Мөлдір Айтимова: «Баланың қажеттіліктері көп»

Әлеуметтің әлеуетін арттыру мақсатында жолдауда бірнеше бағыттар айтылды. Соның бірі — бала күтіміне қатысты төлем. Осыған дейін жәрдемақы бала бірге келгенше беріліп келген еді. Енді 1 қаңтардан бастап жөргекпұл бірден 1,5 жылға тағайындалады. Мұны естіген екі баланың анасы Мөлдір Айтимова да дән риза.

Мөлдір Айтимова 6 айға созылған жәрдемақы аналарға мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен көмек деп есептейді. Қазіргі таңда оның екі кішкентай ұлы бар. Осы уақытқа дейін Мөлдір Айтимова тілдерді оқыту орталығында жұмыс істеді. 2020 жылы тұңғыш ұлын дүниеге әкеліп декреттік демалысқа шыққан. Бұл кезеңде бала күтіміне берілетін жәрдемақы ұлы бір жасқа келгенше төленіпті. Ал, 2022 жылы ол екінші баласын дүниеге әкелгенде, жолдауда айтылған оң өзгерістерді естіп, қуанғанын жасырмады.

«Бүгінгі таңда екі баланың анасымын. Бірінші баламды дүниеге әкелгенімде жәрдемақы 1 жыл төленді. Дегенмен, баланың қажеттіліктері көп қой. Жөргегі, қосымша тамағы, заттары, киімдері және т.б осының барлығына өте көп қаражат керек. Ал, екінші баламды туғанымда осы жолдаудағы жәрдемақының 1,5 жылға созылғанын естідім. Бұл қуанарлық жәйт. Бұл мен секілді үйде отырған аналар үшін,әсіресе, екі баласы қатар өсіп келе жатқан аналар үшін үлкен көмек. Өйткені, бала 1,5 жаста шамалы аяққа тұра бастайды, одан кейін өзіміз де жұмысқа шыға бастаймыз», –  деді жас ана.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2020 жылы елімізде 400 мыңнан аса бала дүниеге келген. 2021 жылы жаңа туған нәрестелер саны рекордты жаңартып, бірден 446,5 мың балаға жетті. Алайда 2022 жылдың қаңтар-тамыз айларында дүниеге келген бүлдіршіндер саны 260 мыңнан асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 11%-ға аз.

Аналарға негізінен екі түрлі жәрдемақы қарастырылған. Бірі – бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы, ал екіншісі – бала бір жарым жасқа келгенше төленетін әлеуметтік төлем. Ал егер әйел осы уақытқа дейін жұмыс істеген болса, біржолғы декреттік төлем алуға құқылы. Ол жүктілік пен бала босануына байланысты табысынан айырылғаны үшін беріледі. 2023 жылы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері (АЕК – 3450 теңге): бірінші балаға 5,76 АЕК, немесе 19 872 теңге; 2-ші балаға 6,81 АЕК, немесе 23 495 теңге; 3-ші балаға 7,85 АЕК, немесе 27 083 теңге; 4 және одан да көп балаға 8,90 АЕК немесе 30 705 теңгені құрайды. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне кіретін жұмыс істейтін әйелдер үшін бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшері соңғы 2 жылдағы орташа айлық табысының 40 пайызын құрайды.

Мемлекет президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында декреттегі аналардың жәрдемақы алу мерзімін ұзартуды тапсырған еді. Соған сәйкес, бала күтіміне берілетін жәрдемақы бір жастан бір жарым жасқа дейін ұлғайтылды. Жаңашылдық биыл босанған барлық әйелдерге де, 2022 жылы декреттік демалысқа шыққандарға да қатысты.

Арай Марат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *