Шыр еткен шарананың арашасы

Рудный қалалық көпбейінді ауруханасының неонатологы: «Біз нәрестенің алғашқы демінен бастап оның денсаулығына жауаптымыз»

Дүние есігін жаңа ашқан шарананың алғашқы тынысы мен жүрек қағысы – өмірдің ең ұлы құбылысы. Алайда сол нәзік тіршіліктің аман қалуы мен дені сау болып өсуіне жауапты мамандардың еңбегі ерен. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – өмірін бала денсаулығына арнаған, Рудный қалалық көпбейінді ауруханасының неонатальды блок, жоғары тәуелді жаңа туған нәрестелер бөлімшесінің білікті неонатолог дәрігері — Аякөз Кутибаева.

Аякөз Базарбайқызының медицина саласына келуі бірден шешіле қойған жоқ.

– 9-сынып оқып жүргенімде анам «кім боласың?» деп сұраған еді. Сол кезде мен дәрігер болуды емес, мұғалім болуды армандадым. Себебі кішкентай балаларды қатты жақсы көретінмін. Бар ойым тек ұстаздық жолға ауып тұрды, – дейді кейіпкеріміз өткен күндерді еске алып.

Алайда тағдырдың жазуы мен отбасылық кеңестің ықпалы оны басқа арнаға бұрды. Кейінірек анасымен қайта ақылдаса келе, медицина саласының мәртебесі мен маңыздылығын түсінген ол осы саланы таңдауға бел буады. Мектепті сәтті тәмамдап, қажетті балл жинаған Аякөз Астана медицина университетіне мемлекеттік грантқа оқуға түседі. Бұл оның үлкен өмірге және жауапты мамандыққа жасаған алғашқы нық қадамы.

Жалпы медицина факультетін бітіргеннен кейін түлектер алдында терапия, педиатрия, акушерия-гинекология немесе хирургия сияқты бағыттардың бірін таңдау міндеті тұрады.

– «Өзіңе не жақын?» деген сұрақ қойылғанда, іркілместен «балаларды жақсы көремін» деп жауап бердім. Осылайша, мені педиатрияға бағыттады. Алғашында бұл мамандық үшін тек балаларға деген сүйіспеншілік жеткілікті болып көрінгенімен, уақыт өте келе мұның артында орасан зор жауапкершілік, терең білім мен темірдей төзім тұрғанын ұғындым, – дейді неонатолог.

Кейіпкеріміз Астана медицина университетінің қабырғасында 9 жыл бойы білімін шыңдаған. Оқуды аяқтаған соң, жас маман Қазақстан перинаталдық орталығында 5 жылға жуық еңбек етіп, кәсіби тұрғыдан шыңдалды. Ал 2025 жылы өзінің туған қаласындағы перинаталдық орталыққа жұмысқа ауысып, туған жеріне қызмет етуді қолға алды.

Қазіргі таңда Аякөз Базарбайқызы неонатология саласының ең күрделі буыны – реанимация бөлімінде қызмет етеді. Неонатология бірнеше бағытқа бөлінеді: физиология бөлімі – мұнда дені сау нәрестелер бақыланады; патология бөлімі – туа бітті ақауы бар және ерекше күтімді қажет ететін балалар орналасады; реанимация бөлімі – жағдайы өте ауыр, шала туған нәрестелердің өмірі үшін күресетін орын.

– Неонатологтың негізгі міндеті – жаңа туған сәбилерді жан-жақты қарап, диагноз қою, ем тағайындау және олардың жағдайына қарай тиісті бөлімдерге ауыстыру.

Жұмыстың ең сүйіспеншілікке толы сәті – сүйкімді сәбилермен жұмыс істеу болса, ең ауыр тұсы – өлім мен өмірдің арасында жатқан балаларға көмек көрсету.

Бірде бізге 34 апталық шала туған нәресте түсті. Анасы ауыр преэклампсия деп аталатын, жүктілікті қиындататын аурумен ауырған, сондықтан бала кесарь тілігі арқылы дүниеге келген еді. 34 аптада туған нәрестенің өкпесі әлі толық дамымаған, сондықтан ол өздігінен дем алу қиынға соқты. Бұл жағдайды «респираторлық дистресс-синдромы» деп атайды – яғни баланың өкпесі әлі күшті жұмыс істей алмайды. Біз дереу тыныс алуға көмектесетін арнайы аппараттарды қостық. Алғашында бала интубацияда болды – бұл дегеніміз, оның тамағы арқылы арнайы түтікше қойылып, аппаратпен дем алуы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, оған ылғалдандырылған оттегі берілді, бұл өкпеге қосымша қолдау береді және дем алуын жеңілдетеді. Күндер өте келе, нәресте біртіндеп жақсарды. Кейін ол аппаратсыз, тек мұрын арқылы оттегі қабылдайтын болды, – деп түсіндірді дәрігер.

Маманның пайымдауынша, шала туу жағдайлары көбінесе ананың денсаулығына тікелей байланысты. Преэклампсия, түрлі инфекциялар мен созылмалы аурулар шарананың ерте жарық дүниеге келуіне сеп болады. Кейде ана өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер амалсыз баланы ерте босандыру туралы шешім қабылдайды.

– Неонатолог – бала өмірінің ең алғашқы сәтінен бастап оның денсаулығына жауапты маман. Біз нәрестенің дұрыс дамуына, дені сау болып өсуіне үлкен үлес қосамыз, – дейді ол.

Аякөз Кутибаева бүгінгі таңда бұл салада мамандардың тапшы екенін жасырмады. Ол қиындықтан қорықпайтын жастарды осы мамандықты таңдауға шақырды.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО