Табиғат аясындағы қауіп

Дәрігер-эпидемиолог Әсел Айдарбекова: «Ерте әрекет ету кез келген қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді»

Жаз мезгілі табиғат аясында демалушылардың қатарын қалыңдататын уақыт. Алайда дәл осы маусымда адам денсаулығына елеулі қауіп төндіретін кенелердің де дегбірі күшейеді. Мамандар бұл паразитті қауіпті жұқпалы ауруларды тасымалдаушы ретінде қарастыру қажеттігін ескертеді. Рудный қаласында кене маусымы қалай өтіп жатыр? Кене шаққан жағдайда не істеу керек? Қандай қателіктерден сақтанған жөн? Осы және өзге де сұрақтарға Рудный қалалық ауруханасының ауруханаішілік дәрігер-эпидемиологы Әсел Айдарбекова жауап берді.

Әсел Бектемірқызы – Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық академиясының түлегі. Еңбек жолын Тараз қаласындағы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында бастап, бүгінде Рудный қалалық ауруханасында дәрігер-эпидемиолог қызметін атқарып келеді.

– Дәрігер болу – бала кезден бергі арманым еді. Бұл үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Өйткені дәрігердің жұмысы адам өмірі мен денсаулығымен тікелей байланысты. Сондықтан әрбір жұмыс күніне жауапкершілікпен қарап, көмек сұрап келген әрбір адамға барынша қолдау көрсетуге тырысамын, – дейді маман.

Дәрігер-эпидемиологтың күнделікті жұмысы ауруханадағы санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен тығыз байланысты. Ол ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу, бөлімшелердегі санитарлық талаптардың сақталуын бақылау, жұқпалы аурулардың таралу қаупін бағалау және алдын алу шараларын ұйымдастырумен айналысады. Сонымен қатар маусымдық инфекциялар мен паразиттік ауруларға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындар арасында профилактикалық ақпарат таратады.

Кене маусымы қашан басталады?

Маманның айтуынша, ауа райының жылынуына байланысты кенелердің белсенділігі жыл сайын ерте көктемде басталады.

– Әдетте кене маусымы ақпан-наурыз айларынан бастап байқалады. Ауа температурасы көтерілген сайын олардың белсенділігі арта түседі. Сондықтан тұрғындар көктемнің алғашқы күндерінен бастап сақтық шараларын ұстануы қажет, – дейді дәрігер.

Рудный қаласының маңындағы Перцевка және Мясокомбинат аудандары кенелер жиі кездесетін аумақтардың қатарына жатады. Бұл аймақтарда жыл сайын эпидемиологиялық және ветеринариялық қызмет мамандары мониторинг жүргізіп, кенелердің арасында қауіпті инфекциялардың бар-жоғын зерттейді.

Биылғы жылдың басынан бері Рудный қалалық ауруханасына кене шағуына байланысты 67 адам жүгінген.

– Бұл адамдарды науқастар деп атауға болмайды. Олар кене шаққанына байланысты медициналық көмекке жүгінген тұрғындар. Барлық жағдай дәрігерлердің бақылауына алынады. Тіркелген жағдайлардың бірінде кене белгіленген тәртіп бойынша алынып, Ұлттық сараптама орталығының зертханасына жәберілді. Зерттеу нәтижесінде қауіпті инфекциялар анықталмаған, – дейді Әсел Бектемірқызы.

– Кене қандай ауруларды таратады?

– Кене адамның қанымен қоректенетін паразит болғанымен, оның негізгі қауіптілігі түрлі жұқпалы ауруларды тасымалдауында жатыр. Олардың ішінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (ішкі қан кетулерге әкелуі мүмкін аса қауіпті инфекциялық ауру), кене энцефалиті (орталық жүйке жүйесін зақымдайтын және ауыр асқынуларға себеп болатын ауру), туляремия (лимфа жүйесін, теріні және ішкі ағзаларды зақымдайтын жұқпалы дерт), боррелиоз немесе лайм ауруы (буындарға, жүрекке және жүйке жүйесіне әсер ететін инфекция). Кене шаққаннан кейін ауру белгілері бірден байқалмауы мүмкін. Инкубациялық кезең бірнеше күннен бірнеше аптаға дейін созылады. Сондықтан ауру белгілері байқалған жағдайда дереу дәрігерге қаралуға кеңес беремін.

– Сонда ол қандай белгілер? Атап өтсеңіз

– Бұл дене қызуының көтерілуі, жалпы әлсіздік болады. Бас ауырып, бұлшықет пен буындар сырқырайды, теріде қызыл дақтардың немесе бөртпелердің пайда болуы мүмкін және кене шаққан жер қызарып, ісінеді.

Дәрігердің сөзінше, кене шаққан кезде тұрғындардың жиі жіберетін қателіктерінің бірі – паразиттің үстіне май, бензин, спирт немесе басқа сұйықтықтарды тамызып, өздігінен жұлып алуға тырысу.

– Мұндай әрекет өте қауіпті. Май немесе басқа сұйықтық әсерінен кене тұншыға бастайды. Сол кезде оның ағзасындағы биологиялық сұйықтықтар адамның қанына көбірек түсуі мүмкін. Бұл инфекция жұқтыру қаупін арттырады. Сонымен қатар кенені дұрыс алмай жұлып жіберсе, оның басы немесе тұмсығы тері астында қалып қоюы ықтимал, – деп түсіндіреді Әсел Айдарбекова.

Сондықтан мамандар кене анықталған жағдайда өздігінен әрекет етпей, дереу медициналық мекемеге жүгінуге кеңес береді.

– Кене шаққанда не істеу керек?

– Кене денеге жабысып қалған жағдайда ең дұрыс шешім – жақын маңдағы емханаға немесе аурухананың жарақат бөліміне бару. Медициналық қызметкерлер кенені арнайы құралдардың көмегімен қауіпсіз түрде алып тастайды және қажет болған жағдайда әрі қарайғы бақылау шараларын түсіндіреді. Егер тұрғын кенені өзімен бірге алып келсе, оның тірі және бүтін болуы маңызды. Себебі зертханалық зерттеу жүргізу үшін паразит зақымдалмаған күйде сақталуы қажет. Өлі немесе бөлшектеніп қалған кенелер зертханалық тексеруге жарамсыз болып саналады.

– Ал бақылау мерзімі қанша уақытқа созылады?

– Кене шаққан адамның жағдайы бірден аурудың бар-жоғын көрсетпеуі мүмкін. Сондықтан белгілі бір уақыт аралығында медициналық бақылау жүргізіледі. Егер алғашқы тексеру барысында адамда ешқандай шағым болмаса және инфекция белгілері анықталмаса, оған қосымша ем немесе вакцина тағайындалмайды. Тек шаққан орын өңделіп, ары қарай бақылау ұйымдастырылады. Бақылау мерзімі күдік тудырған ауру түріне байланысты белгіленеді. Кене энцефалиті бойынша – 21 күн, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша – 14 күн. Егер осы уақыт ішінде денсаулық жағдайында өзгерістер байқалмаса, адам бақылаудан шығарылады.

Кенеден қалай қорғануға болады?

Мамандардың айтуынша, кенелер көбіне биік шөптердің арасында, бұталы және ылғалды жерлерде кездеседі. Көпшілік ойлайтындай олар ағаштан секірмейді. Әдетте шөптің арасынан адамның киіміне жабысып, жоғары қарай қозғалады. Табиғат аясында демалғанда қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды. Мәселен, жеңі ұзын, денені толық жабатын киім киіп, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салу арқылы қорғануға болады. Ашық түсті киім таңдау қажет, себебі онда кенені тез байқауға болады. Серуен кезінде және үйге оралған соң денені мұқият тексеру қажет. Шаш арасы, құлақ арты, қолтық асты және тізе бүгілістеріне ерекше назар аудару керек. Үй жануарлары да қауіп көзі болуы мүмкін екенін ұмытпаған абзал.

Кенелерді үйге тасымалдаушылардың бірі – иттер мен мысықтар. Үй жануарлары серуеннен кейін кенені жүніне жабыстырып әкелуі мүмкін. Сондықтан ветеринар мамандар жануарларды тұрақты түрде тексертіп, кенеге қарсы арнайы қорғаныс құралдарын қолдануға кеңес береді.

Қорытындылай келе, мамандар кене шағуының алдын алу емдеуден әлдеқайда жеңіл екенін ескертеді. Табиғат аясында демалыс кезінде қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау арқылы көптеген қауіптің алдын алуға болады.

– Өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қарап, кене шаққан жағдайда уақыт жоғалтпай медициналық көмекке жүгініңіз. Ерте әрекет ету кез келген қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді, – дейді дәрігер-эпидемиолог Әсел Айдарбекова.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО