телмірген жас буынның санасын ұлттық иіспен сусындатып, шынайы өмірдің қызығын сезіндіру заман талабына айналып отыр. Осы орайда, Рудный қаласындағы №8 жалпы орта мектебінде маусымның алғашқы күнінен бастап жұмыс істеген «Балдаурен» жазғы сауықтыру лагері биылғы демалысты мүлдем жаңа мазмұнда ұйымдастырды.

Өткен екі апта ішінде 1-6 сынып аралығындағы 100-ге жуық оқушы гаджеттерді ұмытып, қазақылықтың қайнарына бойлады. Биылғы маусымның басты ерекшелігі сол, лагерь тек демалыс орны ғана емес, заманауи тілмен айтқанда нағыз «Ethno Camp» жобасына айналды. Мектеп ауласында арнайы тігілген киіз үй балалардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыратын негізгі орталық міндетін атқарды.

Халықаралық балаларды қорғау күнінде лагерьдің шымылдығы салтанатты түрде түрілді. Мектеп ауласы таңертеңнен бастап балалардың сыңғырлаған күлкісі мен көңілді әуенге толып, ерекше күйге енді. Шараны мектеп басшылығы құттықтау сөзбен ашып, оқушыларға қызықты әрі қауіпсіз демалыс тіледі.

Лагерь тәрбиешілері мен жетекшілері балаларға арнап түрлі қызықты ойындар, флешмобтар және танымдық сайыстар ұйымдастырды. Оқушылар 7 топқа бөлініп, өз топтарының атаулары мен ұрандарын таныстырып, ерекше белсенділік танытты. Алғашқы күннен-ақ бұл жаздың ұмытылмас сәттерге толы болатыны байқалды.

Лагерьдің күнделікті жұмыс кестесі де өте тығыз әрі жүйелі құрылған. Таңғы сағат 09:00-де оқушылар сергіту жаттығуын жасап, кейін өз топтарында бір күндік жұмыс жоспарын талқылайды, түрлі үйірмелерге қатысады. Өздерімен бірге алып келген тағамдарымен тамақтанып, үзіліс жасаған соң, алдын ала бекітілген бағдарлама бойынша мәдени және спорттық шараларға белсене араласады. Күнделікті жеңімпаздар марапатталып, балалар алғыс хаттар иеленіп отырды.

Лагерь бағдарламасының ең негізгі өзегі «Ұлттық код» этнокөрмесі болды. Мұнда балалар 6 түрлі танымдық бекетке бөлініп, ұмыт қалған ескі ойындарды жаңғыртып, ата-баба кәсібін меңгерді. Шараның ең құнды тұсы лагерьге арнайы қариялар мен әжелердің шақырылуы болды. Олар өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, ұрпақтар сабақтастығын көрсетті. «Алтын ұршық» пен «шебер» саусақтар бекеттерінде әжелеріміз балаларға жүн түту мен ұршық иірудің, тоқыма тоқудың қыр-сырын үйретті. Берекелі дастархан станциясында қыздар қауымы ашыған наннан өрнек салуды және қазақтың төл тағамы құрт жасауды меңгерді.

– Құрт – қазақтың ұлттық тағамы. Құртты сүттен жасайды. Алдымен сүтті ұйытып, одан айран алады. Айранды қайнатып, сүзеді. Содан кейін тұз қосып, домалақ немесе әртүрлі пішінге келтіріп кептіреді. Солай құрт дайын болады. Бүгін құрт жасау маған қатты ұнады. Құрт күшті болды, дәмі де ұнады. Үйге барғанда да осыны қайталап жасаймын. Үйде пішіндерін домалатып жасаймын, кепкеннен кейін өте дәмді болады, – дейді лагерь қатысушысы Айша Игілікова.

«Ұлттық нақыш» бекетінде оқушылар қыш ыдыстармен жұмыс істеп, гипстен ұлттық ою-өрнектерді өрнектеуді, асықтар мен кішігірім киіз үйлердің макетін құюды үйренді. Ұлдар жағы болса «Қажымұқан алаңы» станциясында асық ату және бестемше сияқты ұлттық спорт ойындарында бақ сынасып, ептіліктерін көрсетті. Ал «білім ордасы» бекетінде балалардың логикасы мен білімі сынға түсіп, салт-дәстүрлер мен мақал-мәтелдер бойынша өзара сайыс өтті.

Екі апталық бағдарлама тек этнобағытпен шектелген жоқ, лагерь тынысы жан-жақты мәдени шаралармен толықтырылды. «Спорт – серігіміз!» атты дүрбірлі жарыста лагерьдің 4 тобы жылдамдық, ептілік, күш пен төзімділікті талап ететін кезеңдерде бақ сынасты. Нағыз тартысты доданың қорытындысында спорттық рух пен өзара сыйластық жеңіске жетіп, достық салтанат құрды.

Балалардың шығармашылық қабілетін шыңдау мақсатында өткен «Өнерлі өрендер» байқауында әр топтың дарындары сахна төрінде ән айту, би билеу, аспапта ойнау және көркемсөз оқу шеберліктерін көрсетті. Қатысушылардың барлығы белсенділігі үшін арнайы марапаттарға ие болды.

Лагерьдегі ең көп күткен қызықты додалардың бірі «Лагерь ханшайымы мен ханзадасы» сайысы еді. Бұл тартысты кеш жалпы 3 негізгі кезеңді қамтыды. Алғашқы кезеңде жұптар өздерін өлеңмен және ерекше стильде таныстырса, екінші кезеңде сиқырлы ән-биімен көрерменді тәнті етті. Қорытынды үшінші кезеңде жас таланттардың тапқырлығы мен интеллектуалдық деңгейі логикалық сұрақтар арқылы сыналды. Әділ қазылар алқасының шешімімен ең үздік деп танылған жұп бас жүлдені иеленді.

Сонымен қатар лагерьде Ертегілер мен Экология күндері де жоғары деңгейде өтті. Ертегілер күнінде балалар қазақ ертегілерін сахналап, өздерін жақсы тарапынан көрсетсе, Экология күнінде әртүрлі тұрмыстық қалдықтардан екінші өмір сыйлап, пайдалы бұйымдар жасап шықты.

Лагерьде қолданылған барлық көрнекіліктер мен заттар мектеп тарапынан қамтамасыз етілген, ал жетпей қалған қажетті құралдарды ұстаздар қауымы өздері алып келіп, балалар үшін аянбай еңбек етті. Бұл игі істі мектеп ұстазы Қымбат Бірманова да барынша қолдап, бағыт-бағдар беріп отырды.

«Балдаурен» жазғы лагерінің жетекшісі Гүлфира Жалдыбаева өз ойын білдірді:

– Балалардың қызығушылығы телефонға қарай бағытталғандықтан, бастарында тек мультфильмдер мен виртуалды ойындар жүретіні белгілі. Осыны ескере отырып, этнолагерьді ұйымдастырдық. Мақсатымыз – балаларға тек білім беріп қана қоймай, бойларына қазақилықтың иісін сіңіру, ұлттық дәстүрімізді үйрету. Мұндай қасиеттер әр баланың бойында болуы керек. Бала болған соң оларға кез келген жаңа дүние ерекше әсер қалдырады. Барлық шараға үлкен қызығушылықпен қатысып жатыр. Балалардың лагерьде жаңа қырынан ашылып жатқанына ата-аналар қауымы да ризашылығын білдіріп, өздерінің ақ тілектері мен алғыстарын айтуда.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО