Рудныйда заңсыз тасымалдаушыларды анықтауға және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті
28-30 шілде аралығында Рудный қаласының полиция қызметкерлері «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бұл тоқсан сайынғы бастамасы жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, заңсыз жеке тасымалдау қызметімен айналысатын жүргізушілерді анықтауға және жол қозғалысының елеулі ереже бұзушылықтарына қарсы шаралар қабылдауға бағытталған.
Рейдтер барысында қоғамдық автокөлік, такси және жолаушы тасымалдауға пайдаланылатын автокөлік құралдарының жүргізушілеріне ерекше назар аударылды. Полиция қызметкерлері қажетті құжаттардың болуын, тасымалдау қызметінің заңдылығын және автокөлік құралдарының техникалық жай-күйін тексерді.
Рудный қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция ротасының аға инспекторы, полиция капитаны Әділ Қауменовтың айтуынша, жол қозғалысы жағдайын бақылау және құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында күн сайын қала көшелеріне бес патрульдік экипаж шыққан.
«Рудный қаласында 28-30 шілде аралығында «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Оның басты мақсаты — жеке автокөлікпен заңсыз жолаушы тасымалдаумен айналысатын жүргізушілерді анықтау және оларды жауапкершілікке тарту. Полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушылардың тарапынан жасалған жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзу фактілерін анықтау үстінде, бұл ретте жолаушылар мен жүк тасымалдайтын жүргізушілерге ерекше назар аударылады», — деп атап өтті Әділ Кауменов.
Аға инспектордың айтуынша, автокөліктер жол қозғалысы ережелерін бұзудан басқа себептермен де тоқтатылады. Жедел-профилактикалық іс-шара кезінде полиция қызметкерлеріне заңды талаптардың сақталуын тексеру үшін автокөліктерді тоқтатуға рұқсат етіледі.
«Автокөлік құралдары негізінен жол қозғалысы ережелерін бұзған жағдайда тоқтатылады. Дегенмен, жедел-профилактикалық іс-шара аясында және Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» Заңының 52-бабына сәйкес, патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушілердің құжаттарын, автокөлік құралын пайдаланудың заңдылығын, сондай-ақ жүргізушінің жолаушыларды заңсыз тасымалдаумен айналысып-айналыспағанын тексереді. Егер жеке тұлғаның жолаушыларды заңсыз тасымалдау дерегі расталса, жүргізуші Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Содан кейін іс материалдары шешім қабылдау үшін Рудный қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жолданады», — деп түсіндірді полиция капитаны.
Құқық қорғау органдарының үш күндік жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 80 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Олардың қатарында жолаушылар тасымалына қатысты қауіпсіздік талаптарын бұзу, автокөлік жүргізу кезінде ұялы телефонды пайдалану және техникалық ақауы бар автокөлік құралдарын басқару жағдайлары бар.
Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде үш автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
Жедел-профилактикалық іс-шарасына барлығы 90 полиция қызметкері мен 30 патрульдік автокөлік жұмылдырылды. Бұл қала жолдарының ең қарқынды учаскелері мен жолаушылар автокөлігі шоғырланатын орындарды бақылауға мүмкіндік берді.
Қорытындылай келе, Әділ Кауменов жол қозғалысына қатысушылардың барлығын қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.
«Құрметті жүргізушілер! Сіздерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, зейінді болуға және асығыстыққа жол бермеуге шақырамыз. Жүргізушілер жылдамдық режимін сақтап, автокөлік басқару кезінде ұялы телефонды пайдаланбауы, жолға толық назар аударуы және қауіпсіздік белдігін міндетті түрде тағуы тиіс. Ал жаяу жүргіншілер жолды тек арнайы белгіленген жерлермен өтуі міндетті. Жолдағы қауіпсіздік — әркімнің жауапкершілігі», — деп атап өтті патрульдік полиция ротасының аға инспекторы.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасын тұрақты түрде өткізіп тұрады. Оның негізгі мақсаты — жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыру, жеке автокөлікпен заңсыз тасымалдау қызметінің жолын кесу және жол қозғалысына қатысушылардың барлығына заң талаптарын қатаң сақтау қажеттілігін еске салу.
Снежанна АЖҒУЖИЕВА,
суретті түсірген Даниил САЕНКО