Қаламызда тұңғыш рет заманауи этно-дүкен есігін айқара ашты
Рудный қаласының сауда нарығы мен мәдени өмірінде елеулі жаңалық! Қала тұрғындары мен қонақтары үшін ұлттық нақыштағы киімдерді күнделікті тұрмысқа енгізуді мақсат тұтқан тұңғыш «Zhar ethno» дүкені салтанатты түрде ашылды. Жаңа сән орны Павел Корчагин көшесі, 88 мекенжайындағы «ГУМ» сауда орталығының 44-бутигінде орналасқан.

«Zhar ethno» директоры Дариға Жақаншаеваның айтуынша, бұл идеяның пісіп-жетілуіне бірнеше жыл кеткенімен, оны бастан-аяқ іске асырып, тұсауын кескенге дейін үш ай бойы белсенді дайындық жұмыстары жүргізілген.
– Дүкен ашу идеясы бірнеше жыл бойы ойымызда жүрді. Енді міне, сол жоспарды жүзеге асырып, нақты іске кірістік. Дайындық жұмыстары толықтай үш айға созылды. Басты мақсатымыз – ұлттық киімдерді тек Наурыз мерекесінде ғана емес, күнделікті тұрмыста да кеңінен қолданылатын киім үлгісіне айналдыру, – дейді ол.
«Zhar ethno» дүкенінің басты артықшылығы мен ерекшелігі – таза отандық өнім ұсынуында.
– Дүкен Алматы қаласындағы тігін цехымен келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Мұнда киімнің дизайны, матасы мен ою-өрнегі арнайы таңдалып, тапсырысқа сай дайындалады. Барлық өлшемдер де ескерілген. Қазір ұлттық нақыштағы киімдер мен әшекей бұйымдардың көбі шетелден, көрші Қырғызстаннан әкелінеді. Тіпті қазақы шапандар мен ұлттық үлгідегі бұйымдардың өзі сырттан тасымалданып жатады. Ал біздің басты ерекшелігіміз – өнімнің толықтай отандық болуы, – дейді Дариға Анафияқызы.
Дүкен сөрелерінде шапан, белдемше, кеудеше және ұзын көйлек секілді ұлттық киімдердің түрлі өлшемдері ұсынылған. Киімдердің басты құндылығы – матасының сапасы мен оюлардың заманауи стильде үйлесім табуында. Мысалға алатын болсақ, «Sardar» шапанында дәстүрлі қошқармүйіз оюы классикалық күрделі қалпында емес, заманауи минимализм стилінде үлкейтіліп, геометриялық тұрғыдан жинақы етіп салынған. Ал қос ғашықтарға арналған «SAULET» атты кеудешеде сыңар мүйіз оюы басылған. Ертеде киімнің шеттерін сәндеу үшін қолданылған бұл ою элементін дизайнерлер джинс матасына заманауи үлгіде орналастырған. Бұдан бөлек, дүкеннен «Егіз лебіз» көйлегін, «Әсем-Ай», «Жібек», «Айдай» секілді ерекше кеудешелерді де табуға болады.

– Баға саясаты тұрғындарға қолжетімді ме?
– Иә, бағалар қолжетімді. Өнім құны 20 мың теңгеден басталады. Баға қалыптастыру кезінде салықтан бөлек, бұйымның өзіндік құны, сапалы мата, тігіс ерекшелігі мен дайындалу жұмыстары ескеріледі. Сонымен қатар, барлық өнім толықтай отандық материалдардан әзірленіп, фирмалық бренд-пакеттерімен ұсынылады.
Дүкеннің «Zhar ethno» деп аталуында терең лексикалық мағына жатыр.
– Мұндағы «Жар» сөзі халықтық «жар-жар» жырымен, табиғаттағы берік таудың бөктеріндегі жармен және отбасылық құндылықтың негізі – өмірлік серік, «жар» ұғымдарымен тікелей байланыстырылып қойылған, – деп түсіндірді директор.
Табалдырықты аттаған әрбір қонақ қазақылықтың иісін сезеді. Дүкендегі қасиетті шаңырақ, Алаш арыстарының бейнелері мен Ұлы даланың кең байтақ панорамалық көріністері ұлттық нақышты айшықтап тұр. Ал алдағы уақытта бұл дизайн бұдан да тартымды әрі заманауи кейіпке енбек.
– Рудныйлықтарды, барша қазақстандықтарды көшеде ұлттық киіммен мақтанышпен жүргенін көру. Болашақта бұдан да үлкен дүкен ашып, ел бойынша филиалдар желісін құруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ сауда сөрелерін ұлттық әшекей бұйымдарымен және күнделікті тұрмысқа бейімделген этно-бас киімдермен толықтырамыз. Тұрғындарға айтарымыз: келіңіздер, көріңіздер. Қазақы стильді бірге дамытайық! – деп тәмамдады сөзін Дариға Анафияқызы.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО