Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі. Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейіп келеді. Олардың қатарында қазақ тілін жетік меңгеруге ниетті Владислав Кузнецов та бар.
Владислав Кузнецов кілт жасау шеберханасында шебер боп қызмет етеді. Тілдік курсқа ең алғаш 4 ай бұрын келген. Ол жұмыс барысында әр ұлттың өкілдерімен сөйлесу кезінде қиындықтар туындаған соң тіл үйренуге шешім қабылдапты. Сөйтіп, алдыңа мақсат қойып, көптеген кітаптарды оқи бастайды. Кейін жаңалықтардан тегін тіл үйрету курстары жайлы біледі. Ол қазақ тілімен қоса ағылшын тілін де білуге құштар. Айтуынша, ой өрісті кеңейту үшін тіл меңгерудің пайдасы мол.
«Мен қазақ тілі курсына келгеніме 4 айдың жүзі болды. Қазірдің өзінде нәтижелер байқалады. Қоршаған ортамда қазақ достарым да жетерлік. Мәселен, Серік атты досым қазақ тілін үйренуге көмектеседі. Мұндай курстарға қатысуға адамдар міндетті деп санаймын. Себебі, елімізде мемлекеттік тілді білмейтін жандар өте көп. Өз басым тіл үйренем деп мақсат қойдым, көптеген кітаптарды сатып алдым, кейін жаңалықтардан әкімшілік ғимаратында тегін тіл үйрететін курс барын білдім. Қызығушылық танытып сұрағанымда мені бірден топқа жазды. Мен тіл үйрену қиын деп санамаймын, тек қана ниетің мен уақытың болса болғаны»,- деді шебер.
Айта кету керек, тілдерді оқыту орталығында курстардың барлығы тегін, аптасына 2 мәрте жүргізіледі. Сабақтардың өту уақыты 1 сағатқа шақталған. Бүгінгі таңда олар 18 жастан бастап зейнет жасындағы тұрғындарды оқытуда. Оқыту курстары: деңгейлік курстар, қысқа мерзімді курстар және биылдан бастап ресми іс-қағаздарды жүргізу курстары болып бөлінеді. Сонымен қоса, 2021 жылы қазақ тілін еркін форматта үйрететін «Сөйлетайм» курсы да ашылған. Биылғы жылы бұл жоба өз жалғасын табуда.
«Бүгінгі таңда орталықта мемлекеттік тілді, ағылшын тілін және орыс тілін тегін оқыту курстары бар. Аталмыш курстарға қала тұрғындары, сондай-ақ халыққа қызмет көрсететін мекемелердің қызметкерлері қатысып, білім алуда. Жалпы алғанда орталықта 700-ға жуық тыңдаушы бар. Курсты аяқтағандарға міндетті түрде сертификат беріледі. Мемлекеттік тілді 3 жыл көлемінде оқытамыз. 2021 жылдан бастап қысқа мерзімді курстарды да ұйымдастырып жатырмыз. Яғни, 48 сағаттық, 72 сағаттық курстар. Көбінесе мұнда мекемелердің хатшы референттері, іс жүргізушілер секілді құжатпен айналысатын мамандар оқиды. Ал ағылшын тілінде қысқа мерзімді курстар жоқ. Сонымен қатар, пандемия кезінде онлайн оқытқан кездеріміз де болған. Кейбір мекемелер әлі күнге дейін қашықтан оқытуды сұрайды. Егер адамдардың тіл үйренсем деген ниеті бар болса, онда біз осы жағын да қарастыруға тырысамыз», – тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары Жанат Досубаева.
Рудный қалалық тілдерді оқыту бөлімі 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Негізгі бағыты – мемлекеттік, ағылшын, орыс және этнос өкілдеріне өз ана тілін оқыту. Жалпы орталық Рудный қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жылдық жоспарына сәйкес мемлекеттік тілді насихаттауға және қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған ауқымды іс-шараларды атқарады. Мәселен, көшеде ілініп тұрған көрнекі ақпараттың заңға сәйкестігі, оның дұрыс стилистикалық, грамматикалық қатесіз жазылуына мән береді. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді насихаттау, оның қолданыс аясын кеңейту мақсатында да жұмыстар жүргізіледі.
Арай Марат