Рудный қалалық емханасындағы мемлекеттік қызметтер мен медициналық көмектің қолжетімділігі жайлы
Халықтың денсаулығын нығайту, медициналық көмектің сапасын арттыру және мемлекеттік қызметтерді азаматтарға мейлінше қолжетімді ету – отандық денсаулық сақтау саласының басты басымдықтарының бірі. Рудный қалалық емханасының мамандарымен жүргізілген арнайы сұхбат барысында тұрғындарға мекемеде ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің түрлері, оларды алудың жеңілдетілген жолдары мен заманауи цифрлық мүмкіндіктер жан-жақты түсіндірілді.
Рудный қалалық емханасы бас дәрігерінің медициналық бөлім жөніндегі орынбасары Жандос Рахметовтің сөзінше, емдеу мекемесі бекітілген тұрғындарға кең ауқымды мемлекеттік қызметтер ұсынады. Бүгінде Рудный қалалық емханасы тұрғындарға бірқатар мемлекеттік қызмет түрлерін ұсынады. Атап айтқанда, азаматтар дәрігерді үйге шақыртуға, еңбекке уақытша жарамсыздық парағын ресімдеуге және алуға, мектеп оқушылары мен колледж, жоғары оқу орны студенттеріне арналған уақытша жарамсыздық туралы анықтамаларды (№073, №075 және өзге де нысандар) рәсімдеуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар емханада тегін дәрі-дәрмекке рецепт жаздыру, дәрігер қабылдауына алдын ала жазылу және медициналық ұйымға тіркелу қызметтері көрсетіледі. Жандос Жарылқасынұлы бұл мемлекеттік қызметтердің барлығы заңнама талаптарына сәйкес ресми тәртіппен реттелгенін атап өтті.
Халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында емхананың бірінші қабатында арнайы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылған. Бұл электронды бұрышта азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталықтарына сабыла бермей-ақ, eGov.kz порталы арқылы тікелей медициналық мекеме ішінде алуға мүмкіндік береді. Мұнда азаматтар электронды цифрлық қолтаңбаны қайта рәсімдеп немесе жаңарта алады, мобильді азаматтар базасына тіркеліп, телефон нөмірін жеке сәйкестендіру нөміріне байланыстыра алады. Сонымен қатар наркологиялық, психоневрологиялық және туберкулезге қарсы диспансерлерде есепте тұрмайтыны туралы анықтамаларды алу, емханаға тіркелуге онлайн өтінім беру, сондай-ақ eGov жүйесіндегі цифрлық құжаттар мен денсаулық сақтау саласындағы электронды сервистерді пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.
Тұрғындарды жиі мазалайтын сұрақтардың бірі – тегін дәрі-дәрмектерді алу тәртібі де егжей-тегжейлі түсіндірілді. Созылмалы аурулары бар диспансерлік есепте тұрған пациенттерге (мысалы, артериялық гипертензия, қант диабеті және т.б.) ҚР Денсаулық сақтау министрінің №75 бұйрығына сәйкес тегін льготалық фармацевтикалық препараттар беріледі. Дәрі-дәрмектерді алудың стандартты жолы – 39-9-98 телефоны арқылы тіркеу орнына қоңырау шалып, учаскелік терапевтке жазылу.
Егер пациенттің дәрісі таусылып, жедел түрде рецепт қажет болса немесе терапевтке жазылу кезегін күтуге уақыты болмаса, емханада арнайы механизм іске қосылған. Тұрғындар №214 кабинетке тікелей жүгіне алады. Мұнда орта медициналық қызметкерлер (өзбетінше қабылдау жүргізетін медбикелер) отырады. Науқас соңғы алты ай ішінде өзінің учаскелік терапевтінің қарауында болған болуы керек және терапевт оның емдеу курсын немесе дәрі мөлшерін өзгертпеген болуы тиіс (пациенттің денсаулық көрсеткіштері турақты болса).
Сонымен қатар азаматтарға қағаз түріндегі рецепт талонын тасымалдаудың қажеті жоқ. Рецепт жазылған бойда ол eGov Mobile қолданбасындағы «Әлеуметтік әмиян» сервисіне түседі. Пациенттің телефонындағы «Дәрі-дәрмектер» бөлімінде белсенді рецепт пайда болады. Пациент емхана ішіндегі немесе тиісті дәріханаға барып, телефонындағы QR-кодты көрсетсе жетеді, фармацевт дәріні бірден босатады.
Дәрігер қабылдауына жазылу да мемлекеттік қызмет болып табылады. Емханада барлық жазылулар 39-9-98 бірыңғай колл-орталығы арқылы немесе «Damumed» мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылады.
Емханаға тіркелу тәртібі: қалай және қайда жүгіну керек?
Рудный қалалық емханасының аға медициналық тіркеушісі Камшат Шаухина тіркелудің барлық қадамдарын егжей-тегжейлі баяндап берді.
«Емханаға тіркелу – бұл азаматтардың кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті аясында алғашқы медико-санитариялық көмекті алуының басты негізі. Мемлекеттік қызмет толығымен тегін көрсетіледі», – деді Камшат Шаухина.
Маманның сөзінше, eGov Mobile қосымшасы арқылы емханаға тіркелу бірнеше қарапайым кезеңнен тұрады. Ең алдымен азамат қосымшаға электронды цифрлық қолтаңба немесе мобильді азаматтар базасы арқылы кіреді. Одан кейін «Денсаулық сақтау» бөлімінен «Медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдап, онлайн өтінім береді. Келесі кезеңде өтінімнің кім үшін рәсімделетіні көрсетіледі – азаматтың өзі немесе баласы. Бұдан соң Қостанай облысындағы медициналық ұйымдар тізімінен КМК «Рудный қалалық емханасы» таңдалады. Өтінім беру барысында тіркелу себебін көрсету қажет. Егер азамат басқа өңірден немесе елді мекеннен көшіп келген болса, «Көші-қон» себебін таңдайды. Ал емхананы өз еркімен таңдауды қаласа, «Еркін таңдау» тармағын белгілейді.
Егер азаматтың мобильді қосымшаны пайдалануға мүмкіндігі болмаса, ол жеке куәлігімен емхананың тіркеу бөліміне немесе бірінші қабаттағы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышына келіп, маманның көмегімен тіркеле алады.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО