Рудныйлық кәсіпкер Гүлдана Жақмұратовамен сұхбат
Шетелдегі қандастарымыздың тарихи Отанына оралуы – ұлттық көші-қон саясатының маңызды бағыттарының бірі. Алайда, ата қонысқа табан тіреген ағайынның алдынан құжаттандыру, бейімделу сияқты біршама құқықтық кедергілердің шығатыны жасырын емес. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – Рудный қаласының жеке кәсіпкері Гүлдана Жақмұратова. Өзі де кезінде осы өткелдерден өткен Гүлдана Шақырбайқызы қазір Қостанай облысына көшіп келіп жатқан қандастарға заңды әрі рухани көмек көрсетуді өзінің басты миссиясына айналдырған.
– Мен Өзбекстан Республикасының тумасымын. Білім деңгейім жоғары, магистр дәрежесі бар маманмын. Мамандығым – мұғалім, ұстаздық салада 21 жылдық еңбек өтілім бар. Қазіргі уақытта бала күтіміндегі анамын. Тарихи Отаныма, қасиетті қазақ жеріне отбасыммен бірге 2023 жылдың 15 ақпанында көшіп келдім. Биыл ата жұртқа қон қондырғанымызға үш жыл толады.
– Алғаш келген жылдары бейімделу үдерісі қалай өтті? Құжат рәсімдеуде қиындықтар болды ма?
– Өзбекстанда жүргенде-ақ заңдылықтарды жақсы меңгергендіктен, маған құжат жағынан ешқандай қиындық туындаған жоқ. Барлық кезеңнен жеке өзім, ешкімнің көмегісіз өттім. Себебі, миграция, көші-қон мәселелерін заң аясында зерттеп, біліп отырдым.
– Мемлекеттік қызметтен бөлек жеке кәсіпті де қатар алып жүрсіз. Бұл идея қалай келді?
– Өзім құжат жинаудың бейнетін көргендіктен, өзге ағайынға жол көрсеткім келді. Бірінші кезекте анкета толтыру, өтініш жазу сияқты қарапайым көмектен бастадым. Қазіргі таңда бұл ісім үлкен консультациялық орталыққа айналды.
Қазір Қостанай облысына күн сайын ең кемі екі отбасы көшіп келеді. Жақында ғана пойыздан түскен үш отбасын күтіп алып, құжаттарын реттеуге кірістік.
– Қазіргі уақытта қандастар үшін заңнамада қандай өзгерістер бар? Не нәрсеге баса назар аудару керек?
– Бүгінгі таңда қандастарға қойылатын талаптар біршама жаңарды. Ең басты екі ерекшелікті атап өткім келеді. Біріншісі – қазақ тілін білу деңгейін анықтау тестілеуі. Қазір ұлтына қарамастан Қазақстанда тұруға ықтиярхат алатын барлық шетел азаматтары, сондай-ақ «қандас» мәртебесін алғысы келетін бауырларымыз қазақ тілінен тест тапсырады. Тест өте қарапайым, негізінен логикалық сұрақтар мен аудио-тыңдалымнан тұрады. Жатсынудың қажеті жоқ. Екіншісі – онлайн сауалнама және іріктеу критерийлері. Көшіп келушінің қолында міндетті түрде дипломы немесе еңбек кітапшасы болуы шарт. Егер бұл критерийлерге сай келмесе, онлайн жүйеден өте алмайды. Ал онлайн сауалнамадан өтпеу – қандас мәртебесін және Қазақстан азаматтығын алуға кедергі келтіреді.
– Шетелде отырған қандастарымызға қандай заңды кеңес берер едіңіз?
– Ең бірінші – құжаттардың тазалығы. Шетелде жүрген кезде-ақ туу туралы куәлік пен паспорттағы аты-жөнінің, әріптері мен сандарының дұрыс жазылуын мұқият тексеру қажет. Әріптен не саннан кеткен кішкентай қателік Қазақстанға келгенде ЖСН алу кезінде үлкен кедергілер тудырады. Екіншіден, қазір керемет мүмкіндік бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Мемлекет басшысының қолдауының арқасында, қандастарымыз өздері тұрып жатқан елде отырып-ақ онлайн тест тапсырып, онлайн сұхбаттан өтіп, құжаттарын толық дайындап алып көшіп келе алады.
Көші-қон мәселелері бойынша көмек қажет болса, мына мекенжай арқылы кәсіби кеңес ала аласыздар: Рудный қаласы, П. Корчагин көш., 114-үй, «Абсолют» сауда үйі, 4-кабинет. Қабылдаушы – жеке кәсіпкер Гүлдана Жақмұратова.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО