Соғыс ардагерлеріне құрмет

Қарттарын ардақтай білген елдің рухы үстем, шаңырағы биік. Шындығында да өсетін елдің өнегелі ұрпағы дария теңіз қариясын құрметтеп, кейуанасын сыйлауды әрқашан өмірлік қағида тұтқан.

Ендеше “Үйдегі қарияң – жазып қойған хатпен тең”, демекші қарттарын құрметтеген елдің ертеңі биік, мерейі үстем. Осындай дәстүрлі тәжірибеден тәлім алған Рудный қаласының әкімі Қуандық Испергенов соғыс ардагерлерін келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Алдымен шаһар басшысы жасы 97-ні алқымдаған Ілияс Екібаевтың үйіне атбасын бұрды. Ілияс Екібаев 2-дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Жапонияны жеңгені үшін» медалі, «Германияны жеңгені үшін» мерейтойлық медалі, Варшаваны азат еткені, Берлинді алғаны үшін медалі, 5-ші ереуіл армиясының наградалық белгісі, мерейтойлық медальдарының иегері. 1943-1949 жылдары Украина майданының 54-атқыштар полкінің құрамында ефрейтор шенімен ұрыс қимылдарына қатысқан. Бейбіт өмірде механизатор-комбайнер болып жұмыс істеді.

Қуандық Хайдарұлы батыр атамыздың қал-жағдайын сұрасып, Жаңа жылмен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Сондай-ақ, әкім тағы бір соғыстың куәгері Владимир Волковты келе жатқан мерекемен құттықтады. Ардагер «Отан соғысы» ордені, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» және «Батылдығы үшін» медальдарымен марапатталған. 1943 жылдан 1947 жылға дейін Украина майданында 24 артиллериялық полк пен 46 зениттік артиллерияда қатардағы жауынгер-артиллерист атағымен соғысқан. Бейбіт уақытта тың алқаптағы Қоржынкөлде еңбек етті.

Қала әкімі Қ.Х.Испергенов соғыс ардагерлерінің әңгімесін тыңдап болған соң оларға зор денсаулық, амандық және ұзақ өмір тіледі.

Айта кетейік, бүгінде қалада Ұлы Отан соғысының 7 ардагері, 20 мыңнан астам зейнеткер тұрады.

Айзат ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *