Балалық шағымның кітабы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес орта мектептерде «Оқуға құштар мектеп» жобасы жүзеге асырылуда.

Осыған байланысты мектеп кітапханаларында жұмыс жоспарына және «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасына сәйкес, оқушылардың оқу сауаттылығын қалыптастыру және отбасылық оқу мәдениетін дамыту бойынша іс-шаралар ұдайы өткізіліп тұрады.

Жобаның маңызды міндеттеріне балалардың білім көзі ретінде кітапқа деген көзқарасын қалыптастыру, отбасылық оқу дәстүрін қалпына келтіру, кітапқа деген құрмет сезімін тәрбиелеу жатады.

Мектеп кітапханасы  түрлі жаңа әдіс-тәсілдер мен формаларды қолдана отырып маңызды, қызықты  іс-шара ұйымдастыру барысында оқушылармен танымдық әңгімелер, мерейгер-жазушылар кітаптарына шолу өткізеді. Бұл іс-шаралар оқырмандардың қоғамдық белсенділігін арттырып, кітап мәдениетіне баулиды.

Атап айтар болсақ,  «BOOKCROSSING» — өзара кітап алмасу акциясына арнайы орын белгіленіп, оқырмандар жыл бойына оқыған кітаптарымен алмасып отырады. Кітап оқуға шабыттандыратын жобалардың бірі «READx» жобасында оқушылар мен оқытушылар өз оқыған кітаптарын бейнебаян арқылы оқырманға насихаттайды.  «Кітап оқу уақыты» белгіленіп, әр күні  мектеп ұжымы мен оқушылар 15 минут уақытын кітап оқуға арнайды. Сонымен бірге, әртүрлі салада жетістікке жеткен тұлғалармен кездесулер ұйымдастырылады. Сондай іс- шаралардың бірі — мектепте өткізіліп жатқан «Book Dating» формасында айма-ай өткізіліп жатқан «Балалық шағымның кітабы» атты іс-шара.  Бұл шарада қаламызға танымал, еңбек жолында зор жетістікке жеткен тұлғалар, өздерінің бала кезде сүйіп оқыған, жетістікке жетуіне себепші болған, шабыттандырған  шығармаларын оқушыларға оқып беріп, ой бөліседі.

Ең алғаш бұл іс-шараның тұсауын мектебіміздің директоры, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Үздік педагог» конкурсының жеңімпазы  Гулжазира Смагулова кесіп, оқушыларға балалық шағында сүйіп оқыған ертегісін оқып берген болатын.

Бұл жолғы қонағымыз Қостанай облысының танымал тұлғасы, мемлекеттік қызметтер ардагері, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі, тіл жанашыры, зейнеткер ұстаз Жақсылық Какенов болды.

Жақсылық Какенұлы оқушылырға ұлы ғұламалар мен ойшылдар, ғалымдар мен педагогтердің  кейінгі ұрпаққа өсиет ретінде жазып қалдырған кітап туралы айтқан қанатты сөздері мен пікір-пайымынан  мысалдар  келтіре отырып бала кезінде оқыған кітаптарымен таныстырып, кітапхана мен кітаптың пайдасы және оны  оқудың маңыздылығы туралы нұсқаулық берді. Білімге құштар, кітап сүйер қауымға  оқығаныңды ыждаһаттылықпен түсініп қабылдау, көңілге түю, жадыңда сақтауға деген ой-пікірлерімен және  көптеген кеңестерімен бөлісті.

Сондай – ақ, жас буынға Отанға адал болу, ұлттық өнер мен мәдениетті, әдебиет пен тілді құрметтеуге, салт-дәстүрді, атадан қалған рухани мұраны сақтау, білім мен техниканы дамуына үлес қосатын еңбекқор азамат болу керектігін да тілге тиек етті.

Оқушылыр да өздері тарапынан ұстаздың өмірі мен еңбек жолы туралы сұрақтар қойып зейнеткер ұстаздың өмірбаянымен танысты. Сонымен қатар, Жақсылық Какенұлы мектеп кітапханасына Ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының асыл-қазыналы, құнды кітабы мен Алаш ардақтысы жайлы жазылған естеліктерді сыйға тартты.

Г.СЕРИКБАЕВА,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ЖББМ кітапханашысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *