Күмбірлеген Рудный

«Ұлы дала мұрасы»: Рудныйлық жас күйшілер «Орбитада» бақ сынасты

Рудный қаласында Ұлттық домбыра күніне орай «Ұлы дала мұрасы» атты қалалық домбырашылар байқауы жоғары деңгейде өтті.  «Орбита» демалыс орталығында ұйымдастырылған бұл дүбірлі додада жас таланттар соло, дуэт және ансамбль номинациялары бойынша бақ сынасты. Әрбір қатысушының көзінен ұлттық өнерге деген сүйіспеншілік пен жеңіске деген ұмтылыс анық байқалып тұрды.

Бұл байқау әртүрлі жас ерекшеліктеріне сай бірнеше кезең бойынша ұйымдастырылып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сайыс барысында ұлттық өнерді насихаттауға белсенді атсалысқан ұстаздар мен педагогтарға арнайы алғыс білдіріліп, марапаттау рәсімі өтті.

Осы додада бақ сынап, оқ бойы озық шыққан жас күйшілер өз әсерлерімен бөліскен еді.

Рудный қаласының №21 гимназияның 9-сынып оқушысы Расул Алмат:

– Мен бұл конкурсқа мектебімнің атынан қатыстым. Бұған дейін де бірнеше рет бағымды сынағанмын. Ансамбльмен бірге «Дала рухы» күйін орындадық. Домбырамен айналысып жүргеніме 3 жыл болды, 6-сыныптан бері тартамын. Қазір репертуарымда «Адай», «Балбырауын», «Ерке сылқым», «Ер Тұран», «Дала рухы» сияқты 10-нан астам күй бар. Мектепішілік және қалалық сайыстарда тек 1 және 2-орындарды иеленіп келемін. Сахнаға шығып, өнер көрсеткен маған өте ұнайды.

Рудныйлықтар үшін бұл жалғыз мереке емес. Еске сала кететін, қала тұрғындарының мақтанышын оятқан тағы бір ауқымды шара бұдан бөлек күнде Рудный қаласының орталық алаңында өткен болатын. Ұлттық Домбыра күніне арналған мерекелік концертте бір мезетте 400 домбырашы бас қосып, бірлесе күй төккен еді. Жұрттың рухын көтерген ұлы оркестрдің құрамында мектеп мұғалімдері, оқушылар және «Алтын домбыра» студиясының тәрбиеленушілері бір шығармашылық арнада тоғысты. Ерекше атап өтетін жайт – алаңды күмбірлеткен 400 күйшінің ішінде 250 оқушы дәл осы «Алтын Домбыра» студиясынан шыққан жас таланттар болатын.

«Алтын домбыра» студиясының оқушысы әрі сайыс қатысушысы Диас Сламханов та өз әсерімен бөлісіп, жетекшісіне алғысын білдірді:

– «Ұлы дала мұрасы» атты қалалық домбырашылар байқауында Құрманғазының «Аман бол, шешем, аман бол» күйін тарттым. Жалпы 30-ға жуық күй білемін. Олардың ішінде «Адай», «Балбырауын», «Ерке сылқым», «Сарыарқа», «Бозінген», «Ақжелең» бар. Байқауға дайындалу үшін таңнан кешке дейін қолымды жаттықтырып, күйлерді қайталап жаттадым. Маған домбыраның үні өте ұнайды. Осы уақытқа дейін «Импульс» және басқа да сайыстардан 4-5 кубок жеңіп алдым. Ұстазым Назгүл Дүйсеноваға және студияма көп рақмет айтамын.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО