«Әрбір қазақ баласы домбыраны тарта білуі керек»

Рудныйдағы №2 гимназияның қабырғасында ашылған үйірме бір жылда үлкен ансамбльге айналды

Ұлттық болмысымыз бен мәдениетіміздің символы болған қасиетті домбыраның үні бүгінде Рудный қаласындағы №2 гимназия қабырғасында жиі естіледі. Осыдан бір жыл бұрын ғана құрылған домбыра үйірмесі қысқа мерзім ішінде мектептің нағыз мақтанышына айналып үлгерді.

Тіпті, алғашқыда аспапты қолға ұстай алмаған балалар бүгінде күрделі күйлерді еркін орындайды.

Қазір үйірмеге 40-қа жуық оқушы тұрақты түрде қатысады. Сабақтар балалардың жас ерекшелігіне қарай үш топқа бөлінген. Төменгі топта бастауыш сыныптың бүлдіршіндері домбыраның алғашқы әліппесін үйренсе, орта топта (5-6 сыныптар) орындаушылық шеберлік қалыптасып келеді. Ал жоғары топтағы 7-9 сынып оқушылары – қалыптасқан нағыз тәжірибелі музыканттар.

Үйірменің тағы бір маңызды ерекшелігі – сабақтардың мемлекеттік тілмен қатар орыс тілінде де жүргізілуі. Рудный сияқты көпұлтты өндірістік қалада бұл өте өзекті бастама. Мектептегі орыс сыныптарында оқитын өзге ұлт өкілдерінің балалары осы үйірме арқылы қазақ мәдениетін кедергісіз танып, ұлттық өнерді еркін меңгеруге мүмкіндік алып отыр. Музыка – тіл таңдамайтын ортақ құндылық екенін осы үйірме дәлелдеп келеді.

«Бастапқыда балалардың көбі аспапты қолдарына қалай ұстауды да білмейтін. Алдымен нота мен ырғақты түсінудің өзіне біраз уақыт кетті. Жаңа келген баланың отырысы, аспапты ұстауы, тіпті еденге қойған аяғының параллель тұруы да маңызды. Алғашқы сабақта біз баланың есту қабілеті мен ырғақты сезінуін тексереміз. Одан кейін оң қол мен сол қолдың қимылын үйлестіру кезеңі басталады. Сабақтар балаларды жалықтырып алмас үшін арнайы жаттығулар мен ойын элементтері арқылы өтеді. Балалардың ынтасы мен жүйелі дайындықтың арқасында қазір нәтиже жаман емес. Олар тек музыкалық сауаттылықты арттырып қана қоймай, бойларына төзімділік пен жауапкершілікті сіңіріп келеді», – дейді үйірме жетекшісі, тәжірибелі музыка пәнінің мұғалімі Альфия Бибосынова.

Үйірмедегі оқыту толықтай тегін. Мектеп әкімшілігі балаларды қажетті домбыралармен және сахналық ұлттық киімдермен қамтамасыз еткен. Кейбір балалар үйден өз аспаптарымен келсе, қалғандары мектеп құралдарын еркін пайдаланады. Мұндай материалдық қолдау ата-аналар үшін де үлкен көмек болғаны анық.

Жас домбырашылардың қоржынында Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Дәулеткерей сынды халық композиторларының классикалық туындылары бар. Сонымен қатар, бағдарламаға мемлекеттік мерекелер мен мектеп концерттерінің тақырыптарына сай туындылар да іріктеліп алынған.

Үйірме мүшелерінің арасында аспапты жанына серік етіп, өнер жолында алғашқы қадамдарын жасап жатқан жеткіншектер аз емес. Олардың әрқайсысының домбыраға келу тарихы әртүрлі.

«Үйірме алғаш ашылған сәтте-ақ бірден жазылып, домбырада ойнау шеберлігімді одан әрі шыңдай түстім. Оған дейін ағамнан біраз тәлім алып, негізгі қадамдарды үйренген болатынмын. Ол домбыраны өте жақсы орындайды, сондықтан маған бірнеше күйдің қыр-сырын үйретті. Ал үйірмеге келгеннен кейін репертуарым жаңа туындылармен толықты. Қазір «Адай», «Ерке сылқым» және басқа да күрделі шығармаларды еркін орындай аламын. Үйірме арқылы жаңа достар тауып, түрлі маңызды іс-шараларға қатыса бастадым. Ең есте қалған сәттердің бірі – №3 мектеп базасында өткен қалалық шарада өнер көрсетуіміз болды. Достарымызбен бірге үлкен сахнаға шығып, күй төккенде ерекше рух пен әсер алдым. Қазір сахнаға шығудан қорықпаймын, өйткені бойымда үлкен тәжірибе қалыптасты. Осы үйірмеге қатысқаныма өте қуаныштымын, себебі мұнда өзімді тұлға ретінде дамытып, сүйікті ісіммен айналысып жүрмін», – дейді 6-сынып оқушысы, жас домбырашы Азамат.

Ал 9 «Ә» сынып оқушысы Аружан Қайназарова домбыраға деген ерекше ықыласы атасы мен әкесінің тәлімінен басталғанын жеткізді.

«Атам өзі жақсы домбыра тартады, маған кішкентай кезімнен осы аспаптың қасиетін айтып отыратын. Қазір репертуарымда 15-20 шақты күй бар. Ұстазымыз бізге қиын күйлерді тез қабылдау үшін алдымен саусақ жаттықтыратын жеңіл шығармалардан бастап үйретеді. Мектеп ішіндегі сайыстарға қатысып тұрамын. Алдағы уақытта үлкен сахналарға шықсам деген жоспарым бар. Меніңше, әрбір қазақ баласы домбыраны тарта білуі керек», – дейді Аружан.

Үйірменің бүгінгі нәтижесі мектеп ұжымы үшін де, ата-аналар үшін де көңіл көншітерліктей. Ең бастысы – нөлден бастаған балалардың бойындағы сенімділік оянып, үлкен ансамбльдің құрамында еркін ойнай алатын дәрежеге жетті. Өнердің бала тәрбиесіне, олардың рухани дамуына тигізер пайдасы орасан зор екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр.

Үйірме ұжымы алдағы уақытта тек мектеп іс-шараларымен шектеліп қалмай, қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі конкурстарда бақ сынауды жоспарлап отыр.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО