Бозкілемде шыңдалған мінез

Дзюдо үйірмесіндегі темірдей тәртіп рудныйлық жастардың өмірін қалай өзгертуде?

Рудный қаласының спорттық инфрақұрылымында, соның ішінде шаһардың бас спорттық нысаны – «Горняк» спорт кешенінде бұқаралық спортты дамыту жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Бүгінде кешен қабырғасында ересектермен қатар, балалар мен жасөспірімдердің физикалық сауаттылығын арттыруға бағытталған бірнеше секциялар тұрақты жұмыс істейді. Солардың ішінде өскелең ұрпақтың табандылығы мен тән тәрбиесін қатар шыңдап келе жатқан бағыттың бірі – дзюдо үйірмесі.

Аталған спорт түрі тек физикалық күшті ғана емес, сонымен бірге спорттық этика мен ішкі тәртіпті қалыптастырудың негізгі құралына айналып отыр. Үйірменің тыныс-тіршілігі, спортшылардың дайындық деңгейі және алға қойған мақсаттары туралы осы секцияның белді шәкірттері мен білікті бапкері Жәнібек Нағысхан толыққанды ақпарат берген болатын.

– Еңбек жолымды 2016 жылы қазіргі Бейімбет Майлин ауданында әдіскер қызметінен бастадым. Уақыт өте келе жұмыс нәтижесі көрсетіліп, осы салаға қызығушылығым артқан соң, бапкерлік бағытты толықтай таңдадым. Сондай-ақ, бұл спортқа келуіме өз әкемнің бағыт-бағдар беруі үлкен септігін тигізді. Өзімнің де алғашқы тәлімгерім өте талапшыл, өз ісінің нағыз маманы болған кісі еді. Сондықтан бүгінгі жетістіктерімді сол ұстазымның сіңірген еңбегінің жемісі деп білемін. Алдағы уақыттағы негізгі мақсатым – осы үйірменің ауқымын одан әрі кеңейтіп, болашақта жеке дзюдо мектебін ашу, – дейді бапкер.

– Болашақ чемпиондарды іріктегенде ең алдымен қандай қасиеттерге назар аударасыздар? Қабылдау кезінде басты талаптар қандай?

– Үміткерлерді қабылдау барысында ең алдымен олардың физикалық дайындығына қараймыз. Әрине, балалардың деңгейі әртүрлі болады, біреуі дайын, біреуі дайындықсыз келеді. Сонымен қатар, біз баланың ақыл-ойына, логикалық ойлау және шешім қабылдау қабілетіне ерекше мән береміз. Себебі белдесу үстінде жылдам әрі дұрыс шешім қабылдай білу – жеңістің басты кепілі.

– «Қыз балаға күрес жараспайды» деген пікірлер әлі де кездеседі. Қыздардың күреспен айналысуына қатысты қоғамдағы мұндай стереотиптерге көзқарасыңыз қандай?

– Көптеген ата-аналар қыз балаларын түрлі жарақаттардан қорқып, күрес үйірмелеріне жіберуге тартынатыны жасырын емес. Алайда, бұл қалыптасқан қате түсінік. Біздің секциямызда қыз балалар да өте жоғары деңгейде тәлім алып, халықаралық, аймақтық жарыстарда чемпион атанып, нәтиже көрсетіп жүр. Бұл спорт түрі қыз баланың бойында өзін қорғай білу қасиеті мен мінез беріктігін қалыптастырады.

– Дзюдода тәртіп пен талап қаншалықты маңызды? Ал спортшылардың киімі мен жарысқа қажетті құрал-жабдық мәселесі қалай шешіледі?

– Әр спорт түрінің өзіндік қатаң ережелері болады. Біздің спорттағы басты қағида – қарсыласыңа жоғары деңгейде құрмет көрсету және этиканы сақтау. Ал материалдық жарақтандыру мәселесіне келсек, алғашқы кезеңде ата-аналар балаларына базалық спорттық киім – кимононы өздері сатып алып береді. Дегенмен, халықаралық деңгейдегі ірі ресми жарыстарда қарапайым кимономен өнер көрсетуге рұқсат берілмейді, оның арнайы халықаралық стандарттары болады. Мұндай жағдайларда біз бапкерлер құрамы ретінде белсенділік танытып, спортшыларымызды сапалы киіммен қамтамасыз ету үшін арнайы демеушілер іздестіру жұмыстарын жүргіземіз.

Үйірмеде екі жыл бойы тұрақты түрде жаттығып, айтарлықтай нәтиже көрсетіп жүрген спортшының бірі – Айгерім Каримова. Жас спортшының айтуынша, дзюдо адам денсаулығына жан-жақты оң әсерін тигізеді.

– Біз аптасына 5-6 күн, белгіленген кестеге сай тұрақты жаттығамыз. Жұмыс процесі жоғары деңгейде ұйымдастырылған: алдымен міндетті түрде денені қыздыру кезеңі өтеді, содан кейін тік тұру қалыптарында қолданылатын негізгі әдіс-тәсілдерді пысықтаймыз. Бұл салаға келуіме отбасымдағы ағаларымыздың күрес өнеріне жақындығы да ықпал етті, – дейді ол.

Айгерім өзінің алғашқы ресми жарысына осыдан екі жыл бұрын Рудный қаласында қатысып, 52 келі салмақ дәрежесінде бірінші орынды иеленген. Алғашқы белдесулердегі психологиялық қобалжулар мен уайымдарға қарамастан, ол бүгінде Спорт шеберіне үміткер дәрежесіне жеткен. Спортшы қыз қазіргі уақытта Рудный қаласындағы №14 әскери бағыттағы мектепте білім алады. Оқу орнының ерекшелігіне сай, спорттан тыс уақытта әскери-тактикалық дайындық істерін де қатар меңгеріп жүр. Болашақтағы негізгі мақсаты – алдағы ірі жарыстарға сапалы дайындалып, чемпиондық тұғырдан көріну. Өз сөзінде ол бапкері Нағызхан Жәнібектің кәсіби біліктілігі мен үйрету әдістемесіне ерекше алғысын білдірді.

Үйірменің тағы бір белсенді мүшесі – Думан Ким. Ол дзюдомен 8 жасынан бастап айналысып келеді. Осы кезең ішінде спортшы тек ішкі біріншіліктерде ғана емес, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерінде өткен халықаралық турнирлерде бақ сынап, жүлделі орындарды иеленген.

– Отбасымызда спорт жолын таңдаған жалғыз менмін. Бұл үйірмеге алғаш рет әкем үлкен мақсаттармен жетелеп әкелген еді. Дзюдоның маған ұнайтын басты қасиеті – мұнда темірдей тәртіп пен жоғары деңгейлі тәрбие бар. Сонымен қатар, халықаралық жарыстардың арқасында көптеген елдерді көруге мүмкіндік туады, – деп атап өтті Думан Ким.

Сұхбат соңында Жәнібек Нағысхан дзюдо үйірмесінің есігі барша балаға ашық екенін жеткізді:

– Есігіміз әрдайым ашық! Барлық рудныйлық балалар мен жасөспірімдерді дзюдо үйірмесіне шақырамын. Мұнда тәжірибесі мол, өз ісін сүйетін жақсы бапкерлер қызмет етеді. Келіңіздер, шынығыңыздар, чемпион болыңыздар!

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО