«Жайдарман» дүбірі

«RUDLIFE» лигасының жаңа маусымы кино желісімен басталды

Қаламызда жастық шақ пен әзіл-сықақтың символына айналған, жастардың шығармашылық әлеуетін шыңдайтын дүбірлі доданың шымылдығы түрілді. Рудный қаласы әкімдігінің «Рудный қалалық ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесінің қолдауымен ұйымдастырылған «JAIDARMAN – кино маусымы 2026» маусымашар ойынымен «RUDLIFE» лигасы өз жұмысын бастады. Биылғы маусымның басты ерекшелігі – оның «Кино маусымы» деп аталуында. Сахна төріне шыққан жас таланттар кино әлемі мен өмір шындығын шебер ұштастыра отырып, көрерменге ұмытылмас кеш сыйлады.

Маусымашар сайысында жалпы 9 команда қатысып, бақ сынады. Әр ұжым өзіндік қолтаңбасымен, өткір әзілдерімен және жоғары сахналық мәдениетімен көрерменді тәнті етті. Қазылар алқасының шешімі бойынша командалар келесідей ұпайларды еншіледі:

  • ORTA – 5.0 балл (ойынның абсолютті көшбасшысы)
  • QADAM PRODUCTION – 4.8 балл
  • Кішкентай комиктер – 4.8 балл
  • Креатив KIDS – 4.6 балл
  • Шала қазақтар – 3.8 балл
  • BASQAŞA – 3.4 балл
  • Ахмет – 3.4 балл
  • Дайын еместер – 3.4 балл
  • Қашар құрамасы – 2.6 балл

«Жайдарман» – үлкен өмір мектебі. Ойын аяқталғаннан кейін қатысушылар мен ұйымдастырушылар өз әсерлерімен және алдағы жоспарларымен бөлісті.

«2025 жылдың күзінде өнер көрсетіп, «RudLife» лигасында чемпион атанған болатынбыз. Сондай-ақ Қостанай, Астана қалаларында өткен «Жайдарман» ойындарында да жеңіске жетіп, Рудныйға олжалы қайттық. Биыл да бақ сынауды жөн көрдік, себебі бұл жолы басқа да оқушыларымызды танытып, олардың шығармашылық қабілетін ашуды мақсат еттік. Балалар сахнаға бірінші рет шыққандықтан, қобалжудың болғаны жасырын емес», – дейді «Креатив Kids» тобының ойыншысы, топёр-музыканты Ақниет Салиева.

Міржақып Дулатұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің «Жайдарман» жетекшісі Жәнібек Әбдуәли кішкентай бүлдіршіндердің талпынысын ерекше атап өтті:

«Құрамда бастауыш сыныптың (1, 2, 3, 4-сынып) балалары бар, жалпы саны 8 оқушы. Жақында мектепішілік «Жайдарман» сайысы өтіп, сонда чемпион атанғандар осы сахнаға жолдама алды. Олар бұл ойынға өте қызығады, теледидардан үзбей көреді. Өздері сүйіп ұнататындықтан, жоғары деңгейде дайындық көрсеттік. Биылғы маусым «Кино маусымы» деп аталатындықтан, балалардың жас ерекшелігіне сай ағасы мен қарындасы, ата-анасы жайлы отбасылық әзілдер дайындалды. Сценарийді жазып бергенімде, тез жаттап алып, өз идеяларын да қосты. Айта кетейін, мектеп қабырғасында сыныптар арасында өткен сайыста да «Кішкентай комиктер» бірінші орынды иеленген болатын».

«Жайдарман балаға не береді?» деген сұрағымызға ұстаз былай деп жауап қатты:

«Біріншіден, балалар бос уақытын тиімді өткізеді, ойлау қабілетін арттырады. Себебі халықты дұрыс күлдіре білу де – үлкен өнер, ол оңай шаруа емес. Сондай-ақ сахна олардың сөйлеу мәдениетін, ойды жеткізу манерін және актерлік шеберлігін қалыптастырады. Байқағаным, сахнада біздің оқушылар сияқты жас балалармен қатар студенттер де өнер көрсетіп жүр».

«Ойынға 9 команда қатысып жатыр, оның екеуі – Қашар кентінен, біреуі – Қостанайдан келген қонақтар, ал қалғандары – өзіміздің қалалық, түрлі мектептердің намысын қорғап жүрген ұжымдар. Өзім кезінде жергілікті Рудный атынан «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» командасында өнер көрсеткенмін. Қазір «Қостанай арулары» құрамасымен біргемін, сол командада қызмет етіп жүрмін. Жайдарман – бұл жай ғана өнер емес. Ол – тіл байлығын дамытатын, тұлғаны қалыптастыратын үлкен бір мектеп секілді. Қай жағынан алып қарасаң да, жастарға пайдасы ұшан-теңіз», – деп өз ойымен бөлісті ұйымдастырушы Сәкен Сахи.

«RUDLIFE» лигасының «Кино маусымы – 2026» маусымашары Рудный қаласында шынымен де үлкен мәдени қозғалыстың басталғанын айғақтады. Мектеп оқушыларынан бастап студенттерге дейін қамтыған бұл жоба жастардың талантын ұштап, шығармашылық тұрғыдан өсуіне даңғыл жол ашып отыр. Алдағы ширек финалдық кезеңдер бұдан да қызықты әрі тартысты өтері сөзсіз.

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО