Ессіз елікпе!

Рудныйда Нашақорлыққа қарсы халықаралық күн аясында оқушыларға арнап танымдық сағаты өткізілді

Нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрестің халықаралық күніне орай, Рудный қаласындағы Мемлекеттік тілдегі кітапханада жас ұрпақтың санасына салауаттылық ұялату мақсатында үлкен ақпараттық-түсіндіру сағаты ұйымдастырылды. Бейімбет Майлин атындағы мектептің жазғы лагерінде демалып жатқан 5, 6 және 7-сынып оқушыларына арналған бұл іс-шара «Азғыруға қарсы тұру» ұранымен өтті.

Шараның басты мақсаты – балалар арасында зиянды әдеттердің алдын алу, салауатты өмір салтын ұстанудың маңызын түсіндіру және оларға денсаулықтың адам өміріндегі ең басты байлық екенін ұғындыру.

Кітапханашы Жанагүл Бүргешбаеваның айтуынша, бұл тақырыптың таңдалуы кездейсоқ емес. Соңғы кездері нашақорлық дертіне шалдығатын жастардың қатары жасарып барады. Атап айтқанда, 17 жастағы, тіпті одан да төмен 15 жастағы жасөспірімдердің осы зиянды жолға түсу фактілері жиілеп отыр. Сондықтан бұл қауіпті үрдістің алдын алу және жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру мақсатында осындай насихат жұмыстары ауадай қажет.

«Адамның ең басты байлығы – денсаулығы. Соңғы кездері осы нашақорлықпен шұғылданып жатқан жастардың 17 жастан, тіпті одан да төмен 15 жастағы жасөспірімдер арасында көбейіп бара жатқаны байқалады. Соған қарсы тұру және алдын алу үшін біз осы тақырыпты таңдап, жастарға насихаттап отырмыз», – деп атап өтті Жанагүл Фаракатовна.

Іс-шара барысында оқушылар тек тыңдаушы болып қана қоймай, өздерінің белсенділіктерімен де ерекшеленді. Балалар бұл қасіретті дертке деген өздерінің ішкі қарсылықтары мен жаман көру сезімдерін, есірткіден аулақ болу керектігін шығармашылық жолмен білдірді. Олар үйлерінен арнайы суреттер салып келіп, өз ойларын бейнелеу өнері арқылы ашып көрсетті.

Сонымен қатар, шара барысында балалардың логикасы мен білімін ұштау үшін «Алтын сандық» атты танымдық ойын ұйымдастырылды. Ойын шарты бойынша оқушылар денсаулық, салауаттылық туралы мақал-мәтелдерді жалғастырып, өздерінің тапқырлықтарын танытты. Тақырыпты тереңірек сезіндіру мақсатында балаларға «Нашақорлыққа жол жоқ!» атты арнайы бейнематериал көрсетілді. Бейнебаян арқылы есірткіге жолаудың қаншалықты зиян екені, оның торына бір түскен адамның қайта шығуы өте қиын болатыны және адам өмірін қалай улайтыны айқын дәлелденді.

Ұйымдастырушылар іс-шара барысында оқушылардың еркін сөйлеп, өз пікірлерін ашық білдіруіне барынша жағдай жасады. Мұндай ашық пікір алмасу сәтінде балалар пайдалы әдебиеттермен танысып, өзара ой бөлісті.

Жазғы демалыс уақытында өздерінің алтын уақыттарын бөліп, кітапханаға келіп, белсенділік танытқан, білімге ұмтылған және өз ойын еркін жеткізген оқушыларға шара соңында ерекше марапат ретінде тәттілер мен арнайы сыйлықтар таратылды. Жас ұрпақтың салауатты болашағы үшін жасалған бұл қадам кітапхана мен мектеп арасындағы тығыз байланыстың және балалардың құқықтық әрі салауаттық сауаттылығын арттырудың жарқын көрінісі болды.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО