«Имани жаз – 2026»: Мешіттегі сауат ашу курсы қорытындыланды
Еліміздің рухани ордасы саналатын мешіттерде жас буынның имандылық әліппесін танып, әдептілік мектебінен өтуі игі дәстүрге айналған. Биылғы жаз айының басында, нақтырақ айтсақ, 1 маусымнан бастау алған «Имани жаз – 2026» жазғы сауат ашу курсы өз мәресіне жетіп, бүгін шәкірттерге сертификат тапсыру салтанатты рәсімі өтті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) арнайы бекіткен бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бұл игі шара жылдағы қалыптасқан үрдіс бойынша биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бір ай бойы діни әліппемен сусындаған 15 қыз бала мен 8 ұл бала дәрісті сәтті аяқтап, алғашқы рухани құжаттарына қол жеткізді.
Мешіт қабырғасында өткен қорытынды шараға шәкірттермен бірге олардың ата-аналары, мешіт ұжымы және ақсақалдар қатысты. Басқосу барысында ел ағалары, ардақты ақсақалдар жас өрендерге ақ батасын беріп, болашақта елінің елеулі, халқының қалаулы азаматтары болуын тіледі.
«Бұл курстың басты мақсаты – балаларға тек діни білім беріп қана қоймай, бойларына имандылықты, кішіпейілділікті, тәртіп пен әдептілікті ұялату. Біз ең алдымен шәкірттердің әдеп жағына көбірек мән беріп, тәртіп мәселесіне басымдық танытамыз. Мұратымыз – иманды, білімді әрі білікті ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосу», – дейді Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Серік Рахым.
Бұл игі бастама тек жазғы маусыммен шектеліп қалмайды. Мешіт жанындағы сауат ашу курстары жыл он екі ай бойы үздіксіз жұмыс істейді. Алдағы уақытта да «діни сауатымды ашамын, Құран оқып, хадис үйренемін, шариғат негіздерін танимын» деуші кез келген шәкірт үшін сенбі және жексенбі күндері есік әрдайым ашық.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО