Жарты ғасырлық тәжірибе

Студенттердің анасындай болған Клара апай: «Ауырғаннан – ауырмаудың алдын алайық»

Жарты ғасыр өмірін медицина саласына арнаған жанның әңгімесі әрдайым бөлек. Кейіпкеріміз – Рудный технология және сервис колледжінің бас медбикесі Клара Седыкова. Ол атамекенге Өзбекстаннан қоныс аударған, жалпы медицина саласында 50 жылдық, ал аталған колледжде 18 жылдық еңбек өтілі бар қандасымыз.

Атамекенге оралу және алғашқы еңбек жылдары

– Клара Махмудқызы, өмірбаяныңызға қарасақ, Рудныйға алыстан келген екенсіз. Еңбек жолыңыз қалай басталды?

– Иә, мен Өзбекстаннан көшіп келдім. Ол жақта да медицина саласында отыз жылға жуық уақыт тапжылмай еңбек еттім. Қазақстанға келген соң, бірден жұмысқа орналастым. Алғашқы үш жылда №15 қазақ мектебінде медбике болдым. Ал 2008 жылдың қыркүйек айынан бастап осы Рудный технология және сервис колледжіне ауыстым. Содан бері, міне, 18 жыл уысымнан шықпай, осы жерде қызмет етіп келемін. Аллаға шүкір, көшіп келгеніме еш өкінбеймін, осы жерде тұрмысымыз түзелді, бес перзент өсіріп, бәрін ұяға қондырдық. Қазір бес ошақ болып бөлек кеткен балаларым мен жолдасым бар.

– Медицина саласы үнемі ізденісті талап етеді ғой…

– Ия, адам өмірден де, жұмыстан да жыл сайын тәжірибе жинайды ғой. Біліктілігіңді арттырған сайын көп нәрсені үйренесің. Жас кезімізде медицина саласында оқып келген мамандар аз еді. Бізге «жоқ» деген сөз болмайтын, бәрін өз қолымызбен істеп, үйреніп кеттік. Мен балалармен жұмыс істегенді өте жақсы көремін. Олардың қасында жүрсең уақытыңның қалай тез өткенін байқамайсың. Өз мамандығымды сүйгендіктен, бұл саладан еш кеткім келген емес.

Колледж студенттерінің денсаулығы – басты назарда

– Колледжде студенттердің денсаулығы қалай қадағаланады?

– Балалар бірінші курсқа құжат тапсырып келген бойдан-ақ біз олардың медициналық карталарын (№63, №112 формаларын) жинап, сараптама жасаймыз. Ең бірінші мақсат – баланың жаңа ортаға бейімделуі. Арасында басы ауырып, мазасы қашатындар болады. Сондай-ақ, емхананың жасөспірімдер кабинетімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Балаларды жоспарлы түрде диспансерлеуден өткіземіз. Қыз балалар жарты жылда бір, ұлдар жылына бір рет толық медициналық тексерістен өтіп тұрады. Қазіргі талап өте қатал. Тіпті қарапайым цитрамон немесе но-шпа таблеткасын бермес бұрын, біз міндетті түрде анасына телефон соғып, баланың аллергиясы бар-жоғын сұрап, рұқсат аламыз. Бұл – заңды бұйрық.

– Студенттер сізге көбіне қандай шағымдармен келеді?

– Қазіргі жастардың арасында асқазан аурулары өте көп. «Тамақ ішкенге дейін ауырды», «тамақтан кейін запыран шықты» деп келетіндер жиілейді. Өз бетімізбен ем қолдануға құқығымыз жоқ. Сондықтан алғашқы көмекті көрсеткен соң, бірден емхана дәрігеріне жолдама жазып береміз. Ал егер қатты жарақат немесе біздің шамамыз келмейтін жағдай болса, бірден жедел жәрдем шақырамыз. Бірақ жедел жәрдемді де орынсыз мазалай бермейміз. Мысалы, дене қызуы көтерілсе немесе бізде сондай диагнозы бар ұстамалы балалар бар, оларға алғашқы көмекті өзім бере аламын. Өйткені әр баланың денсаулық тарихы қолымда бар, соған қарай дәрі-дәрмек жазып беремін.

– Асқазан аурулары демекші, студенттердің денсаулығын жақсарту үшін қандай кеңес берер едіңіз?

– Студенттердің көбі таңертең уақытылы тұрмайды, сосын сабаққа ашқарынға келеді. Менің ең басты кеңесім: таңертең 15 минут ерте тұрыңыздаршы! Үйде асқазанды іске қосу үшін ең болмаса бір тілім нан жеп, бір кесе шай немесе кофе ішіп шығу керек. Аш жүруге мүлде болмайды. Аш жүрсең асқазан сөлі бөлініп, өз қабырғасын өзі жейді де, асқазан ауырады. Мұны балаларға да, олардың өндірістік шеберлеріне де үнемі айтып отырамын. Таңғы асын ішкен бала сабаққа да ширақ келеді.

– Жалпы, колледж бойынша созылмалы ауруы бар балалардың статистикасы қандай?

– Құдайға шүкір, жылдан-жылға денсаулығына байланысты дене шынықтыру пәнінен босатылатын балалардың саны азайып келеді. Мысалы, қазір біздегі 370 баланың ішінен тек 19 балада ғана сондай анықтама бар. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Демек, балалардың денсаулығы түзеліп келеді деген сөз.

– Колледжде салауатты өмір салтын насихаттау шаралары жиі өте ме? Басшылық тарапынан қолдау бар ма?

– Әрине, өте жиі өтеді. Кабинетімде әр тақырыпқа арналған арнайы папкалар, ақпараттық материалдар дайын тұрады. Колледждің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына барып, «осындай шара өткізейік» десем, бірден қолдап, белсенді залын дайындап береді. СӨС (салауатты өмір салты) орталығынан дәрігерлерді шақыртамыз, олар келіп дәріс оқиды. Сондай-ақ «Денсаулық күні» аясында керемет флешмобтар, спорттық шаралар ұйымдастырылады. Оған біздің дене шынықтыру мұғалімдері, соның ішінде Бейбіт ағай өте қатты көмектеседі. Кабинетімізді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде колледж директоры Айгүл Татьянова ешнәрсе аямайды, қандай дәрі керек десем, бірден сатып алып береді.

– Сөз соңында ата-аналарға айтар тілегіңіз немесе ескертуіңіз бар ма?

– «Денсаулық – терең байлық». Ауырғаннан – ауырмаудың алдын алайық. Қазір, өкінішке қарай, көптеген ата-аналар балаларына жоспарлы екпе салдырудан қашады. Мен ата-аналардан осы мәселеге түсіністікпен қарап, үрейленбеуін сұрар едім. Екпе – жұқпалы аурулардан қорғайтын жалғыз қалқан. Балаларымыз ауырмасын, дені сау ұрпақ көп болсын!

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО