Күн көзіне аллергия

Жазда теріні ыстықтан қалай қорғаймыз?

Жаз айлары басталғанда терінің қызаруы, бөртпе басуы немесе қышуы сияқты мәселелер жиілейді. Көпшілік мұны жай ғана «күнге күю» деп ойлайды, бірақ бұл – медицинада фотодерматит деп аталатын нағыз ауру белгісі болуы мүмкін.

Бұл жазғы кезеңде теріні қалай күту керек және күн аллергиясынан қалай қорғану қажет екендігі туралы Рудный қалалық емханасының дәрігері Туйхан Хашимовпен сұхбаттасқан едік.

– Негізі, көпшілік күн сәулесінің өзін тікелей аллерген деп түсінеді. Бірақ ғылыми тұрғыдан күн сәулесінің өзі аллерген емес. Мәселе мынада: ультракүлгін (УФ) сәулелері адам терісінің бетіне немесе оның терең қабаттарына түскен кезде, ондағы кейбір цзаттардың құрылымын өзгертіп жібереді. Осы өзгеріс терінің күнге деген сезімталдығын арттырады. Осы сәтте біздің иммундық жүйеміз іске қосылып, оған реакция береді. Осыдан барып теріде бөртпе пайда болады, қышиды және қызарады. Міне, осы процесті медицинада біз фотодерматит немесе фотодерматоз деп атаймыз.

– Күн аллергиясының белгілері қандай және ол дененің қай жерлерінде жиі кездеседі?

– Ең басты белгісі – аллергия тек күн сәулесі тікелей түскен жерлерде ғана пайда болады. Ең жиі кездесетін орындар құлақ, мойын, бет терісі. Ал қол мен аяқта сәл сиректеу кездеседі. Белгілеріне келетін болсақ: тері қызарады, ісінеді, ұсақ бөртпелер қаптап, қатты қышиды және ашып ауырады. Кейде тіпті адамның жүрегі айнып, құсқысы келуі де мүмкін. Терісі ақ, нәзік және өте жұқа адамдар, сондай-ақ жас балалар күн аллергиясына өте бейім келеді

– Егер күнге шыққанда теріміз осылай аллергия берсе, ең алғашқы көмек ретінде не істеуіміз керек?

– Күн сәулесі кей адамдарда терінің қызарып, қышып, бөртіп кетуіне немесе аллергиялық реакциялардың пайда болуына себеп болуы мүмкін. Мұндай жағдайда ең бастысы – уақытты созбай, дұрыс алғашқы көмек көрсету. Егер күн астында жүргенде теріңіз қызарып, аллергияның алғашқы белгілерін сезсеңіз, ең алдымен күн көзінен алыстау қажет. Мүмкіндігінше тез арада көлеңкелі жерге немесе салқын бөлмеге кірген жөн. Бұл теріге түсетін ультракүлгін сәуленің әсерін азайтып, жағдайдың ушығуына жол бермейді. Келесі қадам – теріні салқындату. Аллергия пайда болған аймаққа таза әрі салқын суға малынған матаны немесе компресс басу қызуды басып, жайсыздықты азайтуға көмектеседі.

– Жаз мезгілінде күннен қорғайтын кремдерді қалай дұрыс таңдап, қалай қолдану керек?

– Бұл өте маңызды мәселе. Күннен қорғайтын кремдердің сыртында 15, 20, 30, 50 деген сандар жазылып тұрады. Бұл – оның қорғаныс деңгейі. Мысалы, SPF 30 кремдері күн сәулесінен 90%-дан астам қорғаса, SPF 50 кремдері теріні 95-98%-ға дейін толық сақтайды. Кремді қолданудың басты құпиясы: оны далаға шығардан дәл алдын емес, кем дегенде 30 минут бұрын жағу керек. Себебі крем теріге сіңіп, өзінің қорғаныс қабатын түзу үшін жарты сағат уақыт қажет. Егер жағып алып бірден далаға шығып кетсеңіз, оның ешқандай пайдасы болмайды, тері бәрібір күйіп кетеді.

Алдын алу шаралары! Маман фотодерматиттің алдын алу үшін күнделікті өмірде қарапайым сақтық шараларын әдетке айналдыру қажет екенін айтады. Әсіресе жаз мезгілінде теріні күн сәулесінің зиянды әсерінен қорғауға ерекше мән берген жөн. Ең алдымен, күннің белсенділігі ең жоғары болатын сағат 11:00 мен 16:00 аралығында тікелей күн астында ұзақ жүрмеуге тырысқан дұрыс. Дәл осы уақытта ультракүлгін сәулелердің әсері күшейіп, теріге кері ықпал ету қаупі артады. Сондай-ақ сыртқа шығарда киім таңдауға да назар аудару қажет. Туйхан Шерзатұлы жаз айларында косметикалық процедураларға да сақтықпен қарауға кеңес береді. Әсіресе пилинг секілді процедуралардан кейін тері күн сәулесіне аса сезімтал болып кетуі мүмкін. Сондықтан мұндай күтім түрлерін жаз мезгілінде кейінге қалдырған жөн немесе одан кейін теріні күннен өте мұқият қорғау қажет.

Сұхбат соңында дәрігер ең бастысы – кез келген дәрі-дәрмекті немесе емдік кремдерді қолданбас бұрын міндетті түрде дәрігермен кеңесіп, оның нұсқауларын орындау қажет екенін атап өтті.

 

Жанарай НҰРМАХАН,

суретті түсірген Даниил САЕНКО