Саяси науқанға санаулы күндер қалды. 19 наурыз күні Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Елімізде жастар сайлау процесіне белсенді араласады ма? Алдағы болатын сайлаудың артықшылықтары қандай? Олимпиадалар мен ғылыми-практикалық конференциялардың жүлдегері, №1 Қашар орта мектебінің мұғалімі Жадыра Махрубаевамен тілдескен едік.
«Біз бір ел, бір халық болып, Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Осы жолда түрлі сын-қатерді еңсеріп, көптеген маңызды міндетті бірге атқаруымыз керек. Мен баршаңызды азаматтық жауапкершілік танытып, мәжіліс пен мәслихат сайлауына белсене қатысуға шақырамын»
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан демократиялық өзгерістердің жаңа дәуіріне аяқ басты. Елімізде қарқынды және жан-жақты жаңару процесі жүріп жатыр. Келесі сайлаудың өтуіне аздаған күндер қалды. Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2023 жылдың 19 наурызында өтеді. Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізімдер бойынша, ал 30 пайызы мандатты округтер бойынша сайланбақ.
«Сайлау – бұл жаңа бастамалар және жаңа өзгерістер, әрбір кандидаттың ойындағы жаңа мүмкіндіктерді ел болашағымен байланыстыру деп қарастыруға болады. Елінің қамын жеген өз ертеңін ойлайтын әр азамат сайлауға бару керек. Бұл Қазақстан Республикасында тұрып жатқан әрбір жанның азаматтық борышы. Себебі, біз сайлауда тек дауыс беріп қана қоймай, өз болашағымызды таңдаймыз. Ертеңгі күні өкінішті жағдайларға ұшырамас үшін бұгін дұрыс таңдау жасауымыз қажет», — деді №1 Қашар орта мектебінің мұғалімі Жадыра Махрубаева.
Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Яғни депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Сайлауды өткізу және оған қатысу демократия құралдарының бірі екенін атап өткен жөн. Мәжіліс сайлауында әр азамат кімге дауыс беретінін өзі шешеді.
«Сайлаудың ерекшелігі әрбір кандидат өзін ұсынуға құқылы болуы, ол бізге елі үшін алаңдайтын жаңа тұлғалардың билік басына келуіне мүмкіндік береді. Елдің тұтқасын ұстауға лайықты азаматтарымыз өзінің кандидатын ұсынғанына дән ризамын. Жастар еліміздің болашағы демекші, Жаңа Қазақстанда сайлауға түсіп жатқандардың көбі дерлік – жастар. Мұның өзі жастардың саяси сауатының артқанын көрсетеді. Сол себепті жастар сайлау процесіне белсене араласады деп нық сеніммен айта аламын», — деді Жадыра Махрубаева.
Қазақстанның 18 жасқа толған әр азаматы тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы. Бір адам бір дауысқа ғана ие. Азамат дауыс беру үшін сайлаушылар тізімінде болуға тиіс. Сайлау учаскесіне келгенде жеке куәлігін (eGov қосымшасындағы цифрлық құжат жарамды) не паспортын көрсетуі қажет.
Арай Марат