Өрт шықпасын десеңіз…

Жылыту маусымы қарсаңында Рудныйда өрт қауіпсіздігі айлығы басталып, ТЖБ мамандары тілсіз жаудан қорғанудың амалдарын түсіндірді

15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында Рудный қаласында ел көлемінде бастау алған өрт қауіпсіздігі айлығы өтіп жатыр. Сондықтан жергілікті төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тұрғын үй секторында қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін кешенді жұмыстарды жүзеге асыруда.

Шара барысында Рудный қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері жеке сектордағы үйлерді аралап, қауіп төндіруі мүмкін негізгі факторларды зерделеп жүр.

«15 тамыздан бастап қаламызда және бүкіл республика бойынша өрт қауіпсіздігі айлығы ұйымдастырылуда. Бұл – жылыту маусымының алдында тұрғын үйлерде тілсіз жаудың шығу қаупін азайтып, азаматтардың өмірі мен мүлкін аман сақтауды көздейтін жыл сайынғы маңызды шара», – деп атап өтті Рудный қалалық ТЖБ инженері, кіші лейтенант Самрат Раимов.

Тексеру барысында мамандар түйткілді тұстарға баса мән береді. Мәселен, сымдардың бүтіндігі мен сапалы қосылуы, пештердің ақаусыздығы мен түтіндіктердің тазалығы, өрт сөндіруге арналған бастапқы құралдардың болуы, тез тұтанатын заттарды сақтау талаптарының сақталуы. Үй маңындағы телімдер де қатаң бақылауға алынған. Себебі жиналып қалған қоқыс пен кепкен шөп аптап пен желді күндері оттың тез таралуына түрткі болады.

Алдын алу шаралары барысында тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға ерекше көңіл бөлінеді. ТЖБ мамандары бұл санаттағы тұрғындардың тізімін жаңартып, қажетті көмек ұйымдастыруда.

«Рудныйда әлеуметтік жағынан әлсіз топқа жататын 324 отбасы есепте тұр. Аулаларды аралау барысында олардың көмірқышқыл газын анықтайтын арнайы дабылқаққышқа мұқтаждығы анықталады. Қажетті құрылғылар Рудный қаласы әкімдігінің қаржыландыруымен тегін орнатылады.

Улы газдың ауадағы мөлшері қауіпті шекке жеткенде дер кезінде белгі беретін бұл құрылғылар – жылыту маусымында адам өмірін арашалап қалудың тиімді тәсілі», – деп түсіндірді Самрат Раимов.

Төтенше жағдайлар мамандары тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтап, қарапайым сақтық шараларын күнделікті әдетке айналдыруға шақырады. Мамандардың айтуынша, өрттің алдын алу үшін әр адам өз үйіндегі қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарап, бірқатар маңызды талаптарды ескергені жөн. Ең алдымен, электр желісіне қосылған құрылғыларды, әсіресе жылытқыштар мен үтіктерді қараусыз қалдырмау қажет. Сонымен қатар электр желісіне шамадан тыс салмақ түсірмеу және қауіп төндіруі мүмкін қолдан жасалған ұзартқыштарды пайдаланудан бас тартқан дұрыс. Жылыту маусымы басталғанға дейін пеш пен түтіндікті тексеріп, тазалап, қажет болған жағдайда жөндеу жұмыстарын жүргізу де маңызды. Бұл жылыту кезеңінде өрттің шығу қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Мамандар аула мен бау-бақша аумағында қоқыс, құрғақ шөп пен өсімдік қалдықтарын жағуға болмайтынын да ескертеді. Сондай-ақ тез тұтанатын сұйықтықтарды тұрғын үй-жайлардың ішінде сақтамаған жөн. Үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін автономды өрт хабарлағыштары мен көмірқышқыл газын анықтайтын дабылқаққыштарды орнату ұсынылады. Мұндай құрылғылар қауіптің алғашқы белгілерін дер кезінде анықтап, тиісті шара қолдануға мүмкіндік береді.

Балалардың қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлу қажет. Оларды қараусыз қалдырмай, отпен ойнаудың соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін жастайынан түсіндіріп, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға үйрету маңызды. Төтенше жағдайлар мамандары қарапайым ережелерді күнделікті орындау өрттің алдын алуға және адам өмірі мен мүлкін қорғауға мүмкіндік беретінін еске салады.

Тексеру кезінде өрт қауіпсіздігін бұзу деректері анықталса, мамандар оларды жоюдың жолдарын көрсетеді. Ал өрескел заңбұзушылық орын алған жағдайда жауапты тұлғаларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылатыны ескертіледі. Дегенмен, бұл шаралардың негізгі мақсаты – айыппұл салу емес, ықтимал қайғылы жағдайлардың алдын алу. Электр сымдары мен пешті уақытылы тексеріп тұру – қауіпсіздіктің басты кепілі.

Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері қала тұрғындарын жүргізіліп жатқан рейдтік тексерулерге түсіністікпен қарауға шақырады. Тілсіз жау тап берсе немесе қауіп төнген жағдайда кідірместен 101 немесе 112 шұғыл желілеріне хабарласқан абзал.

«Апатты сөндіргеннен сақтанған әлдеқайда оңай. Сондықтан баспананы жылыту маусымына сапалы дайындау, сақтық ережелерін берік ұстану – ең қымбат құндылық, яғни адам өмірі мен денсаулығын аман сақтаудың жалғыз жолы», – деп қорытындылады ТЖБ инженері Самрат Раимов.

 

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО