Рудныйдағы жұмыспен қамту жәрмеңкесінде 400 бос жұмыс орны ұсынылды
Рудный қаласындағы «Достық» саябағында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілердің басын қосқан маңызды алаңға айналды. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын шара биыл да тұрғындардың қызығушылығын туғызып, еңбек нарығындағы өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік берді.
Рудный қалалық Мансап орталығының басшысы Ләззат Алдоңғарованың айтуынша, бұл – «Мүмкіндік» идеологиясының аясында ұйымдастырылған бесінші кездесу. Биылғы ерекшелік – жәрмеңкенің алғаш рет кең ауқымдағы қалалық форматта өтуі.
– Қазіргі уақытта Рудный қаласында 1,5 мыңға жуық азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Оның 500-ге жуығы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмыстарға және жастар практикасына жолданды. Қалғандарының едәуір бөлігі – өндірістегі еңбек жағдайларына байланысты жұмыстан босатылған азаматтар. Мұндай жәрмеңкелер жұмыс іздеушілерге мекеме өкілдерімен тікелей кездесіп, еңбек жағдайы мен жалақы мәселесін нақтылауға мүмкіндік береді, – деді ол.
Жәрмеңкеге қаланың 14 ірі кәсіпорны мен мекемесі қатысып, 400-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды.
Келушілер көп шоғырланған орындардың бірі – Рудный индустриялық университетінің ақпараттық алаңы болды. Университет өкілдері талапкерлерге білім беру бағдарламалары, халықаралық серіктестік мүмкіндіктері мен студенттік өмір туралы жан-жақты мәлімет ұсынды.
РИУ Металлургия және тау-кен ісі жоғары мектебінің аға оқытушысы, саяси ғылымдар кандидаты Радик Тәжібаевтың сөзінше, университет мұндай іс-шараларға тұрақты түрде қатысып келеді.
– 2025 жылдың қорытындысы бойынша университет еліміздегі жоғары оқу орындарының үздік жиырмалығына енді. Қазіргі таңда талапкерлерге бакалавриаттың 24 білім беру бағдарламасы ұсынылады. Сондықтан жастарға білім алу мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру біз үшін маңызды, – деді ол.
Жәрмеңкенің алғашқы сағаттарында-ақ университет мамандарынан 16 адам кеңес алып, олардың бірқатары оқу орнына түсуге ниетті екенін білдірді.
Кадр тарту жұмыстарын төтенше жағдайлар қызметі де белсенді жүргізді. Рудный қаласының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығының орынбасары Кәкімбек Кәкімжанов мұндай жәрмеңкелердің кадр тапшылығын азайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Қазіргі уақытта бөлімге өрт сөндіруші-құтқарушылар мен жүргізушілер қажет. Жүргізушілерден «В» және «С» санатындағы жүргізуші куәлігі мен орта немесе арнаулы орта білім талап етіледі. Ал өрт сөндіруші-құтқарушы қызметіне үміткерлердің денсаулығы мықты, дене дайындығы жоғары болуы және әскери билетінің болуы шарт. Төтенше жағдайлар саласындағы қызметтің басты артықшылықтарының қатарында ауысымдық жұмыс кестесі, 25 жыл еңбек өтілінен кейін зейнетке шығу мүмкіндігі, тұрғын үй төлемдері мен әлеуметтік кепілдіктер бар.
«Достық» саябағында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі Рудныйдағы еңбек нарығының белсенді дамып келе жатқанын көрсетті. Жұмыс берушілер, білім беру ұйымдары мен тұрғындардың бір алаңда бас қосуы көптеген азаматтарға нақты мүмкіндік ұсынып, жұмысқа орналасу мен мамандық таңдауға қатысты маңызды шешім қабылдауға жол ашты.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ