Егемендіктің айбынды айшықтары

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні

Жыл сайын 4 маусымда Қазақстан Республикасы өзінің мемлекеттік егемендігі мен біртұтастығын айқындайтын басты атрибуттары – Мемлекеттік рәміздер күнін ресми түрде атап өтеді.

Тарих парақтарына сүйенсек, бұл айтулы күн 1992 жылы еліміздің жаңа туы, елтаңбасы және әнұраны алғаш рет бекітілген сәттен бастау алады. Кейіннен, 2007 жылғы 4 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң бұл мерекенің құқықтық негізін бекемдеп, оны ұлттық деңгейдегі маңызды шараға айналдырды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы алтын күн орнатылған, оның астында еркіндіктің символы ретінде қалықтап ұшқан қыран бейнесі нақышталған тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде үйлесім тапқан. Мұндағы ашық көгілдір түс – бейбітшілік пен татулықтың, ашық аспан мен тыныштықтың белгісі. Ал күн мен қыран бейнелері елдің еркіндікке, биік мақсаттарға және жарқын болашаққа деген талпынысын көрсетеді. Тудың авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

Мемлекеттік елтаңбамыз дөңгелек нысанды болып келеді және оның негізгі элементі – шаңырақ. Шаңырақ – ортақ үйіміздің, береке мен бірліктің символы. Одан күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Елтаңбаның оң және сол жағындағы аңыздардағы қанатты пырақтар халықтың байлығы мен асқақ армандарын танытады. Жоғарғы бөлігінде бес бұрышты көлемді жұлдыз, төменгі жағында «Qazaqstan» жазуы орналасқан. Бұл бірегей туындының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Бұрын халық арасында «Менің Қазақстаным» әні ретінде кеңінен танымал болған Мемлекеттік гимн 2006 жылы 6 қаңтарда Парламент қабырғасында бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Әннің авторы – бірегей композитор Шәмші Қалдаяқов, ал сөзін жазғандар – Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев. Әнұран орындалған сәтте әрбір азаматтың бойында Отанға деген шексіз мақтаныш сезімі оянып, ел бірлігі нығая түседі.

Мемлекеттік рәміздерді ұлықтау мен оларды жас ұрпақтың бойына патриоттық сезім ретінде сіңіру ісінде білім беру ордаларының рөлі орасан зор. Осы орайда, Рудный қаласының жетекші жоғары оқу орны – Рудный индустриялық университетінде (РИУ) бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.

 «Жыл сайын Рудный индустриялық университеті қабырғасында тағылымы мол шаралар, атап айтқанда, кураторлық сабақтар, дөңгелек үстелдер мен ашық дәрістер өткізіледі. Студент жастар арасында сабақ барысында рәміздерге деген шынайы махаббат пен патриоттық сезімді оятуға баса назар аударамыз. Құрметті қазақстандықтар, сіздерді осынау терең тарихы мен зор маңызы бар ұлттық рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын!», – деп сұхбат берді Рудный индустриялық университетінің аға-оқытушысы Сабира Жұмысова.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО