Бағдарламаның жастарға берері мол. Қолында дипломы бар маман жоба аясында 1 жылға дейін тәжірибе жинақтайды. Кейін сол жерде жұмысқа қалуына болады. Бағдарламаға қатысушылар ай сайын 30 АЕК – 103 жарым мың теңге көлемінде жалақы алады.
Шаһарымызда 17 адам «Жастар тәжірибесіне» бекітілген. Қазір кәсіпорындардан есепшілерге, заңгерлерге, экономистерге, аспаздарға, кондитерлерге көптеген өтініштер келіп түседі. Сондай-ақ жұмысшы мамандықтары: механиктер, автослесарлар, токарларға да сұраныс жоғары. Жастар тәжірибесі бойынша жұмыс істеу мерзімі — 12 ай
«Бұрын «жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша колледждерді, орта арнаулы жоғары оқу орнын 3 жыл бұрын бітірген түлектерді қабылдайтын болсақ, қазір 5 жыл ішінде бітірген түлектерді қабылдаймыз. Түлектер өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Дипломы жоқтарды да жұмыс берушілерге жібереміз. Олар жұмысқа орналасып, тәжірибе жинақтайды», — деді мансап орталығының маманы Зульфия Байженова.
Ғалымхан Оралхан «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жұмыспен қамтылған. Қазір ол «Арасан» ЖШС-нің Рудный филиалында тәжірибеден өтуде.
«Қазір іс-қағаздар бөлімінде жұмыс істеймін. Тәжірибеден өту уақытым – 1 жыл. Осы компанияға 2023 жылдың 6 наурызы күні келдім. Жұмыс уақытым 2024 жылдың 6 наурызына дейін жалғасады. Мен компаниядағы қызметкерлерді жұмысқа қабылдаймын, 1С бағдарламасымен жұмыс істеймін, өтініштер, қаулылар және т.б. құжаттармен айналысамын. Сондай-ақ құжаттарды түгендеу, тігу және оларды мұрағатқа салумен жұмыс істеймін. Болашақ жастарға сенемін және оларға мемлекеттен қолдау барын, өздеріңізге қалаған мамандықтарыңыз бойынша жұмыс істеуге болатынын айтқым келеді», — деді Ғалымхан Оралхан.
Оралханның бұл алғашқы жұмыс орны. Оқу бітіргелі 2 жыл. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң орталықтың көмегімен жұмысқа орналасты. Жас маман жөнінде әріптестері де оң пікірін білдірді.
«Оралхан жастар тәжірибесі бағдарламасы бойынша келді. Жұмысқа тиянақты, ұқыпты бала. Біз оны барынша үйретіп жатырмыз. Қазіргі таңда сауда үйінде автослесарь аталмыш бағдарламамен жұмысқа орналасты. Жастарды жұмыспен қамтып отырамыз», — деді кадрлар жөніндегі маман Гүлбаршын Есмагулова.
Жастар практикасының негізгі мақсаты – еңбек өтілі жоқ жастарға өз мамандығы бойынша тәжірибе жинақтауға көмектесу. Бағдарламаға қатысуға ниетті жастар тіркелген мекенжайы бойынша жұмыспен қамту орталықтарына жүгіне алады. Бағдарлама талабына сай, қатысушының жасы 35-тен аспауы тиіс және «жұмыссыз» мәртебесі болуы шарт.
Зерде Жеңіс