Сәнді үрдісті табысты бизнеске айналдырған рудныйлық іскер әйелмен сұхбат
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірегейлікті сақтау мен төл мәдениетімізді ұлықтаудың маңызын үнемі айтып келеді. Бүгінде қоғамда, әсіресе жастар арасында ұлттық киімге, этно-детальдарға деген сұраныс жоғары. Сәнді үрдісті бизнеске айналдырып қана қоймай, Тобыл-Торғай өңірінде қазақы нақышты насихаттап жүрген кәсіпкерлердің бірі – Ғазиза Құнанбаева.
Өзбекстаннан атамекенге қоныс аударып, Рудный қаласында өз ісін дөңгелетіп отырған көп балалы ананың жетістік тарихы көпке үлгі. Бүгін біз кейіпкерімізбен кәсіптің қыр-сыры, мемлекеттік қолдаудың игілігі мен алдағы жоспарлары жайында әңгімелескен едік.
– Ғазиза Қаржаубайқызы, әңгімемізді кәсіпке келген қадамыңыздан бастасақ. Бұл салаға бет бұруыңызға не түрткі болды?
– Мен Рудный қаласына 2014 жылы көшіп келдім. Қазақстан азаматтығын алғаныма 12 жыл болды. Ал осы кәсіпке 2023 жылдан бастап бет бұрдым. Рудныйда ұлттық нақыштағы сапалы киімдердің, той жабдықтарының тапшы екенін көзіммен көрдім де, осы олқылықтың орнын толтыруды ұйғардым. Бастапқыда үлкен ательелерге тапсырыс беріп, киімдер тіктірдім. Негізінен балалар өлшеміндегі киімдерден бастадым, ауқымды модельдерге бірден бара қойған жоқпын.
– Декреттегі ана үшін істі бастау оңай болмаған шығар?
– Иә, мен көп балалы анамын, ол кезде декреттік демалыста отырғанмын. Тұсаукесер, тілашар, сүндет той, сырға салу және қыз ұзату сияқты шараларға арналған киімдердің азғантай ғана жиынтығымен бастадым. Тауардың барлығы үйімде тұратын, соларды үйде отырып-ақ жалға беріп жүрдім. Әрине, қаржылық қолдаусыз бірден дүкен ашып кету оңай емес. Сондықтан жан-жақтан естіп, мемлекеттік грантқа өтінім беруді ұйғардым.
– Мемлекеттік грантты ұтып алу үдерісі қалай өтті? Өз жобаңызды қалай қорғадыңыз?
– Балалар киімін, тойбастар корзиналарын тігу, моншақтармен әшекейлеу, ободок жасау – бәрі қолымнан келетін еді. Осы шеберлігімнің барлығын бейнежазбаға түсіріп, бизнес-жоба әзірледім. Комиссия алдында «егер маған мүмкіндік берілсе, бұл істі әрі қарай дамытамын» деп мақсатымды қорғап шықтым. Нәтижесінде грант жеңімпазы атанып, сол кездегі есеппен 400 АЕК (шамамен 1,5 миллион теңге) көлемінде қайтарымсыз қаражат алдым. Ол ақшаға ең қажетті құрал-жабдықтарды: тігін машиналарын, бу үтігін және стеллаждарды сатып алып, мемлекет алдында толық есеп бердім. Осылайша Рудныйдағы «Жақсы» сауда үйінен өз дүкенімді аштым.
– Содан бері екі жыл уақыт өтіпті. Бүгінде ассортимент қаншалықты кеңейді? Сұраныс қалай?
– Құдайға шүкір, дүкеннің ашылғанына екі жыл толды. Осы уақыт ішінде өстік, өндік. Қазір тек балалар киімі емес, ассортиментке сәнді той көйлектері, қыз ұзатуға арналған киімдер, қыз жолдастардың көйлектері мен ер азаматтарға арналған смокингтер қосылды. Осы жылы ұсынысымызды тіпті үлкейттік. Жастар біліп, арнайы келіп жатыр. Екі жыл ішінде қалыптасқан тұрақты клиенттеріміз де бар. Мысалы, кезінде ұзатылған қыз келін болып түсіп, қазір бірлі-жарымды балалы болып, енді сол сәбилерінің тұсаукесеріне немесе сүндет тойына киім іздеп бізге қайта келеді. «Клиент клиентті тартады» демекші, бізді біріне-бірі кеңес беріп, жарнамалап жататындар көп.
– Өнімдеріңіздің сапасы мен баға саясаты туралы айта кетсеңіз. Киімдерді қайдан алдыртасыз?
– Біздің ең ауқымды серіктесіміз – Шымкент қаласы. Ұлттық нақыштағы киімдерге келгенде ол жақтың тігіншілерінің шеберлігі өте жоғары. Сапалы маталармен, машинамен емес, таза қолөнермен, кестелеп, ою ойып тігеді. Басында арнайы бизнес-пакетін сатып алып, серіктестік орнаттық. Қымбат болса да, сапа үшін тауарды Шымкенттегі фабрикалардан алдыртамын. Ал дайын келген тауарларды осы жерде комплектациялаймыз. Тек балалар киімін, оның ішінде бас киімдерін, тақияларын өз қолыммен дайындаймын. Егер қыздар киімді жалға алмай, мүлдем өздеріне алып қалғысы келсе, бөлек тігіп те бере аламыз. Бағаға келсек, балалар киімі 3 000 теңгеден, үлкендердікі 5 000 теңгеден (жалға беру), ал салтанатты той көйлектері 50 000 теңгеден басталады. Баға матаның сапасы мен фасонының күрделілігіне қарай өзгереді. Негізінен жалға береміз, бірақ сатып аламын деушілерге де тауып береміз.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай? Кәсіпті одан ары кеңейту ойда бар ма?
– Әрине, болашақта ісімді үлкейткім келеді. Қазір Рудный бойынша тек бір ғана нүктедеміз (50 лет Октября көшесі, 20-үй, «Жақсы» сауда үйі, 2-бутик). Алдағы уақытта балалар киімін бір бөлек, тойбастар сияқты дүниелерді бір бөлек, ал салтанатты той киімдерін жеке бір орында ұсынып, сату және жалға беру дүкендерін бөлек-бөлек ашқым келеді. Әзірге дүкенде өзім ғана жұмыс істеймін, бірақ келешекте көмекшілер алып, жұмыс орындарын құру жоспарымда бар. Сонымен қатар, қазір қаладағы Кәсіпкерлер одағының мүшесімін. Басқа да бизнес иесі ханымдармен бірлесіп, Айт мерекелерінде дастарқан жайып, қонақ шақырып, қайырымдылық шараларымен айналысып тұрамыз.
– Бүгінде іс бастауға жүрексініп жүрген жастарға, қыз-келіншектерге кәсіпкер ретінде қандай кеңес айтар едіңіз?
– Бүгінде қазақтың ұлттық киіміне, әрбір этно-детальға сұраныс жоғары, бұл үлкен трендке айналды. Мұны көріп қатты қуанамын. Бұл – ұлттық нақышты, тіліміз бен дінімізді ұлықтаудың бір жолы. Жастарға айтарым: ізденіңіздер, қорықпаңыздар! Кейде жоқтан барды жасауды да үйрену керек. Қандай да бір істі бастарда тәуекелге бел буып, батыл қадам жасау қажет. Солай істесеңіз ғана ісіңіз алға басады. Кезінде мен де осындай жеке дүкенім болып, сіздерге сұхбат беріп отыратынымды ойламаған едім. Еңбек пен тәуекел түбі – береке.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО