Абайдың үндегені – адал еңбек

«Еңбексіз өмір жоқ, ауырсыз жеңіл жоқ» — бұл әдемі мақал рудныйлық кәсіпкер Алмагүл Джанкабулованың өмірлік ұстанымына айналғандай. Өйткені осыдан 20 жыл бұрын кәсіпке бет бұрған кейіпкеріміз еңбекке деген адалдықты балаларының бойына дарытып келеді.

Алмагүл Қаерханқызы Қамысты ауданының тумасы. Өмірлік жары Сұлтанғали Төртбайұлы көп жылдар бойы «ССКӨБ» АҚ-да тарту агрегатының машинисті болып жұмыс істеген «Құрмет» орденінің иегері.

2000 жылдардың басында экономикамыз тіктеліп, еліміз дамудың даңғыл жолына түскенде кәсіпкерліктің де өрісі кеңейді. Азық-түлік тауарларының үлкен ассортименті қарапайым халыққа да қолжетімді болып, дүкеннің жаңа формасы – супермаркеттер пайда бола бастады. Осы тұста Джанкабуловтар отбасы да мүмкіндікті пайдаланып, дүкен ашты. Бертін келе кәсібін дөңгелетіп, талғампаз рудныйлықтардың сұранысын қанағаттандыра алатын «Пятерочка», «Пятерка», «Рахат» секілді супермаркеттер желісіне айналдырды. Бүгін бұл тізімге франчайзинг бойынша «Fix Price» та кіріп отыр.

– Кез келген істі бастау оңай емес. Әсіресе сауда-саттық саласында бәсекелестік жоғары, тыңнан түрен салып, сапалы өнім ұсынуың керексің. Сол себепті Абай атамыздың «Адал еңбек, терең ой, қанағат, рахым ойлап қой» деген сөзін басшылыққа алып, көп ізденіп, еңбектеніп дүкендерімізді жергілікті брендке айналдыруға тырыстық. Қазіргі таңда үлкен ұлым, жұбайым осы кәсіпте маған қолдау көрсетуде, – дейді бизнесвумен.

Алмагүл Қаерханқызы қайырымдылық шараларына да белсенділік танытып, көптеген отбасыларға жәрдемдесіп жүр. Бірақ жасаған жақсылығын жарнамалағанды жөн санайды.

Кейіпкеріміз бос уақытында спортпен айналысқанды ұнатады, 4 баласы мен 5 немересіне көңіл бөлуді де ұмытпайды. «Отбасылық демалыс – бұл да бір тәрбие құралы» дейді ол.

Айтпақшы, көктемнің алғашқы мерекесі қарсаңында Алмагүл Джанкабулова «Жыл әйелі – 2022» байқауында «Алтын сапа» аталымы бойынша марапатталды. Біз оған алға қойған мақсаттарының орындалуын тілейміз. Жасаған игі жұмыстарының сапасы ылғи да «алтын» болсын!

Айзат ИБРАГИМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *