Батыл айтқан батыр қыз

Біздің Ақсу-Қапалдан (Алматы облысы) Мамановтар деген әулет шыққан. Халық арасында Маман-Тұрысбек әулеті деп те атайды. Оның үстіне менің нағашы жұртым болады бұл әулет.

Қазақтың ірі байы, Алаш қозғалысының мүшесі, оқыған зиялы қауым өкілдерін қолдап, үнемі қаржылай демеушілік көрсеткен, 1899 жылы Жетісуда тұңғыш рет мектеп-медресе ашқан Есенқұл қажы Маманұлы (1880-1932) деген ардақты азаматтың Халида есімді қызы болған (1918-1977).

Халида Алматыдағы мединститутты бітірген дәрігер. 1928 жылы оның әкесі «Халық жауы» ретінде тұтқынға алынып, дүние-мүлкі, байлығы кәмпескеленіп, өзі 1932 жылы азапталып өлді.

Есенқұл айдауға кеткен бала-шағасы тоз-тоз болып, жан-жаққа босып, оқудан шығарылып, қиындық көрген-ді. Халиданың да тағдыры оңай болмады. Оны да тағдыр тезі талай рет сынға алған болатын.

Соғыс басталғанда мединститут бітірген Халида Маманова не лейтенант әскери шенін ала алмады. «Халық жауының» қызы ретінде Советтік қоғамның қысымын көп көріп, қоғамнан шектетілді. Сол кезде рухты қыз Сталинге хат жазған. Бұл – тарихи хат. Хатта: «Егер Халық жауы болсам, ендеше мені штрафротаға жіберіңіз. Тірі қалсам – менен және туыстарымнан барлық айыптарды алып тастауыңызды сұраймын», – деп жазған.

Соғысқа барып, ерлік көрсетіп, сонау Берлинге дейін барып келеді. Сонда тағы да Сталинге хат жазады. Хатында: «Нағыз «Халық жауы» мен емес, сен екенсің!» деп тікесінен айтады.

Халида апамыз өмірінің соңына дейін қазіргі Ақтөбе қаласындағы Мединститутта кафедра меңгерушісі, лаборатория жетекшісі, профессор қызметін атқарған болатын.

1977 жылғы 15 тамызда Болгарияға ғылыми жиынға барып, баяндама жасаған соң, теңіз жағасында құпия жағдайда өлім құшады. Туғандарына сүйегін ашқызбай, бірден жерлеттірген.

Заманында Сталинге де, Берияға да қарсы шыққан осындай батыр қыз болған. Ол – медицина ғылымының докторы, профессор. Ұрпақ сүймеді, жар құшағына бөленбеді. Оның әр күні азапқа толы болған-ды.

Алаштанушы жас ғалым

Елдос ТОҚТАРБАЙДЫҢ

Инстаграм парақшасынан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *