Қазақстандағы жасанды интеллект және цифрлық экономика

Қазақстан жасанды интеллект саласындағы өңірлік орталыққа айналуды мақсат етіп отыр. Еліміздің цифрлық инфрақұрылымы қарқынды дамуда: мемлекеттік қызметтердің 90,3%-ы онлайн форматта қолжетімді, ал 2025 жылы IT-қызметтер экспортының көлемі 1,142 миллиард долларға жетті.

Елімізде екі суперкомпьютер және Alem.Cloud есептеу кластері жұмыс істейді. Сонымен қатар Екібастұз қаласында Data Center Valley деректер орталығының құрылысы жүргізілуде. Қуаттылығы 300 МВт болатын алғашқы кезеңін 2027 жылы іске қосу жоспарланған. Жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылым саласындағы халықаралық келісімдердің жалпы көлемі 10 миллиард долларға жетіп отыр.

Қазақстанға деген халықаралық қызығушылықты NVIDIA компаниясының басшысы Дженсен Хуангтың сапары да растайды. Қазақстандық мамандардың жетістіктерінің жарқын мысалы ретінде 400 миллион доллар инвестиция тартқан Higgsfield стартапын атап өтуге болады. Қазақстанда аталған жобаны дамыту бағытында 300-ден астам маман еңбек етуде.

Жасанды интеллект технологияларын өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы және логистика салаларына енгізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта еліміз ғылыми зерттеулерді дамытып, білікті мамандар даярлауға және отандық технологияларды қолдауға ерекше көңіл бөлуде.

Қазақстан Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы арқылы Еуропамен цифрлық байланысын да нығайтып келеді. 2030 жылға қарай IT-қызметтер экспортын 5 миллиард долларға дейін ұлғайту міндеті қойылған.

Еліміздің басты мақсаты – инвестициялар мен есептеу инфрақұрылымын отандық технологияларды дамытуға, еңбек өнімділігін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және цифрлық өнімдер экспортын ұлғайтуға бағыттау.